ҚР-дың жоғары білім беру саласы: реформалау қажет пе, қалдыру керек пе?
Қазақстан әлемнің бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына кіруге арналған стратегиялық мақсатын тек экономиканы дамыту арқылы іске асырмайды, ең алдымен білім беру жүйесін дамыта отырып, оған адами капиталдың сапасын жақсарту арқылы қол жеткізе алады. Осы мақаламызда біз білім беру жүйесін реформалау бойынша бірқатар шараларды ұсынамыз. Алайда, аталмыш сала туралы қалыптасқан «дақпырттар»жоғары білім мәселелерін түсінуге және оны шешу жолдарын көрсетуге кедергі келтіреді. Алдымен соларды қарастырып алсақ.
Қазақстан білімі туралы дақпырттар. Бірінші дақпырт. Елде студенттер саны тым көп. 2018-2019 оқу жылында Қазақстандағы студенттер саны халықтың жалпы санының 3% – ын ғана құрады, ал АҚШ-та, мысалы, бұл көрсеткіш 6,3 %[1] – ды (1- кесте) құрайды. 1- кесте – Студенттер саны.
Көрсеткіштер | АҚШ | Малайзия | Франция | Ресей | Қазақстан | Қытай |
Студенттер саны | 20.5 млн. | 1.25 млн. | 2.68 млн. | 4.4 млн. | 0.54 млн. | 37 млн. |
Халықтың жалпы санынан студенттер үлесі | 6,3% | 4,0% | 4,0% | 3,0% |
3% | 2,8% |
2 -дақпырт. Қазақстанда ЖОО-ның саны шамадан тыс көп. 2018-2019 оқу жылында Қазақстанда 1 млн. тұрғынға 7 жоғары оқу орнынан келді. АҚШ-та 1 млн. тұрғынға ЖОО-ның саны екі есе көп келеді: Екінші кесте – ЖОО саны.
Көрсеткіштер | Малайзия | АҚШ | Франция | Ресей | Қазақстан | Қытай |
ЖОО саны | 494 | 4360 | 562 | 1171 | 124 | 2596 |
1млн. тұрғынға шаққандағы жоғары оқу орнының үлесі | 16 | 13 | 9 | 8 | 7 | 2 |
Сонымен қатар, университеттердің елдің экономикалық дамуына ықпал ететіндігі дәлелденді және олардың саны неғұрлым көп болса, олар соғұрлым дәуірлей түседі. Мысалы, Ұлыбританияның Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросының мәліметтері бойынша университеттер санының артуы аймақтағы жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің 4%-ға өсуіне алып келеді [1].
Үшінші дақпырт. Қазақстандағы білім беру жүйесі тиімді емес. Білім беру жүйесінің тиімділігі немесе тиімсіздігі туралы айтар кезде, осы саланы қаржыландыру көлемін, халықаралық рейтинг нәтижелеріне қатысты көрсеткіштерге назар аударсақ. 3 – кесте. Білім беруді қаржыландыру көлемі мен БҰҰДБ рейтингі арасындағы қатынас.
Көрсеткіштер[2] | Франция | АҚШ | Малайзия | Қытай | Ресей | Қазақстан |
Жалпы ЖІӨ [3]–ден білім беруге бөлінетін мемлекеттік шығыстардың үлесі
| 5,5 % | 5 % | 4,8 % | 4,2% | 3,8 % | 3,3 % |
1 студентке бөлінетін мемлекеттік қаражат сомасы, АҚШ долл. (бағалау) | 55 732 | 49 156 | 13 224 | 12 714 | 11 955 | 8 819 |
БҰҰДБ[4] білім беруді дамыту рейтингінде алатын орны
| 24 | 8 | 80 | 108 | 34 | 39 |
Көріп отырғандарыңыздай, Қазақстан бір студентке шамамен 9 мың доллардан қаржы бөле отырып, соншалықты артта қалмағандығын, тіпті бірқатар елдермен салыстырғанда алда келе жатқанын байқаймыз. Қазақстандағы білім беру мен қорғаныс саласын қаржыландыруды салыстырайық. 2020 жылға қарай қорғанысқа жұмсалған қаражат шамамен 160 миллиард теңгені құрады, ал жоғары білім беруге жұмсалған қаржы – небәрі 10,5 миллиард теңге болды (айырмашылығы 15,3 есе). Ал әлемдік статистиканы алатын болсақ [2], дамушы елдер қорғанысқа емес, білім жүйесін дамытуға көбірек ақша жұмсайтындығын көрсетеді. Малайзия қорғаныс саласына $ 3,47 млрд, ал білім беруге $ 45,4 млрд жұмсайды – бұл 13.1 есе көп. Оңтүстік Корея қорғаныс саласына 43,1 миллиард доллар, білім беруге 349,2 миллиард доллар бөледі – бұл 8 есе көп. Грузия қорғаныс үшін 0,33 миллиард доллар, білім беруге 1,71 миллиард доллар жұмсайды – бұл 5,2 есе көп. Қазақстан қорғаныс саласы үшін 1,57 миллиард доллар, білім беруге 5,1 миллиард доллар жұмсайды – бар болғаны 3,2 есе көп (4 – кесте). 4 – кесте. Мемлекеттер бойынша білім беру мен қорғаныс саласын қаржыландыруды салыстыру.
