aikyn.kz: Әлеуметтік кәсіпкерліктің қарыштап дамуына не кедергі?
Күллі әлем елдерінде жаңа тренд – әлеуметтік кәсіпкерлік деген ұғым пайда болып, экономиканың кішкентай бөлігіне жатса да, Үкімет пен жеке бизнестің мойнындағы ауыр жүктің бірсыпырасын өз қолдарына алып, оларды шешуден бөлек, қоғамдық сананы өзгертуге қауқарлы бұл үрдіс Еуропа елдері үшін таңсық емес. Ал Қазақстанда жағдай қалай? Шыны керек, ғаламтор беттерін ақтарып көрсеңіз, ел азаматтарының әлеуметтік кәсіпкерлік пен әлеуметтік жауапкершілік аясында жұмыс істейтін серіктестіктерді шатастырып, қайырымдылықпен айналысатын кез келген азаматты әлеуметтік кәсіпкерге жатқызатынын байқайсыз. Ал әлеуметтік кәсіпкер деген кім? Қазақстанда бұл саланың дамуына алғышарттар бар ма?
Бүгінде AlmaU – Алматы Менеджмент университетінің жанындағы Әлеуметтік кәсіпкерлік лабораториясының меңгерушісі, физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор Нұржан Әлжанова бұл бағытта терең зерттеулер жүргізіп, оның негізінде оқу ордасының басшылығы мен сарапшылары қала әкімдігінің назарына «Алматы – әлеуметтік кәсіпкерлік қаласы» деген концепцияның дайындалып жатқанын жеткізеді.
– Әлеуметтік кәсіпкердің қоғамдық миссиясы коммерциялық мүддесінен жоғары тұрады, – деп бастады өз сөзін Нұржан Шәріпқызы. – Мұндай кәсіпорындар ең алдымен әлеуметтік мәселелерді шешу үшін құрылады. Мәселен, жаңадан жұмыс орнын ашып, онда мүгедектерді жұмыспен қамту дегендей мақсаттары болады. Екіншіден, бұл кәсіпорын өзін-өзі ақтап, нарық заңдылықтарымен өмір сүруі керек. Бірақ түпкі мақсат – табыс емес. Үшіншіден, инновациялық ұстаным. Кейбір азаматтар инновация десе, жаңалық ашу деп біледі. Бұл олай емес, бұл мәселелерді шешуде жаңадан жол табу, ізденісте болу деген сөз. Төртіншіден, адам тұлға болуы керек. Әлеуметтік бизнес – ең алдымен креативті идея. Сондықтан кәсіпкерліктің бұл түрін корпорациялар емес, тұлғалар жасайды. Бір тұлғаның идеясы әлемді өзгерте алады. Кейде оларды «өзгерістер агенттері» деп те атайды.
Бүгінде Алматыда 30 шақты әлеуметтік кәсіпкер бар екен. Солардың алғашқы қарлығаштарының бірі Айбек Есімов. Ол білімінің арқасында жалақысы жоғары үлкен компанияда жұмыс істесе де, бір күні бәрін тастап, MMDance атты би мектебінің негізін қалайды. Би үйірмесіне ата-анасы бар балалардан бөлек, жетімдер үйінің тәрбиеленушілері де қатысып, би өнерін тегін үйрене алады. Айбек Есімовтың мұндағы басты мақсаты – жетімдерді қоғамдық ортаға ертерек бейімдеумен қатар, саламатты өмір салтын насихаттау және ең бастысы, қоғамдық стереотиптермен күресу. Нұржан Шәріпқызы: «Бұл жас жігіттің айтуынша, кейбір ата-аналар: «Неге біздің балаларымыз жетімдермен бірге би үйренуі керек?» деп наразы болыпты. Соған қарамастан, Айбек бұл әділетсіздіктермен, қоғамның теріс көзқарастарымен дұрыс күресе біліп, бәрін жеңіп шықты. Би мектебінде балаларға мастер-класты Құралай Нұрқаділова, Әдемі, Айқын, т.б. әнші-сәнгерлер өткізіп, жасөспірімдердің арманға сеніп, қоғамда белсендірек болуына ықпалдасқан» дейді.
Мұндай кәсіпкерлердің бизнес-кейстерін зерттеп жүрген профессорлар Алматы облысында ашылған шетелдік кәсіпкер Моника Ворбухеннің «Жеті ағаш» ұйымын ерекше атап өтеді. Бұл ұйым түрмеден шыққан және қиындыққа душар болған әйелдерге көмектесіп, оларға тігін тігу, жеміс өсіру сияқты кәсіби мамандықтарды үйретеді. Бұл арада әлеуметтік кәсіпкерлік осындай әйелдердің қоғамға тезірек бейімделіп, жұмыспен қамтылып, өздерін басқалармен теңдей дәрежеде сезінуге ықпал ететіндей үлкен қоғамдық миссияны атқарады.
