Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы А.Ж. Шпекбаевпен өткен кездесу жайлы
2019 жылдың 8 қарашасында Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы А.Ж. Шпекбаев бастаған делегация AlmaU-ға келді.
Сонымен қатар, делегация құрамында ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департамент басшысы Қайрат Сунтаев, ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің парасаттылық департаментінің директоры Данияр Сабырбаев, ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің "Саналы ұрпақ" республикалық жобалау кеңсесінің басшысы Қайыржан Тоқышев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Данияр Таумұрат, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы қаласы бойынша департамент басшысы Елнар Игиликов келді.
Кездесу барысында AlmaU ректоры Гүлмира Курганбаева университеттердің үшінші миссиясының бірі -оқу мен зерттеу жұмыстары және олардың маңыздылығы жайлы атап өтті. Университет – білім ордасы, тұлғаның дамуы мен өз мақсатын анықтайтын киелі орын екендігін айта келіп, Гүлмира Аманжолқызы аудиторияның назарын құндылықтың, тәрбиенің, азаматтық ұстанымның, мәдениеттің, қоғамға қызмет етудің және әлеуметтік жауапкершіліктің негізгі рөлі туралы сөз қозғады. Сонымен қатар, ректор университеттегі парасаттылық мектебінің дамуына тоқталды.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты орындау барысында университетте осыған байланысты жемқорлықты болдырмау картасы дайындалды"- деді. Сондай -ақ «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат негіздері» атты пән енгізілді. Университеттің студенттер, профессорлық-оқытушылық құрамы мен университет қызметкерлері үшін арнайы "сыбайлас жемқорлыққа қарсы" эдвайзерлік сағаттар өткізілетіндігін, AlmaU-да Этикалық кодекс қабылданып, жұмыс барысында пайдаланылатындығын және академиялық адалдыққа байланысты мониторинг жүргізілетіндігі" туралы айтты.
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Алик Шпекбаев агенттіктің істеп жатқан алдын алу жұмыстары мен пилоттық бағыттары туралы хабарлады. Сонымен қатар, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы қаласы әкімдігі мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қолдауымен 2018 жылы Білім саласындағы сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған "Саналы ұрпақ" жобасын бастағандығы жайлы айтты. Жобаның басты мақсаты білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықты жою, білім беру жүйесі арқылы сыбайлас жемқорлықты тоқтату, адал ортаны қалыптастыру болып табылады. Алик Шпекбаев осындай кездесулерді өткізу үшін университеттер ең пайдалы алаң екенін атап өтті. Сонымен қатар, студенттер өз пікірлерін және тілектерін жеткізді.
AlmaU студенттік кеңесінің президенті Амир Қайдаров университетте жұмыс істейтін 10 студенттік клуб пен ұйым жайлы айтты. Амир Қайдаров AlmaU-да құрылған "Sanaly Urpaq" атты студенттер қоғамдастығы туралы әңгімеледі. Кездесуге қатысушылар және келген қонақтар - студенттер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы істер және академиялық адалдықты қалыптастыру бойынша жұмыстар атқарылғандығын білді.
Қонақтарға парасаттылық кабинеті, инновациялық мұражай, Менеджмент жоғары мектебінің нейромаркетинг зертханасы, Мемлекеттік және қоғамдық саясат пен құқық мектебінің шешендік өнер шеберханасы, Бизнес жоғары мектебінің тарихи стенді, Инженерлік менеджмент мектебінің Кибер-полигон зертханасы, Қонақжайлылық және туризм мектебінің шай мұражайы таныстырылды.
Аталған іс-шара жоғары деңгейде өтіп, өз мақсатына жетті деген ойдамыз. Бұл кездесу - жастарды Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын жүзеге асыруға атсалысуға бағытталған. Себебі "Саналы ұрпақ" жобасы Қазақстанда сыбайлас жемқорлықсыз адал өмір сүретін патриот және бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеу болып табылады.