2018 | |||
Елдер | Қорғаныс саласына жұмсалған шығындар | Білім беру саласына жұмсалған шығындар | Жұмсалған шығындардың коэффициенті |
Малайзия | 3,47 млрд $ | 45,4 млрд $ | 13,1 |
Оңтүстік Корея[5] | 43,1 млрд $ | 349,2 млрд $ | 8,1 |
Грузия | 0,33 млрд $ | 1,71 млрд $ | 5,2 |
Қазақстан | 1,57 млрд $ | 5,1 млрд $ | 3,2 |
Білім сапасы туралы. Мұндай шығындардың теңгерімсіздігі білім сапасына әсер ете ме? Оны өздеріңіз пайымдарсыздар. PISA-2018 (мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын тексеру) нәтижелері бойынша ЭЫДҰ елдері мен Қазақстанның орташа көрсеткіштері арасындағы алшақтық едәуір артқан[6]. Бесінші кесте. PISA нәтижелері – 2015, 2018.
PISA рейтингі (9 және 10 сынып оқушылары) | Қазақстан | Қазақстан | ЭЫДҰ | |
2015 | 2018 | 2015 | 2018 | |
математикадан сауаттылығы (600-ден) | 460 | 423 | 490 | 489 |
жаратылыстану бойынша (1000-нан) | 456 | 397 | 490 | 489 |
оқу сауаттылығы бойынша (600-ден) | 427 | 387 | 493 | 487 |
Басқа рейтингтерде алған орындары туралы айтсақ. Қазақстан The world’s largest ranking of countries and regions by English skills рейтингінде 100 қатысушыдан 93-ші орында тұр. Сонымен қатар мектеп оқушыларының TIMSS-2015 математикалық және жаратылыстану ғылымдары білімінің сапасын бағалау нәтижесі бойынша қалалық және ауылдық [2] білім көрсеткіштерінде 29-37 балға дейін үлкен алшақтық сақталып келеді.
1 – сурет. TIMSS-2015 нәтижесі. PISA (2009, 2012, 2015, 2018) және TIMSS (2007, 2011, 2015) қорытындылары бойынша өңірлер, аймақтар (қала-ауыл), оқыту тілі мен отбасының әлеуметтік –экономикалық жағдайы бойынша мектептерде білім беру сапасында үлкен айырмашылық сақталып келеді. Сондай-ақ, аймақтар бойынша PISA-ның ең төменгі және ең жоғары көрсеткіштері арасындағы айырмашылық үш жылдық оқу мерзіміне [7] сәйкес келеді. Бұл дегеніміз, бір облыстағы 9-шы сынып оқушыларының білімі басқа аймақтың 9-сынып оқушыларының білім деңгейінен үш жылға артта қалуы мүмкін екенін көрсетеді.
Трендтерді ауыстыру. Қалыптасқан жағдайды түзету үшін төмендегідей ұсыныстарымыз бар: жоғары білімді әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар үшін қол жетімді ету: Қазақстанда гранттарды бөлу кезінде біз студенттің оқу үлгеріміне ғана қараймыз («merit-based system»), оның отбасының қаржылық жағдайын ескермейміз. Сондықтан гранттарды бөлу кезінде әлеуметтік-экономикалық факторларды («need-based system») ескеруді ұсынамыз. Шетелдік тәжірибеде талапкердің отбасының орташа жылдық табысы неғұрлым төмен болса, оның соғұрлым қаржылық көмекті көбірек алуға құқығы бар (АҚШ, Бельгия және тағы басқалар) [8].
Қазақстанда 2018-2019 жылдары студенттердің 30% -ы мемлекеттік грантта оқыды (2-сурет). 2015 жылмен салыстырғанда 2019 жылы мемлекеттік гранттар саны 67% -ға өсті. Сонымен бірге, қала мен ауылдағы білім көрсеткіштері арасында айырмашылық бар екенін көреміз (6-кесте), сондықтан халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына арналған гранттардың санын ұлғайту үшін гранттарды бөлу жүйесін өзгерту керек. 2 – сурет. Ақылы бөлім мен грантта оқитындар саны.
6- кесте. Қала мен ауылдағы көрсеткіш, 2019
Көрсеткіш | Ауыл | Қала | Айырмашылық |
Орташа есеппен жан басына шаққандағы кіріс | 549 943 | 794 480 | 44% |
Несие беру – бұл тәсіл бүкіл әлемде мойындалған, бұл табысы әртүрлі отбасылар үшін жоғары білім алуға мүмкіндік беретін құралдардың бірі. Мысалы, Ұлыбританияда білім беру несиесі бойынша мөлшерлеме 2% -дан аспайды, сәйкесінше 100 студенттің 94-і оқу үшін мемлекеттік несие немесе мемлекет кепілдік берген несие алады. Олар оны, әдетте, оқу аяқталғаннан кейін қайтарады, ал әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан студенттер несиенің бір бөлігін ғана қайтарады (7 – кесте). Қазақстанда 100 студенттің 1-еуі ғана студенттерге арналған несие алады.
