Ұлттық банк жаңалықтармен қазақ тілінде бөліседі
2015 жылдың 22 желтоқсанында Алматы Менеджмент Университетінің Іскери қазақ тілі Орталығының ұйымдастыруымен «Банк жүйесіндегі қазақ тілінің қолданылуы» деген тақырыпта Дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – банк жүйесіндегі мемлекеттік тілді қолдану деңгейін арттыру, қазақ тіліндегі қызмет көрсету сапасын жақсарту және осы бағыттағы өзекті мәселелерді жинақтап, жүйелеу. Дөңгелек үстелде «Банк жүйесіндегі қазақ тілінің қолданылу деңгейіне жүргізілген мониторинг нәтижесі» (Д. Көшім, АlmaU-дың Іскери қазақ тілі Орталығының қызметкері), «Ұлттық банктегі қазақ тілінің жағдайы» (Ш. Құрманбай, Ұлттық банк Ұйымдастыру жұмысы және бақылау департаменті директорының орынбасары, ф.ғ. докторы), «Алматы қаласындағы қызмет көрсететін банктердің қазақ тілін қолдану деңгейі» (М.Ахет, Алматы қаласы Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасы бөлімінің басшысы), «Банк сайттарындағы қазақ тілінің берілу көрінісі» (Д. Иманбаева, «Тіл-Аудит» сайтының редакторы) тақырыптарында баяндамалар жасалды. Дөңгелек үстелге Алматы қаласындағы банктердің өкілдері, тілші мамандар, «Ана тілі», «Дат», газеттері мен «Ақиқат» журналының тілшілері қатысты.