Айқын.kz: МОНОҚАЛАЛАРДЫҢ БОЛАШАҒЫ БАР МА?
Таяуда Мәжіліс депутаттары Абай Тасболатов пен Бақтықожа Ізмұхамбетов Премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдап, онда еліміздегі моноқалалардың болашағына алаңдаушылығын білдірумен қатар, «Дипломмен ауылға!» бағдарламасын тиімді пайдалана отырып, жастардың аудан орталықтары мен шағын елдімекендерге барып, жұмыс істеуіне жағдай жасауды ұсынды. Статистикаға сенсек, бүгінгі таңда республикадағы 41 шағын қаланың 12-сінің тұрғыны 10 мыңға жетпейді екен. Оның ішінде, Ақтөбе облысындағы Жем қаласында – 1968, Темір қаласында – 2468, Ақмола облысының Степняк қаласында – 3746, Державинск қаласында – 6183, Қызылорда облысындағы Қазалы ауданында – 6813 адам тұрса, Солтүстік Қазақстан облысында тұрғындарының саны 7 мыңнан сәл ғана асатын Мамлютка, Булаево және Сергеевка сияқты қалалар бар.
Нұржан ӘЛЖАНОВА, профессор:
Әлемдік тәжірибеге арқа сүйеген жөн
Күрделі мәселені арқау еткен депутаттық сауалдың дұрыс көтеріліп отырғанын ғалым, профессор Нұржан Әлжанова да қолдайды. Алматы Менеджмент университетінің Әлеуметтік кәсіпкерлік зертханасының меңгерушісі бұл мәселенің өзектілігін ғылыми тұрғыдан былай тарқатады:
– Моноқалалардың мәселесі – бөлек аймақтың жеке түйткілі емес, бұл – жалпы Қазақстанның өркениетті ел ретінде дамуының кепілі. Бұл тұста бар мәселе – Қазақстан халқының қалалық тұрғындарының 17 пайызының осы жерлерде тұратынына ғана тіреліп тұрған жоқ, жалпы моноқалалардың мәселелері мемлекет дамуындағы күрделі түйткілдердің басын ашады.
Қоғамның ары қарай дамуы үшін моноқалалардағы жұмыс тұрақтылығы үлкен маңызға ие. Өкінішке қарай, Қазақстанда бұл мәселеге ғылыми тұрғыдан жіті көңіл бөлінбей келеді. Қазақстан нағыз дамыған елдердің қатарына қосылмақ ниетте, ал бұл мақсаттарға жету үшін еңбек нарығы мен жұмыс тұрақсыздығы арасында балансты әлеуметтік саясат институттары мен дұрыс басымдықтарды анықтау арқылы ғана орнатуға болады. Түптеп келгенде, мұның бәрі адам дамуының жоғары әлеуметтік қағидаттарына қол жеткізуді мақсат тұтады.
2000 жылдардан бастап әлемдік нарықтағы көмірсутегі шикізатының қолайлы конъюнктурасы экономикалық өсімнің тұрақты дамуымен қатар, халықтың барлық таптарының өмір сүру деңгейінің артуына себепші болды. Қазақстанда жұмыспен қамтылу деңгейі өте жоғары, ол 94,8 пайызды құрайды. Бірақ мұның екінші жағы азаматтардың өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғанына байланысты. Бұл өз кезегінде жұмыспен қамтылған халықтың 30,7 пайызын құрайды. Салыстыру үшін айта кетейін, Ресейде бұл көрсеткіш – 6,3 пайыз, Еуроодақта – 11,8 пайыз, АҚШ-та – 7 пайыз.