«МАК» АҚ. Грантты тағайындау моделін үміткердің табысы мен кәсіби қабілетін ескере отырып әзірлеу. Жетінші кесте. Әртүрлі елде жоғары білім алу үшін берілетін несиенің түрлері
Ел | Мөлшерлемесі | Барлық студент (2018-19) | Несие /қарыз/субсидия алған студенттер саны(%) |
АҚШ | 4 – 8% | 20,5 млн. | 74% |
Ұлыбритания | 2% -дан аспайтын | 2,4 млн. | 94% |
Швеция | 1,5–2 % | 0,40 млн. | 45% |
Германия | 0% аз қамтылған отбасылардан шыққан студенттер несиенің жалпы сомасының жартысын ғана қайтарады | 2,86 млн. | 18,2% |
Қазақстан: ForteBank, Нұрбанк, Тенгри банк, Қаржы орталығының кепілдемесі бойынша Ресей Сбербанкі | 10% – 20% -дан | 542 458 | 1%-дан төмен |
Қазақстанда мемлекеттік білім беру несиесін Қаржы орталығының кепілдемесі бойынша екінші деңгейлі 4 банкке 10-20%-дан және одан да жоғары мөлшерлемемен береді. Осыған қарамастан, қаржыландырудың бұл тетігінің шарттары тартымды болмағандықтан бұл несие түрі сұранысқа ие емес. Нәтижесінде, жоғары оқу орындарына түсе алмаған әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан балалар қалаларда қалып қояды, тұрақты жұмыс орындарына ие бола алмай, біліктілігін арттыруға мүмкіндігі болмай қалады. Бұл қалаларда наразылық білдіруші әлеуметтік топтың қалыптасуына негіз болады. Оған мына мәліметтер дәлел: 2018 жылы Қазақстан Республикасындағы өңірлердегі (ішкі) мигранттардың тең жартысы 18-24 жас аралығындағы адамдар, яғни ресми білім алуға әлеуетті жастар: 89082 адам.
Әлемдік тәжірибеге сүйенсек. Шет мемлекеттердің тәжірибесін ескере отырып, біздің халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін жоғары білімді қол жетімді етуге арналған төмендегідей ұсыныстарымыз бар: Гранттар беру кезінде студенттердің үлгерімін ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық факторларды да ескеру керек («need-based system»). Табысы жоғары отбасынан шыққан талапкерлер грант алмауы керек. ҰБТ-ның шекті балы – 50 балды еңсерген жағдайда, отбасының табысы төмен барлық талапкерлерге гранттар берілуі керек (мысалы, Ұлыбританияның жетекші университеттері, соның ішінде University of Oxford және University of Cambridge, 2020 жылдан бастап алдағы бес жыл ішінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан студенттердің үлесін 7% -ға дейін көбейтуді жоспарлап отыр *).
Шет мемлекеттердің тәжірибесіне сүйене отырып, төмен және орташа табысы бар отбасылар үшін жоғары білімді қол жетімді ету үшін білім беру несиелерінің жеңілдетілген жүйесін енгізу. Егер мемлекеттік гранттарды академиялық жетістіктерге қарамастан, қажеттілік деңгейіне қарай бөлетін болса, онда жоғары біліммен қамту деңгейі артады, гранттық жүйе «әлеуметтік серпіліс» берер еді (Қазақстанда 2018 жылғы мәліметтер бойынша, экономикалық белсенді халықтың 26% -ның жоғары білімі бар. ЭЫДҰ орташа көрсеткіші – 39%).
Жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін қалай арттыруға болады? Білім сапасын арттыру – бұл елді дамытудың маңызды факторы. Білім сапасын жақсарту үшін төмендегідей жағдайлар іске асырылуы қажет: Оқыту парадигмасын өзгерту: құзыреттілікке негізделген тәсілден жеке тұлғаға бағытталған оқытуға ауысу. Әлихан Бөкейхан айтқандай: «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден»; ЖОО арасындағы бәсекелестікті дамыту; интернационалдандыру деңгейін жоғарылату. Университет тек мамандықты үйретіп қана қоймай, ҮЙРЕНУГЕ ҮЙРЕТЕТІН болса, жеке тұлғаға бағытталған оқыту іске асырылады. Бұл студентке тек мамандық беру ғана емес, өмірлік бағыт-бағдар, дүниетаным, құндылықтар береді (өмірді үйретеді). Біз бәсекелестік пен интернационалдандыру қағидаттарына нақтырақ тоқталамыз.
Бәсекелестік: тұншықтырмай, демеу беру. Жоғары оқу орындары арасында “Адал бәсекелестікті” қалыптастыру мүмкін, егер: мемлекеттік университеттерде патернализм болмаса (біз университеттерді мемлекеттік және жекеменшік деп емес, сапасы жағынан «жақсы» және «нашар» деп бөлеміз). Университеттерді оңтайландырудың ашық және тиімді құралдарын енгізсек (соның ішінде мемлекеттік те), олар жыл сайын қайта қаралып және жаңартылып отырса. ҚР БҒДМБ тұжырымдамасында (білім мен ғылымды дамытудың 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы) қазақстандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға басымдық берілген. Демек Қазақстандағы университеттердің бәсекелестігін арттыру үшін университеттерді 3 лигаға бөлетін мемлекеттік бағдарлама қабылдағаны жөн. Салыстыру үшін айтатын болсақ: Ресейде 5/100 бағдарламасы қабылданды, Қытайда – Double First Class University Plan жоспары бар.
8 – кесте. Жоғары оқу орындарының бәсекелестігін арттыру бағдарламасы.
