Урбанистиканың алғашқы түлектері
2019 жылы АlmaU университеті урбанистика орталығын құрып, мамандар даярлай бастады. Биыл олардың алғашқы түлектері, яғни 13 студент көпшілік алдында диплом жұмыстарын қорғап шықты.
Урбанистика орталығы директорының орынбасары Айнұр Жұбанованың айтуынша, Қазақстан нарығында алғаш рет урбанистика бағдарламасы 2019 жылы пайда болды: «Ол кезде мұндай бағдарлама жоқ еді. Қазір Алматы мен Астанада урбанистикаға байланысты бағдарламалар ашу тенденциясы жүріп жатыр. Біз тәжірибеге негізделе отыра жасалған әдіспен жұмыс істейміз. Оқытушылардың 90 пайызы - осы индустрияда тәжірибесі бар адамдар. Урбанистика орталығының директоры Зарина Дәулетхановна екеуміз бағдарлама құрған кезден-ақ осыны көздедік. Ғылыми зерттеу институтында жұмыс істеп жүрген кезден бұл істі қолға алдық. Яғни, жұмыс істеп жүріп алған білімімізді бағдарлама құру барысында негізге алдық.
Урбанист дегеніміз кім?
Урбанизм – қала дамуын зерттейтін ғылым. Ол қалаларды дамыту, адамның өмір сүруіне қаланы қолайлы ету үшін гуманитарлық, әлеуметтік және техникалық ғылымдардың жетістіктерін жинақтайды. Елімізде урбанистика аса танымал емес. Бұл ғылымды үйренетін адамдар «урбанистер» деп аталады.
«Урбанистика және сити менеджмент» бағдарламасының студенттері 3 жыл білім алады. Олар бірінші курстан-ақ еліміздің инфрақұрылым мәселелерін зерттеп, шешу жолдарын іздейді. Урбанистика және қала басқару мамандығы түлегі Дамир Аманбек былай дейді:
Мамандық ерекшелігі – қала басқару ережелерін білу. Ондағы өзгерістерді қалай жасау керек, қала тұрғындарына қалай оңтайлы жағдай ұйымдастыру керек.
Дамир Аманбек, Урбанистика және сити менеджмент түлегі
Урбанистика және сити менеджменттің 3 курс студенті Дінмұхамед Ушпаев:
Урбанистика - техникалық тұрғыдан сипаттағанда түрлі жүйелердің өзара қарым-қатынасы. Шындығында бұл әлдеқайда кең ұғым, ол ең алдымен, адамдарға қатысты бағыт. Қаланың негізгі бөлігін кім, не құрайды т.б сұрақтарға жауап береді.