Мұндай айырмашылық өзін-өзі қамтуға байланысты түрлі анықтамалардың берілуіне де қатысты. Моноқалаларды кейде моноөндірістік қалалар деп те атайды, яғни, экономикалық базаның тар шеңберде мамандандырылған қалалары боп саналады. Олар үшін қалалық елдімекендер мен ірі кәсіпорындардың тығыз байланыста болуы маңызды. Ресми деректерге сенсек, Қазақстанда 1,53 млн адамды құрайтын немесе қалалық тұрғындардың 16,8 пайызы тұратын 27 моноқала бар. Оның үстіне, бұл категорияға 10 мыңнан 200 мыңға дейін халқы бар қалалар кірген. Ең өкініштісі, күрделі мәселелер, инфрақұрылымдардың күйреуі, жұмыссыздықтың артуы, халықтың кедейленуі мен қоғамдық ортаның кері кетуі моноқалаларды әлеуметтік қарсылығы артқан ошақтарға айналдыруда.
Сондықтан жұмысшының экономикалық және әлеуметтік жағдайына жұмыспен тұрақсыз қамтылудың қалай әсер ететініне жіті көңіл бөлінуі керек, себебі жұмысшы тұрақсыздық жағдайына душар болғанда бірқатар әлеуметтік кепілдіктерден айырылады және әлеуметтік тығырыққа тірелуі мүмкін.
– Елімізде қабылданып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың бұл мәселелерді шешудегі ықпалы қандай?
– 2012-2020 жылдарға арналған моноқалаларды дамытудың бағдарламасы қабылданғанға дейін жалпы моноқалалардағы жағдай туралы үлкен зерттеу жұмысы жүргізілді. Мұнымен қоса, бір немесе бірнеше қала түзуші кәсіпорындар орналасқан қалалардың мәселелерін шешудегі шет мемлекеттердің үкіметтері қолға алған әлемдік тәжірибе де барынша айқын сараланған еді. Бұл тұрғыдан тар шеңберде мамандандырылған қалалар басқа да елдерде кеңінен таралған.
– Әлемдік тәжірибеге нақты тоқталсаңыз.
– Қызмет көрсету, сауда, т.б. салаларда жаңа шараларды қолдану арқылы қалалардың экономикаларын диверсификациялау олардың дамуына жаңа леп әкелді. Бизнестің дамуы үшін барлық мүмкіндіктер мен жағдай жасалған. Мәселен, АҚШ, Германия мен Жапония сияқты дамыған елдердің тәжірибесін келтіруге болады. Германияның Рур бассейніндегі көмір өндірісінің құлдырауына байланысты күрделі мәселелер туындағанда, мемлекетте «көмір пфеннингі» атты салық енгізілді, бұл көмір өндірісін субсидиялау үшін жасалған шара болды. Американың Бирмингем қаласы үкіметтің инвестиция тартуға байланысты оңтайлы саясаты мен жалпы мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қала түзуші металлургиялық кәсіпорындардың жабылуына байланысты күрделі мәселелерді шеше алды. Мәселен, бұл арада олар шағын өндірушілерді еркін өндірістік алаңға шығарды, жоғары білім беретін инфрақұрылымдарды дамытты, тағысын тағылары. Яғни, осындай әлемдік тәжірибеге арқа сүйеген жөн.
Әлемдік тәжірибе мен моноқалалардың өзекті мәселелерін сараптау барысында бағдарламадағы басымдық ретінде моноқалаларды мемлекеттік тұрғыдан қолдау шараларының маңызды екенін баса айтар едік. Біріншіден, бұл потенциалы төмен моноқалалардың бірінші кезектегі күрделі мәселелерін шешу. Екіншіден, орташа потенциалы бар моноқалалардың дамуы үшін жағдай жасау. Үшіншіден, жоғары потенциалы бар моноқалаларды ары қарай тұрақты дамыту. Даму потенциалы жоғары дегенімізде, халық санының көптігін, яғни, 100 мыңнан асатын тұрғыны бар, сондай-ақ қала түзуші өнеркәсібі бар қалаларды меңзейміз. Бірінші топта 6 моноқала бар, олар – Теміртау, Екібастұз, Рудный, Риддер, Ақсу, Хромтау. Орташа потенциалы бар дегеніміз – өндірістік орындары жартылай немесе мүлдем жұмыс істемейтін қалалар. Оларға Жаңаөзен, Жезқазған, Балқаш, Сәтбаев, Степногорск, Кентау, Шахтинск, Саран, Құлсары, Лисаковск, Жітіқара, Текелі, Абай, Курчатов пен Серебрянск, Қаражал, Қаратау, т.б. жатады. Төменгі потенциалы барларға екі қала – 27,6 мың тұрғыны бар Арқалық пен 21 мың тұрғыны бар Жаңатас жатады.