Критерийлер: | Бірінші лига: «Халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті» | Екінші лига: «Ұлттық деңгейде бәсекеге қабілетті» | Үшінші лига: «Өңірлік деңгейде бәсекеге қабілетті» |
Жоғары оқу орындары | ұлттық және мықты жекеменшік университеттер (10-15 ЖОО) | ұлттық, өңірлік университеттер және мықты жеке университеттер (20 ЖОО)
| барлық басқа қалған жоғары оқу орындары (90-95 ЖОО) |
Лига қатысушыларының 2025 жылға қарай көрсететін нәтижелері | -5 ЖОО – әлемдік рейтингтердің бестігіне кіру (топ-200 QS, THE, ARWU) немесе әлемдік кәсіби рейтингтердің алғашқы тобына кіруі тиіс | – бірінші лигаға кіру; -ұлттық рейтингтердің жоғары 10-дық тобына кіру
| -екінші лигаға кіру |
Жақсы нәтижеге жету үшін мотивация | толықтай автономия және мақсатты қаржылық қолдау көрсетілуі керек; ҚР БжҒМ-ның профилактикалық тексерістерінен босатылуы қажет. | бәсекеге қабілеттілікті арттырудың жекелеген бағыттары бойынша автономия болу және қаржылай қолдау; ҚР БҒМ-ның тексерістерінен босатылуы керек. | Олар 2 лигаға өткенге дейін ҚР БҒМ-ның бақылауында және тексеруінде болатын топтар.
|
Біліктілікке қойылатын талаптар | 1)жаһандық халықаралық рейтингтер, аккредитациялар; 2) тиімді жұмыс істейтін корпоративтік басқару; 3) стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін университетті және құрылымды дамыту үшін тексерілген стратегиялық бағдарламаның болуы; 4) профессорлық-оқытушылық құрамның (ПОҚ), студенттердің, зерттеулердің интернационализациясы; 5) экономика мен қоғамды дамытуға Impact | 1)ұлттық рейтингтер, аккредитациялар; 2) тиімді жұмыс істейтін корпоративтік басқару; 3) стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін университетті және құрылымды дамыту үшін тексерілген стратегиялық бағдарламаның болуы; 4)профессорлық-оқытушылық құрамның (ПОҚ), студенттердің, зерттеулердің интернационализациясы. 1) ұлттық бизнесті дамытуға Impact | – жыл сайын екінші лига критерийлеріне сәйкестігін бағалау нәтижесінде сол жылы ең жақсы нәтиже көрсеткендерді екінші лигаға ауыстыру;
– Университетті дамыту бағдарламасы 1 жылға жасалады, онда жыл соңында ҚР БҒМ-ға міндеттемелерді орындау нәтижелері туралы есеп беріледі.
|
ҚР ЖОО-ның бәсекеге қабілеттілігі жаһандық рейтингтердегі позицияларымен анықталады. Мәселен, 2019 жылы: Бір де бір ЖОО Academic Ranking of World Universities, ARWU[9] рейтингіне кірмеді; Бір де бір ЖОО Times High Education Rankings рейтингіне кірмеді; (бұрын 2 ЖОО болатын)[10]; QS World University Rankings рейтингіне 500 ЖОО-ның ішінен 5 оқу орны кірді (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Гумилев атындағы ЕҰУ,Сатпаев атындағы ҚазҰҒТУ, Әуезов атындағы ҚазҰҒТУ, Абай атындағы ҚазҰПУ)[11]; Білім беру жүйесі сапасының ДЭФ ЖБҚИ [12] индикаторы бойынша Қазақстан 2018 ж. 57 орын және 2019 ж [13] 55 орын алды. 2020 жылы Times Higher Education Impact рейтингінде Қазақстандық [14] екі ЖОО ғана болды– Almaty Management University (301-400 орын) және NARXOZ University (401-600 орын)[15].
ҚР ЖОО-ның бәсекеге қабілеттілігін арттыратын бағдарлама келесідей мүмкіндіктер береді: Үздік нәтиже көрсеткендерді жыл сайын көтермелеу немесе ағымдағы жылы нәтиже бере алмағандарды төмендету үшін қорытындылап отыру қажет. Үшінші лига көшбасшыларының міндеті – екінші лигаға кіруге талпыну, ал екінші топтағы көшбасшыларға бірінші лигаға кіруге ұмтылу үшін серпін беру. “Адал бәсекелестік” жасау нәтижесінде әрбір лиганың құрамы жаңартылады.
Аталған идея нәтиже беруі үшін төмендегідей шарттардың сақталуы тиіс: Университеттерді лигаларға бөлу мәселесін Ведомствоаралық ұлттық комиссия шешеді, оның құрамына Ұлттық сенім кеңесі мүшелері де кіреді. Бірінші және екінші лиганың университеттері әлемдік рейтингтерге сәйкес болу үшін кеңейтілген автономияға ие болуы тиіс. Үшінші лигадағы университеттерді ҚР БҒМ бақылайды. Университеттер кіретін лигасына қарай қаржыландырылады, мұнда бірінші лига университеттеріне ең көп қаржы салынады.
Қазақстандық ЖОО-лардың интернационалдандырылуы. Жоғары білім сапасын арттырудың үшінші құралы – бұл қазақстандық университеттердің интернационализация деңгейі (ұтқырлық, шетелдік студенттер мен оқытушылар). 2019 жылы Қазақстандағы жоғары оқу орындарындағы шетелдік студенттер саны 2018 жылмен салыстырғанда 17,8 мың адамға көбейді. Шетелдік студенттердің үлесі небары 4% құрады. 2018 жылы шетелдік студенттердің үлесі: Ұлыбританияда 18%, Канадада 11%, Францияда 10% (3-сурет).
3 сурет. Әртүрлі елдегі жоғары оқу орындарында оқитын шетелдік студенттердің үлес саны.
Сарапшылардың пікірінше, қазақстандық жоғары оқу орындарындағы шетелдік оқытушылардың үлесі 1% -дан аз [1]. ҚР 2020-2025 жылдарға арналған БҒДМБ-да Қазақстанның жоғары білімін нығайту және Қазақстанның жоғары білімінің халықаралық белсенділігін арттыру мақсатында аймақтық оқу хабын құру және шетелдік оқытушылар мен шетелдік студенттерді жоғары оқу орындарына оқуға шақыру жоспарлануда.