«Агробизнес – 2020» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, қазақстандық шаруалардың жаңа заманғы, үздік технологиялар мен ауыл шаруашылығындағы әлемдік озық тәжірибелерді пайдалана отырып, табысты еселей түсуге, отандық аграрлық саланың қарыштап дамуына жол ашылған еді. Осындай бастамалардың аясында дүниеге келген жобалардың бірі – «Еңбекшіқазақ ауданының жергілікті қоғамдастықтарының қоры». Бұл коммерциялық емес ұйымды Бақытгүл Елшібаева басқарады екен. Осы күнге дейін олар 23 әлеуметтік жобаны жүзеге асырған. Осы ұйымның шеңберінде «Агробизнес орталығы» ашылып, шаруалар үшін тренингтер мен экскурсиялар өткізіліп тұрады. Сарапшылардың айтуынша, бұл ұйым шешіп отырған басты мәселелер – ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, тіпті әлеуметтік мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кәсіп түрін үйретіп, қоғамға бейімдеу және ең бастысы, ауылдан қалаға жаппай көшу үрдісін бәсеңдету, екі қолға бір күрек беріп, тұрғындардың өз жерінде қалып, өз ауылын өркендетуге септесу.
Алматы Менеджмент университеті жанындағы Үкіметтік емес ұйымдардың Сараптама орталығының директоры, PhD докторы, профессор, Бақытнұр Отарбаева: «Әлеуметтік кәсіпкерлер табыс тапса, оны пайда көзі ретінде санамайды, ол тапқан қаражатын әлеуметтік мәселені шешуге жұмсайтын қаржы деп біледі. Олардың Үкіметтік емес ұйымдардан айырмашылығы – өзі табатын табыстың болуы. Ал кәсіпкерлерден айырмашылығы – табысты табыс ретінде қарастырмауы» дейді.
Сарапшылардың айтуынша, бұл саланың дамуына елімізде алғышарттар бар. Мәселен, Президент Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» жоспарындағы мемлекеттік функциялардың бірқатарын өзін-өзі басқаратын Үкіметтік емес ұйымдарға беру бастамасы уақыт талабынан туындап, көңілден шығып отыр. Бұдан тыс басқа да мемлекеттік стратегиялық құжаттар мен бастамаларда кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігін арттырып, қоғамдық мәселелерге назарын көбірек аудартуға толықтай жағдай жасалып келеді. Бір әттеген-айы, әлеуметтік кәсіпкерлік жаңадан шығып жатқан тренд болған соң, қазірше заң шығарушы органдарға жаңа кәсіп түріне қатысты жеке-дара заң жобасы дайындалып, ұсынылып үлгермеген. Физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор Нұржан Әлжанова: «Елімізде әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуына басты кедергі – тиісті жеке-дара заң жобасының жоқтығында. Бұл бағытта заң жобасын дайындау керек. Егерде бұл сала заңмен реттелсе, бұл әлеуметтік кәсіпкерлерге көрсетілген үлкен қолдау болар еді. Яғни олардың құқықтары мен міндеттері заңмен реттеліп, бұл бизнеске адамдардың көбірек келуіне ықпал етер еді. Қазір оларда ешқандай да салықтық жеңілдіктер жоқ. Ғимаратты да қыруар қаржыға жалдауға мұқтаж. Бұны заң реттеуі керек» деп сөзін қайырады.
Ал Сараптама орталығының директоры Бақытнұр Отарбаева бұл бағытта халық арасында үгіт-насихаттық әрі ақпараттық-танымдық жұмыстардың атқарылғанын жөн көреді. Өз сөзінде ол: «Халықтың көзін ашу керек. Әлеуметтік кәсіпкерліктің не екенін ел ішінде түсіндіру керекпіз. Біздің елімізде талантты және әлеуметтік жауапкершілігі зор, қоғам дамуына қолұшын созуға дайын азаматтар баршылық. Оларға осы кәсіпкерлік түрін үйрету – бізге парыз. Сөзсіз, бұл сала дамыса, Үкімет пен қоғамнан бір ауыр жүгін өз мойындарына алғандай болар еді» деп ой түйіндейді.
Сiлтеме: aikyn.kz