– Жалпы, елімізде өндірістік потенциал қай өңірлерде жоғары?
– Статистикаға сенсек, Қазақстандағы өндірістік потенциалдың айтарлықтай бөлігі моноқалаларда шоғырланған. Моноқалалардағы өнеркәсіптік өндіріс бір-екі салаға мамандандырылғанын аңғартады, ал басқа салалар қатты дамымаған немесе қала түзуші өндірістік кәсіпорындар жұмысын тоқтатқан болуы мүмкін. Пайдалы қазбаларды өндіретін моноқалалардың дамуы кен орнының өмір сүру ұзақтығына, өнімнің қажеттілігі мен жалпы сұранысына тікелей байланысты. Екінші жағынан, қала түзуші өндірістік ошақтары бар бірқатар моноқалаларды айтуға болады, олардың жағдайы пайдалы қазбалардың сарқылуына, сондай-ақ сұраныстың төмендеуіне байланысты нашарлап кетті. Оларға Арқалық қаласы (боксит қорының азаюы),Текелі (кен құрамында түрлі-түсті металдардың азаюы), Жітіқара (асбестке сұраныстың кемуі), тағысын тағылары.
Моноқалаларда әлеуметтік мәселелер қордаланып тұр. Өндіріс көлемінің азаюына байланысты жергілікті халық саны да күрт төмендеген. Бұл тұрғындардың төмен жалақы алуына ғана байланысты емес, сондай-ақ жұмыссыздық деңгейі мен өзін-өзі қамтудың жоғарылығына да қатысты. Мұнда экономикалық белсенді халықтың ішінде жұмыссыздық пен өзін-өзі қамтудың көлемі 5-9 пайыздан 40-50 пайызға дейін жетеді. Бірінші көрсеткіш Екібастұз, Ақсай, Курчатовтағы жағдайды көрсетеді. Екіншісі Жаңатас, Серебрянск, Жітіқара, Қаратау, Арқалыққа қатысты. Орташа есеппен алғанда, моноқалаларда жұмысқа қабілетті азаматтардың 20-25 пайызы өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар. Мұндай жағдай Риддер, Ақсу, Шахтинск, Степногорск, Сәтбаев, т.б. қалаларға тән.
– Моноқалаларды дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламада нақты қандай тиімді шаралар қарастырылған?
– Осы және басқа да мәселелерді шешу үшін мемлекеттік бағдарламада еңбек ресурстарының мобильділігін арттыру, мамандарды даярлау мен қайта даярлау, кәсіби деңгейін арттыру барынша айқын қарастырылған. Олардың барлығы «2020 жылға дейін жұмыспен қамту» бағдарламасындағы механизмдерге сай жүзеге асады. Дәл осы бағдарламадағы механизмдерге сәйкес, қаржы инфрақұрылымдық, инженерлік жобаларға, несиелерді субсидиялауға, кәсіпкерлікке үйретуге, айтулы бағдарламаға сәйкес микронесиелеуге жұмсалады. Сондай-ақ «Бизнестің жол картасы» аясында гранттар мен кәсіпкерлікті қолдауға арналған орталықтарды ашуға арналады. Бағдарламада бұл шаралармен қатар, шағын және орта бизнесті дамытуға, моноқалалардағы ірі кәсіпорындардың жанынан жаңа өндіріс орындарын ашу қарастырылған. Мемлекет түйткілі көп қалаларда шағын және орта бизнестің қалыптасуын белсенді түрде қолдайды. Алайда моноқалалардағы жұмыс тұрақсыздығы жұмыспен тиісті деңгейде қамтылу үшін жаңа шарттарды ойластыруды талап етеді.
– Моноқалаларда жаңа заманға сай мамандықтарды игеру жағы қалай?