Біздің ұсыныстарымыз: Орталық Азия мен Азия-Тынық мұхиты аймағындағы жоғары білімдегі интернационализацияны арттыру, осылайша Қазақстаннан «зиялылардың жылыстауын» тоқтату; Нострификация процедурасын, студенттерге арналған оқу визасы режимін және жоғарғы басшылар мен университет профессорларына жұмыс визасын жеңілдету арқылы бюрократиялық кедергілерді алып тастау; Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарының студенттері, топ-менеджерлері мен оқытушыларының шетелге баруына, Давостағы форумға, елдің имиджін көтерудің негізі болып табылатын халықаралық іс-шараларға қатысуы үшін көп қаражат бөлу. Шетел мемлекеттерінің азаматтары болып табылатын ұлты қазақ азаматтар үшін, «Қандастар» грантын көбейту.
ЖОО-ны жаңаша басқару. Бізге заман талабына сай жоо-ны басқаратын жаңа менеджмент жүйесі қажет. Бүгінгі таңда Қазақстанда орталықтандыруға негізделген кеңестік басқару жүйесі сақталып келеді, мемлекеттік университеттерді жедел басқаруды ҚР БҒМ жүзеге асырады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі аймақтардың даму проблемалары мен қажеттіліктерін жетік біле алмайды. Орталықтандырылған басқарудың қазіргі стилі бойынша университеттердің ҚР БҒМ есеп беруімен ғана шектеледі. Кейіннен осы есептер тек ереже бұзушылықтарды анықтау, үкім шығару және кадрлық шешімдер қабылдау үшін қолданылады.
Университеттер есебін бақылау жүйесін тоқтатып, мотивация беруге көшетін кез келді. Білім сапасын арттырып, Қамқоршылық кеңестің рөлін күшейтетін уақыт жетті. Жоғары оқу орындарына және Қамқоршылық кеңестерге осындай өкілеттікті беру университеттердің беделін және бәсекеге қабілеттілігін дәлелдейтін әрекет болады.
ЖОО автономиясы. Жоғары білімнің дамуына жасалған алғашқы қадам – Қазақстанның жоғары оқу орындарына автономия, яғни дербестік беру. Бұл бағытта ҚР Білім және ғылым министрлігіне қолдау көрсете отырып, университеттерге нақты автономия беру олардың жауапкершілік деңгейін арттырады деп есептейміз. Қамқоршылар кеңесі арқылы университеттерді корпоративті басқаруды сөз жүзінде емес, іс жүзінде енгізу қажет. Облыстардың басшылары – әкімдер қамқоршылық кеңестерін басқарсын, осылай олар басшылық ететін университеттерге қалалар мен аудандардың проблемалары мен мәселелерін шешу арқылы аймақтың дамуына ықпал ететін стратегиялық жауапкершілік жүктеледі. Ол үшін мемлекеттік университеттердің мүліктерін басқаруды орталықсыздандырып, Қамқоршылық Кеңестің тікелей басқаруына орталықтан аймақтарға ауыстыру қажет. Мүмкін, ҚР БҒМ қарамағына ұлттық университеттердің меншігін басқаруды қалдыру керек шығар.
Автономияның берілуімен білім беру саласындағы топ-менеджерлерге қойылатын біліктілік талаптары едәуір артты. Сондықтан кадрларды білім берудегі заманауи менеджмент бағдарламасы бойынша қайта даярлап алмай, мектеп, колледждер мен университеттердің басшыларын бірден қызметке тағайындамау керек.
Кәсіпкерлік білім беру моделін дамыту. Бірден айтамыз, аталған модельді барлық жоғары оқу орнына қолдануға келмейді. Әлемде ЖОО-лар шартты түрде мынандай топтарға бөлінеді: БІЛІМ БЕРЕТІН УНИВЕРСИТЕТТЕР – негізгі міндеті оқыту болып табылады ( білімді тарату, ХІХ ғасыр). ҒЫЛЫМИ –ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТТЕРІ – зерттеуді дамыту, зерттеу мен оқытудың байланыстыра білім береді (XX ғасыр). КӘСІПКЕРЛІК УНИВЕРСИТЕТТЕР, олардың негізгі міндеті – қала, аймақ, ел экономикасының дамуына кәсіпкерлік тұрғыдан ықпал ету: инновация тудыру (XXI ғасыр).
Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында кәсіпкерлікті дамытудың негізгі ұлттық индикаторларының бірі шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесін 2025 жылға қарай 35% – ға дейін арттыру болып табылады (2018 жылы бұл көрсеткіш тек 27% – ды құрады). ЖОО-да оқуды аяқтағаннан кейін компанияларда жалданбалы жұмысшы болмай, өз бизнесін құруға ұмтылатын жастардың кәсіпкерлік құзыреттілігін қалыптастырған кезде ғана бұл көрсеткішке қол жеткізуге болады. Кәсіпкерлік білімді дамыту арқылы ғана Қазақстандағы шағын және орта бизнесті дамыту үрдісін күшейтуге болады.
Дүниежүзілік экономикалық форумның мәліметтеріне жүгінсек, болашақта керек 10 дағдының арасында soft skills-ты [1]- икемді дағдылар басым болғандықтан, ал бұл дағдыларды тек кәсіпкерлік білім арқылы игеруге болатындықтан, кәсіпкерлік университеттердің өзіндік ерекшелігіне ымырашылдық жатуы қажет, өйткені либералды университет қана студенттерге мамандық қана емес, сонымен қатар белгілі бір дүниетанымға негізделген өмірлік бағыт береді. Нақты бәсекеге қабілеттілікті арттыру, интернационалдандыру және университетті басқаруды реформалау нәтижесінде біз университеттердің үшінші миссиясын – экономикаға және қоғамға әсер етуін (impact ) жүзеге асыра аламыз.
ЖОО –ның жаңа миссиясы. Университеттердің үшінші миссиясы экономикаға және қоғамға impact (әсер ету) арқылы жүзеге асырылады. Стэнфорд университетінің профессоры Генри Ицковицтің «Төрт тағанды спиралі» бойынша, мемлекет, университеттер, бизнес және қоғам өзара байланысты. Университеттер бұл спиральда ерекше орын алады, өйткені олар: Жеке, әлеуметтік және экономикалық дамуды ынталандыру және қолдау үшін, күрделі әлеуметтік-саяси және экологиялық ортаның қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін адами капиталдың, инновациялар мен кәсіпкерліктің қайнар көзі болып табылады. Еңбек нарығында азаматтарға жетістікке жету үшін қажетті білім мен дағдыларды дамытады, азаматтық қоғамды қолдайды. Университеттен тыс оқуға тартады: академиялық қауымдастықтан тыс пайдалы инновациялар мен қоғамға тікелей пайда әкелетін қызмет түрлерін көрсетеді.
Үшінші миссияның[16] өзіндік ерекшелігін көрсететін параметрлер
Үздіксіз/жалғасатын білім (LLL) (Болон үрдісі бойынша) | Технологиялар трансфері және аймақ үшін инновацияны дамыту | Қоғам өміріне қатысуы |
• Өмір бойы білім алу; • Үздіксіз кәсіби білім алу; • Қарт адамдардың білім алуы. | • Сараптама; • Кәсіпкерлік экожүйесі; • Бизнес инкубаторлар. | • Әлеуметтік маңызды шешімдердегі сараптама; • Әлеуметтік қызмет; • Service learning; • Social coworking. |
Біз университеттердің үшінші миссиясын жүзеге асырған кезде ғылыми-зерттеу қызметі қоғамға жаңа, тиімді экономикалық шешімдерді табуға бағытталады. Қоғамның дамуына қатысу – университеттердің үшінші міндеті. Қатыстыра білу оқу мен зерттеудегі деңгейлес байланыс сияқты. Бұл ретте бизнес білім беруді тұтынушы ғана емес, сонымен қатар білім беру мазмұнындағы өзгерістерге мүдделі қозғаушы күштің бірі болады. Университеттерге академиялық дербестік беру арқылы университеттер мен бизнестің өзара әрекеттестігі күшейеді, оның ішінде HR-департамент арқылы, бизнеспен іскерлік ынтымақтастық департаменттері арқылы арта түседі.
Осылайша, қоғамдық пікірдің көшбасшылары болып саналатын бизнестің мүдделі тараптары Қазақстандағы ШОБ-ты дамыту үшін кадрлар даярлауға белсенді қатысады. Атап кетуге болады, бүгінде қоғамдық пікір[1] белсенділері арасында Қазақстандық жоғары оқу орындарының өкілдерінен ешкім жоқ дерлік. Жаһандану жағдайында халықаралық ноу-хабтың, халықаралық озық тәжірибелердің квинтессенті болып табылатын университеттер де өміршең әрі сұранысқа ие бола бастайды. Ноу-хаудың артықшылығы кәсіпкер студенттерді, бастамашы – студенттерді қалыптастыру арқылы ол университеттің белсенді алға дамуына әкеледі, сонымен қатар өздерінің технологиялық компанияларын құратын оқытушылар да пайда болады (мысалы, Массачусетс технологиялық институты, Стэнфорд және Гарвард университеттері, Кембридж университеті және Левен католик университеті). Осылайша, университеттердің үшінші миссиясының ерекшелігін көрсететін ЖОО-ның басты назарында ескірген «қоғамдық жұмыс» емес, «азаматтық қоғамды дамыту» болуы керек.
Білім емес, адами капиталды дамыту. ХХІ ғасырдың жаңа міндеттеріне сәйкес жоғары білім беру алдында бірінші кезекте білім берумен қатар, адами капиталды дамытуға байланысты міндеттер тұр. Бұл ретте адами капиталды дамыту өмір бойы білім алу, үздіксіз / үздіксіз жалғасатын білім беру арқылы (LifeLong Learning, 25 жастан бастап), үздіксіз кәсіптік білім беруді қамтамасыз ету, «күміс жастағы» қарттарды бейімдеуді көздейтін үздіксіз білім беру жолымен іске асырылады. 2019 жылы Қазақстан алғаш рет 16-65 жас аралығындағы адамдардың оқу, математика және сандық ортадағы мәселелерді шешу жолдарын бағалайтын PISA халықаралық зерттеуіне қатысты. Қазақстанның нәтижелері 55-65 жас аралығындағы адамдардың дағдылары ЭЫДҰ[17] елдерінің орташа деңгейінен төмен екенін көрсетті:
4- сурет. PIAAC-2019 Қазақстан мен ЭЫДҰ нәтижелері.