– Моноқалалардың алдында тұрған күрделі мәселелерді шешуде мемлекеттік бағдарламаларды жүйелі етумен қатар, бағдарламаның назарын сәл басқа арнаға бұру керек. Моноқалалардың дамуындағы ең өзекті мәселе – олардың қызмет түрімен, яғни, ол қалада тұрғындар негізінен немен шұғылданатына байланысты. Заманға сай моноқалаларда олардың негізгі айналысатын қызметі қатты өзгерген, сондықтан белсенді және жұмысқа қабілетті азаматтардың, әсіресе жастардың басқа қалаларға ағылуын мемлекеттік бағдарламалармен де, саяси шешімдермен де тоқтатуға болмас. Моноқалалардың басты мәселесі сол – онда орта бизнес атымен жоқ, ал олар өз кезегінде жаңа типтің IT-технологияларға, жарнамаға, дизайнға, әрқилы шараларды ұйымдастыруға, т.б. мамандықтарға деген сұранысын қанағаттандырмайды. Ал ірі кәсіпорындар мұндай ішкі сұраныстарды қанағаттандыра алмайды.
Мұнда ескеретін бір жайт, моноқалалардан кеткен жастардың қалаға деген сұранысы жоғары болады. Олардың қатарына мыналар кіреді:
– Қалалық орта (моноқаланың жаңа заманға сай инфрақұрылым, дизайны мен сәулеті);
– Мәдениет. Моноқалалардың жеке-дара төл мәдениеті қалыптаспайды, себебі ол сырттан келіп-кеткен қонақтарға тәуелді болады. Ал мәдениет заманға сай болумен қатар, даралықты қажет етеді;
– Білім. Моноқалаларда орта білім беру деңгейі өте жоғары болса да, мектептен кейінгі ұсыныстар мүлдем болмайды. Бұл өз кезегінде жастардың моноқалалардан кетуіне бірден-бір себеп, сонымен қатар қала ішінде құзыреттерді беріп кету технологияларының жоқтығы олардың қалада қалуына мүмкіндік бермейді.
Бүгінгі таңда моноқалалардың дамуында жүйелі мәселелер бар. Мектеп түлектерінің жаппай қаладан кетуі – оның болашағының қандай боларын көрсетеді. Өкінішке қарай, бүгінде моноқалалардан кету көрсеткіші – 80 пайыздан асады. Сонымен қатар жүйелік мәселені қала департаменттері арасындағы үйлесімнің жоқтығымен, нақтырақ айтсақ, әкімшілік пен білім департаменттері арасындағы байланыстың икемсіздігімен байланыстыруға болады. Егер де білім департаменті үшін олардың жұмыс тиімділігінің көрсетіші – ЖОО-ларға түскен студенттердің санымен өлшенсе, әкімшілік үшін маңыздысы – мектеп түлектерінің сол қала аумағында қалуы. Бұл жерде шенеуніктердің ойлау жүйесін өзгерту керек, себебі олар моноқалалардан табыскер жастардың кетуінен ондағы өмір сапасының қалай өзгеретінін мүлдем ескермейді.
– Жұмыспен тұрақсыз қамтылудың салдары қандай?
– Қазақстандағы моноқалаларда жұмыспен тұрақсыз қамтылу мәселесі зерттеліп жатыр. Бұл түйткілді мәселе алдына дамыған 30 елдің қатарына енуді мақсат тұтқан мемлекет үшін аса маңызды. Моноқалалардағы тұрақсыз, тәуекелі жоғары, күмәнді жұмыспен қамтылу – әлеуметтік-еңбек қарым-қатынастарын зерттеу барысында ашылатын күрделі мәселе. Қазақстандық жағдайда бірқатар тәуекелдер мен қиындықтардың, жалпы жауапкершіліктің компаниялар тарапынан қарапайым жұмысшылар мен қоғамның мойнына артылғанын байқауға болады. Бұл тұста тұрақсыз қамтылуды жеке жұмысшының мәселесі ретінде қарастырмай, оның мемлекеттік деңгейде шара қолдануды талап ететін жүйелік құбылыс екенін мойындауымыз керек.