Ал әлемнің Топ-30 елінің Адами даму индексі (United Nations Development Programme: Human Development Index, 2019) және білім деңгейінің индексі (United Nations Development Programme: Education Index, 2019)[18] осы елдердегі өркендеу индексімен тікелей байланысты екендігін көрсетті (The Legatum Institute: The Legatum Prosperity Index, 2019):
5 – сурет. Алдыңғы қатарлы Топ-30 ел рейтингі, 2019
Жоғары оқу орындарына бұл міндеттерді шешу үшін, бірінші кезекте, компаниялардағы және елдегі адами ресурстар мен капиталды қалыптастырудағы білім берудің рөлін түсінетін бизнес көмектесуі тиіс. Сонымен қатар, білім беру мәселелерін түсіну үшін және « білім алушы ұлт» қалыптастыру үшін мектеп оқушылары мен студенттердің ата-аналарын жүйелі білім алумен қамту қажет.
6- сурет. Адами капиталды дамытудағы Life Long Learning рөлі
Ұсыныстар: Запастағы офицерлерді қайта даярлау. «Күміс жастағы» адамдарды (зейнеткерлерді) экономикалық белсенді өмір сүрулерін жалғастыру үшін үйрету.
Жоғары білімді қаржыландырудың өсуі. ЭЫДҰ-ның 2017-18 оқу жылындағы мәліметтеріне сәйкес мемлекеттік / кепілдендірілген қарыздар мен шәкіртақылар / гранттар алған студенттердің ең көп саны Ұлыбританияда (94%), Швецияда (94%), Жаңа Зеландияда, Норвегияда (90% -дан астам) оқиды.
7 – сурет. Жоғары білімді мемлекеттік және жеке қаржыландыру, 2017-2018.
Қазақстанда студенттердің 30% -ы мемлекеттік грант бойынша оқиды, есептесек, бұл мемлекет кепілдік берген білім беру несиелері бойынша 1%-ды құрайды. Ақылы бөлімде 69% оқиды. Ақылы бөлімдегі студенттердің тек 1,3% -ын бизнес қаржыландырады. ЕАЭО елдері арасында 2002 жылы Ресейде білім беруде қаржылық ресурстарды тиімді пайдалануды қамтамасыз ету үшін , жоғары оқу орындарындағы жақсы студенттерге бәсекелестікті арттыру және жоғары білім сапасын көтеруге ынталандыру мақсатында алты мемлекеттік ЖОО-да мемлекеттік қаржылық міндеттемелер негізінде (МҚМН) жоғары оқу орындарын қаржыландыру бойынша эксперимент өткізілді.
Бірыңғай мемлекеттік емтиханды тапсыру нәтижелері бойынша экспериментте МҚМН -ның 5 санаты берілген: алғашқы төрт санатта – жақсыдан орташаға дейін кіреді, ал нашар нәтиже көрсеткендер 5-ші санатқа жатады, бірақ емтиханды тапсырады және орта және жоғары кәсіптік білім ала алады. Сондықтан мемлекет мұндай студенттің әрі қарай білім алуы үшін ең төменгі қаржылық міндеттемелерді өзіне алады. Осылайша, Ресейде оқу жетістіктері маңызды емес және әртүрлі көрсеткіштері бар талапкерлерге оқуға түсуге мүмкіндік береді.
Мемлекеттің жоғары білім беруге жұмсайтын шығындары салыстырмалы түрде төмен болғандықтан, Қазақстанның жоғары білімі едәуір дәрежеде жеке қаржыландыру көздеріне тәуелді: студенттердің 73% -ы білімнің толық құнын төлеу үшін негізінен өз отбасыларының қаржысына сүйенуге мәжбүр. Мемлекеттік қаржыландыру барлық студенттердің[19] 27% -ында ғана бар. Халықтың білім алуға жұмсайтын шығындарының қысқаруы жағдайында қала мен ауыл арасындағы білім беру шығындарының алшақтығы артып келеді[20]:
8 – сурет. Қала мен ауыл бойынша білім алуға жұмсалатын шығындардың бөлінуі.
Әлемдік тәжірибені ескере отырып, халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін жоғары білімге қол жетімділік мәселесін шешу үшін келесідей шарттарды ұсынамыз: мемлекетке де, аз қамтылған отбасыларға (негізінен ауылдық жерлерден) түсетін ауыртпалықты азайтуға мүмкіндік беретін білім шығындарын бөлу үшін бизнестен мүдделі тараптарды қатыстыру.
Қазіргі уақытта, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 129-бабы 1-тармағының 1-тармақшасына сәйкес, жер қойнауын пайдаланушы жыл сайын қазақстандық кадрларды оқытуды 1% көлемінде қаржыландыруға тиіс, сондай-ақ өткен жылдың қорытындысы бойынша жер қойнауын пайдаланушы көмірсутекті өндіру кезеңінде өндірілген шығындардан ҒЗТКЖ-ға 1% қаржыландыруға міндетті. Есептейтін болсақ, ғылыми-зерттеу жұмыстарына шамамен 1% – 25 млрд. теңге, ал білімге – 25 млрд.теңге бөлінді.
Статистикаға сәйкес, ақылы бөлімде Қазақстандағы кәсіпорындар есебінен 5 658 студент оқиды (ақылы бөлім студенттерінің жалпы санының 1,3%-ы). Егер Қазақстандағы жоғары оқу орнындағы білімнің орташа құны 500 мың теңгені құраса, онда бизнестен жоғары білім беруді қаржыландыру көлемі орта есеппен: 2,8 млрд. теңгені құрайды. Жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру көлемі туралы ашық статистика жоқ. Қолжетімділік саясатының бар назары әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына, әсіресе ауылдық жерлердегі «әлеуметтік лифт» құруға бағытталуы керек, ол үшін мемлекет Ресейдің тәжірибесін қолдана отырып, мемлекеттік қаржылық міндеттемелер жүйесін (МҚМЖ) енгізе алады[21].