Мақсат ЖАҚАУ, саясаттанушы:
Аймақтарда инновациялық шешімдер қажет
– Біріншіден, моноқалалар дегеніміз – облыс орталықтары емес, олар, ең алдымен белгілі бір өндірістік-шаруашылық құрылымға негізделген қала боп есептелінеді. Бұл жерлерде жастарды қалдыру үшін жергілікті аймақтық бағдарламаларды күшейту қажет. Мысалы, жас мамандарды бірінші кезекте не толғандырады? Әрине, ол – баспана. Егер де бізде моноқалаларда аудан орталықтарына дейін Тұрғын үй жинақ банкінің мемлекеттік бағдарламасы бойынша әлеуметтік үйлер салынса дұрыс болар еді. Өкінішке қарай, мұндай бағдарламалардың көбісі облыс орталықтарында немесе Алматы, Астана сияқты ірі қалаларда нақты жұмыс істейді. Сондықтан аудан орталықтары мен моноқалаларда мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлердің санын көбейтіп, оған әлеуметтік маңызды мамандықтарға ие жастарды шоғырландыру үшін осындай қадамға бару қажет. Себебі, нарықтық талаппен жастардың ешқайсысы да пәтер сатып ала алмайды. Бұған тиісті жалақы қажет. Ал мемлекеттік қызметтегі маманның жалақысы мұны көтермейді. Бұдан тыс мемлекеттік бағдарлама бойынша жалға берілетін үйлер де бар.
Екіншіден, бұл жерде баспанамен ғана шектеліп қалуға болмайды. Моноқалаларда жастарды шоғырландырам десе, жер мәселесіндегі ел азаматтарына «10 сотық жер беруді» де қарастырған жөн. Жастар аймақтарға барып, 10 сотық жерге өз үйін салып алса, ол әлдеқайда арзанға түседі. Бұл несие алудан да әлдеқайда тиімді. Яғни, үй салған адам сол жерде тұрақтап қалады. Сондықтан моноқалаларда жастарды шоғырландырудың мүдделік жағын да ойлану керек. Бұл, әрине, баспана, үй. Баспана шешілген жерде, жұмыс та табылады.
Жалпы, Президенттің Жолдаулары мен мемлекеттік бағдарламаларда кластерлік бағыттар көп айтылады. Кластерлік бағыт – индустриялы экономиканы бірден-бір алға жылжытатын бағыт. Егер де белгілі бір жерде шикізат өндірілсе немесе аграрлық өнім өсірілсе, сол өнімнен 20 түрлі басқа да заттарды шығару мақсат болып тұр. Бұл, әрине, өндірістік-өнеркәсіптік орындардың күшейтілуі, жаңа кәсіпкерлік пен инновациялық шешімдердің табылуы, шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуді аңғартады. Елбасы бұл бағытты көп айтады. Яғни, Мемлекет басшысы жаңа экономикалық бағыт жас ғылыммен бекітілуі керектігін жиі алға тартады. Яғни, бұл салаларға жас ғалымдарды тартып, әрнәрсе ғылыми негізделуі керек. Аймақтарда ғылыми орталықтар ашып қою керек. Мысалы, шетелде әрбір өнеркәсіптік-өндірістік зауыттың жанында ғылыми орталықтар жұмыс істейді. Сондықтан мұндай тәжірибені де зерттеп алған жөн.
Нұрмұхамед БАЙҒАРАЕВ, саясаттанушы, «Болашақ» бағдарламасының стипендианты (Ұлыбритания):
Қала көрген бала ауылға жол тартқысы келмейді
– Бұл жерде «жастар мынадай» деп жалпылама айтудан аулақпын. Ол үшін ЖОО түлектері арасында сауалнама жүргізілуі қажет. Тек соның нәтижесінде ғана жастар ауылға баруға ынталы ма, жоқ па, соны анықтауға болады. Жалпы, менің байқағаным, ауылда өскен жастардың біршамасына үй алу үшін несие мен дайын жұмыс ұсынылса, олар өз елдімекеніне оралуға қарсы емес. Себебі, онда отбасы, туысқаны бар. Сонда отбасын құрып, сіңіп кетіп жатқандары да жетерлік, бірақ сол жеңілдіктерді алып болғасын, белгілі бір уақыттан соң қалаға қайта көшіп кетіп жатқандар да кездеседі. Немесе берілген несиеге өз әкесінің үйін сатып алып, қулық жасаған фактілер де кездеседі. Мұнда бюджеттен бөлінген қаражат тиімді жұмсалуы үшін осы жас маман мен оның жұмыс орны, жергілікті әкімдік арасындағы қатынасты реттейтін нақты рычагтар қажет деп санаймын.
Ал «Англиядағы оқуды бітірген соң, ауылға баруға дайынсың ба?» деген сауалыңызға келсек, менің келісімшартыма сәйкес, оқуымды тәмамдаған соң «Қазақстан» РТРК» АҚ-да 5 жыл жұмыс істеуім қажет. Оған қоса, оқып жатқан мамандығым – жобаларды басқару. Қазақстан үшін сирек мамандық. Сол себепті, осы саладағы алған білімді ауылдан гөрі, «Қазақстан» секілді корпорацияда қолданған тиімдірек болады. Яғни, жұмсалып жатқан қаражатты тиімді ақтау тұрғысынан қарастырсақ.
Бұл тұста, әрине, жастар ауылға бару үшін жұмыс болу керек деп қысқа кесе салуға болады. Бірақ олай емес. Қала көрген жастар ауылдағы проблемалар тізімін еске түсіріп, көбіне онда жол тартқысы келмейтінін жасырудың қажеті жоқ. Яғни, аудан, ауылдағы жемқорлық, таныс арқылы жұмысқа кіру, кейбір басшылардың дөрекілігі, сапасыз жолдар, көнерген техника, шексіз тексерістер секілді проблемалар ең болмағанда азая түссе, жастардың бір легі ауылға барар еді. Біріншіден, қалада бәріне бірдей жұмыс табыла бермейді, екіншіден, бүгін жастардың көпшілігінің көзі ашық, бұрынғы қысым, айдауға көнбейді, құндылығы басқа, ұнамаса жұмыстан бір сәтте-ақ шығып, қалаға тартады. Ал ауылдағы мекеме тағы да қажетті мамансыз қалады. Яғни, жағдай кешенді түрде жасалуы қажет. Көбіне бұл – жергілікті әкімдердің тікелей міндеті.
Екінші жағынан, бұл жерде мемлекеттік қызметкердің жалақысын есептеу әдісін де жетілдірген дұрыс шығар. Себебі, ауылдық округтегі азаматтардың жалақысы облыс орталығы не Астана, Алматы қалаларындағы дәл сондай жұмысты атқаратын әріптестеріне қарағанда төменірек. 40-45 мың теңгелік жалақыға күн көре алмаған тәп-тәуір ауылдың жас мамандары Астанаға құрылысшы, күзетші болып кеткенін өзім көрдім.
Мұнда тағы да басып айтатын дүние – жергілікті жемқорлықтың көлемін азайту. Себебі, толық жою – жақын аралықта шешіле қоймайтын мәселе, тіпті утопия секілді көрінеді. Мен ауылға барған сайын туыстарым, таныстарым жергілікті мектепке, ауруханаға, әкімдікке жұмысқа кіру бағасының қаншадан басталатынын күнделікті қарапайым норма секілді айтып отырады. Жұмыс сағатын, көлемін арттыру да «ақылы» көрінеді. Тексеріп келетін комиссиялар да құр қол кетпейтіні тағы белгілі. Мұндай «статус квомен» жастарды ауылға шақыру оңай бола қоймайтыны анық.
Ең бастысы, жаңа жұмыс орындарын ашу – маңызды фактор. Бүгінде шағын және орта бизнес республика бойынша 25% көлемінде. Ауыл-аймақта бұл көрсеткіш жоғары емес. Сондықтан қазір жастардың ауылда ұмтылатыны, негізінен, сол мемлекеттік мекемелердегі бос орындар. Егер ауылда бизнес те жаңа кәсіпорындар, шаруа қожалықтарын ашып, жұмыс орындар ұсынса, жоғарыдағы проблемалар да ақырындап шешілер еді.