Студенттік жатақханадан орын берудің орнына, мемлекеттік гранттар аясында тұрғын үймен қамтамасыз етуге қарастырылған қаражатты студенттердің өзіне таңдау жасауға құқығы болғандықтан, қажет болған жағдайда қалада жалдамалы баспана таңдауы үшін қолдарына беру керек. Бұл өз кезегінде қала тұрғындарының жалға берілетін тұрғын үй нарығын кеңейтуге оң әсер етеді, яғни қосымша табыс көзі болады, сондай -ақ ақшаны құрылысқа жұмсамай, болашақтағы білім алуға қаражат ретіндеқолдануға болады.
Академиялық адалдық. Білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық өсуде, өйткені қолданып жатқан іс-шаралар себептерді жоюға емес, жай ғана салдармен күресуге бағытталған. Сыбайлас жемқорлық себептеріне қарсы күрестің негізгі құралдарының бірі -академиялық адалдық болуы тиіс. 2018 және 2019 жылы ҰБТ-да өте көп тыйым салынған заттар табылды, атап айтқанда ұялы смартфондар, роутерлер, гаджеттер, модемдер және түрлі қағаздар түріндегі материалдар алынды, алайда ешкімнің жұмысы жарамсыз болып, тәркіленбеді.
ҰБТ нәтижесі | 2018 | 2019 |
Барлық оқушы саны | 98 698 | 110 472 |
Оқушылардан табылған тыйым салынған заттар | 82 000 | 90 375 |
Тәркіленіп, жұмысы жарамсыз деп танылғандар | 9 | 0 |
Осыған байланысты, талапкерлерден тыйым салынған құрылғыларды (ұялы телефондарды) анықтаған жағдайда оларды ҰБТ тапсыруға жібермеу ұсынылады. Егер ережені бұзған және алдау арқылы ҰБТ тапсырған талапкерлер ЖОО-ға түссе, олар университетте оқу кезінде Академиялық адалдық ережелерін бұзады және университетте сыбайлас жемқорлықты таратудың жаңа бастамашылары болады. Ал алдағы уақытта жоғары оқу орындарының осындай түлектері сот, құқық қорғау жүйесін, мемлекеттік қызметті және Қазақстанның басқа да салаларын қалыптастыратын болады.
2013-2017 жылдар аралығында Қазақстан ғалымдары Скопус базасына кіретін журналдарда 10 427 мақала жариялады (осы базаның тізіміне жариялауға қойылатын ең жоғары талаптары бар басылымдар кіреді). Сонымен қатар, Scopus базасынан журналдардағы талапқа сай болмай шығарылған қазақстандық авторлардың жарияланымдарының үлесі 2013 жылдан бастап 2017 жылға дейін 32% – ды құрайды. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемде бірінші орында тұр. Біздің ойымызша, бұл жалған ғылым, Қазақстандағы жалған ғылымның дамуы болып табылады. Осы мәселені шешу үшін келесі шараларды ұсынамыз:
PhD қорғау кезінде және профессор атақтарын беру кезінде рецензияланбайтын (“жыртқыш”) журналдардағы жарияланымдарды есепке алмау; плагиатпен күресті күшейту үшін университеттер барлық деңгейде (дипломдық жұмыстар, жобалар, диссертациялар, мақалалар және тағы басқалар) жұмыстарды 100% тексеруді жүргізуі тиіс; ҚР БҒМ плагиатқа тексерудің ұлттық жүйесін (әлемдік көшбасшы болып табылатын мәтіндердің түпнұсқалығын тексеру бойынша сервис негізінде) құру және оны білім беру мекемелеріне ұсыну, бұл ретте осы қызметті коммерцияландыруды болдырмау қажет.
Тиісті шара қолданылмаса, «сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік» бос сөз күйінде қала береді. Адами капиталды дамытудағы мемлекет пен бизнестің синергиясы. Мемлекеттік басқарудың синергиясы: Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі, Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі, Қазақстан Республикасының Сандық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі. Білім беру, әлеуметтік, экономикалық және сыртқы саясатты іске асыруда Қазақстан, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі, Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі, азаматтық қоғам, бизнес қоғамдастық және Білім, ғылым және адами капиталды дамыту министрлігі білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда, әлеуметтік, экономикалық және сыртқы саясат.
Адами капиталды дамытуға бағытталған университетті дамыту сценариінің болмауын ескере отырып, тиімді басқару үшін, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің құрылымында, ең алдымен адами даму департаментін құру орынды, ол бірінші кезекте, кәсіпорындардың HR бөлімі директорлары, менеджерлері арқылы бизнеспен тығыз байланыс орнатады.
9 – сурет. Жоғары білім беруді дамытудағы мемлекеттік басқару, бизнес-қоғамдастық және азаматтық қоғам синергиясы.
Асылбек Базарбайұлы ҚОЖАХМЕТОВ,
Алматы Менеджмент Университетінің (AlmaU)
негізін қалаушы және президенті, DBA, Қазақстан
Азаматтық альянсының президенті
Әсел Арынқызы АРЫН,
AlmaU –дың Академиялық даму
жөніндегі проректоры
Айымгүл Ислямханқызы ТЛЕУЖАНОВА,
AlmaU-дың Инновациялық білім беру бағдарламасы
орталығының Директоры, заң ғылымдарының кандидаты
Источник: Білімді Ел