Руслан ЖЕЛДІБАЙ, журналист, «Болашақ» бағдарламасының стипендианты (Ұлыбритания):
Депутаттардың идеясы қолдауға тұрарлық
– Мәжіліс депутаттарының «Дипломмен – ауылға»» бағдарламасына моноқалаларды қосу туралы идеясы қолдайтын жайт. Дегенмен мұнда нақтылайтын біраз мәселе бар. Өткен жылғы мәліметке қарасақ, 2009 жылдан бері 46 мың ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік сала маманы диплом алған соң ауылға баруды жөн санапты. Бюджеттен 50 млрдқа жуық қаражат бөлініпті. Аймақтарда маман тапшылығы бары рас, әсіресе, бағдарлама бойынша бекітілген салаларда бұл қатты сезіледі. 2016 жылы Премьер-министр Б.Сағынтаев шамамен түлектердің 23%-ын ауылға бағыттауымыз қажет деген болатын. Сол үшін мұнда жастарды ауылға барып жұмыс атқаруға не қызықтырады деген басты сауал бар. Әлбетте, ең алдымен тұрғын үй мәселесін айтсақ болады. Қалада үй алу қиын, сондықтан жастар барынша қалаларға жақын ауылдарды таңдауға тырысады. Бағдарлама бойынша бекітілген бес жыл уақытын орындаған соң, үйін сатып, қалаға кетсем дейтіндер де көп. Яғни, бағдарламаны тұрақты жұмыс табу, не ауылда қалу үшін емес, баспана мәселесін шешу үшін қолданады десек те болады.
Дегенмен отандық медиада жарияланған мақалаларды қарайтын болсақ, берілетін қаражаттың тіпті ауылда да тұрғын үй алуға жетпейтін кездері болғанын да байқаймыз. Кейбіріне тұрғын үй емес, жер телімдері де ұсынылыпты. Сондықтан мұнда осы мәселені тереңірек зерттеу қажет деп ойлаймын. Өйткені нақты сараптама болмайынша, келесі жұмысты бастауға болмайды. Мәселен, бес мыңға жуық бағдарламаға қатысушы ауылдан бас тартқан, шамамен 1,66 млрд теңгені қайтаруға мәжбүр болған. Неліктен?! Себебі қандай? Ал 2014 жылы Үкімет бағдарламадан бас тартқандар 11 млрд теңге залал келтірді деп те мәлімдеген болатын. Яғни, бұл проблемалардың бәрін ашық, айқын анықтау қажет.
Жастар тарапынан берілетін қаражат көлеміне де қатысты келіспеушіліктер бар. Қорыта айтқанда, моноқалаларға жастарды тарту алдында «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының кемшіліктерін ескеріп барып қана кіріскен жөн деп ойлаймын. Ал моноқалаларға қатысты Үкіметтің арнайы бағдарлама да қабылдағанын білеміз. Бүгінде 1,5 млн халық тұратын 27 моноқала бар екен. Меніңше, егер жастарды осы бағдарлама аясында моноқалаларға тартатын болса, ең алдымен кәсіпорындармен біріге отырып, арнайы гранттар тағайындау мәселесін де кеңірек ойлану керек болады. Сонымен қатар сол моноқалалардағы колледж, кәсіптік лицейлерге берілетін оқу гранттарының санын да арттырған жөн. Яғни, сол қалаларда туып-өскен жастарға кәсіби білім беріп, қалада қалуына жағдай жасаған жөн. Дегенмен жастарды ауылда болсын, моноқалада болсын тек тұрғын үй, жалақымен ұстап қалу оңай емес. Сонымен қатар қалалардың инфрақұрылымы, ойын-сауық орталықтарын, т.б. дамыту да ерекше маңызға ие. Өкінішке қарай, мұны әлі байқап отырған жоқпыз. Десе де, депутаттардың идеясын қолдауға толық негіз бар.
Дереккөз: http://aikyn.kz/2017/03/02/5644.html