А. Кожахметовтың 2019 жылы 6 қыркүйекте өткен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында сөйлеген сөзі
Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Қадірлі Кеңес мүшелері!
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бүгінгі алқалы басқосуында Сіздермен дидарласып тұрғаныма қуаныштымын! Әрі сөз басында айтып кеткім келетіні: халыққа бір табан жақын, жергілікті аймақтарда қоғамдық пікірдің басы-қасында жүрген азаматтық қоғамның 34 өкілін бүгінгі Кеңес жұмысына қатысуға шақырғандарыңызға ризашылығымды білдіргім келеді.
Құрметті достар, мен де үлкен мәртебеге ие болып, Қоғамдық кеңестің саяси реформалар бойынша жұмыс тобына кірдім. Әрине, сенім-үміттеріңізді ақтауға тырысамын.
«Түрлі көзқарас – біртұтас ұлт» қағидатымен құрылған Ұлттық кеңестің 28-ші тамызда өткен алғашқы отырысында алдағы уақытта талқыға түсетін мәселелердің нобайына жалпы шолу жасап, аз да болса орынды ұсыныстар айтып үлгердік.
Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының қордаланып қалған мәселелерді қоғам алдына шығарып, бірлесе шешуге шақырғандығы еліміздің жаңа деңгейге көтерілгендігін көрсетеді. Бұл, шын мәнінде, маңызды әрі батыл қадам.
Президент мырза 2 қыркүйекте жасаған өзінің алғашқы Жолдауында: «Еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес» деп айтқанын білесіздер. Қашанда азаматтық қоғам халықтың ең белсенді бөлігі болып саналды, ал партиялар қоғамның ұйымдасқан бөлігі. Азаматтық қоғам партияларға қарағанда билікке ұмтылмайды, бірақ азаматтық қоғам билік пирамидасына бақылау жасай алатын болса, халықтың белсенділігі, өзін-өзі басқаруға деген ұмтылысы артар еді.
Қоғамдық кеңестер жұмысының мәртебесі мен тиімділігін күшейту
1. Қоғамдық Кеңестердің қызметіндегі негізгі мәселенің бірі азаматтық қоғамды дамытуға жәрдемдесу деп ойлаймын. Шын мәнінде, бұл бағыт біздің Ұлттық Кеңестің атауында белгіленіп тұр, азаматтық қоғам мен қоғамдық кеңестер бірін-бірі толықтырып тұратын сенімге негізделген құрылымдар. Ұмытпауымыз керек, соңғы уақытта біздің қазақстандық қоғам әлдеқайда белсенді.
Мәселен, қазіргі уақытта министрліктер мен облыстық, қалалық және аудандық әкімдіктер жанында 229 қоғамдық кеңес жұмыс істейді, оның 75% азаматтық қоғамның өкілдері. Өкініштісі, министрліктер мен әкімдіктерде құрылған қоғамдық кеңестердің құрамы мен қызметінің мазмұны оларға жүктелген міндеттерге сай келе бермейді. Қоғамдық кеңестер өз әлеуетін толық көлемде іске асыра алмай жатыр.
Ұлттық Қоғамдық сенім кеңесі қоғамдық кеңестерді шоғырландырушы әрі ынталандырушы, қуаттандыратын құрылым болғандықтан, оның құрылымын әлі де дамыта түсу керек деп ойлаймын. Сондықтан жергілікті және аймақтық қоғамдық кеңестерден сол өңірдегі әлеуметтік хал-ахуалды біліп отыру үшін Ұлттық кеңеске қоғамдық сараптамалары қажет. Осындай әрекеттер Қоғамдық кеңес жұмысын жақсартудың, тиімділігін арттырудың бір жолы болар еді. аймақтық және салалық қоғамдық кеңестердің өкілдерін Ұлттық кеңес жұмысына және жұмысшы топтарына тарту қажет деп ойлаймын. Сол себепті жергілікті қоғамдық кеңестердің болашаққа жоспарларын Ұлттық кеңес деңгейіне көтеріп, толғағы жеткен мәселелерді бірлесе отырып шешу қажет. Аймақтық және салалық қоғамдық кеңестерден осы отырысқа қатысып отырған 34 өкілдің беделін арттыру мақсатында оларға Ұлттық кеңес деңгейінде кеңесші дауыс құқығын беру қажет.
Квазимемлекеттік сектор жұмысын бақылау
2. Президент Қ. Тоқаевтың квазимемлекеттік секторды қысқарту туралы ұсынысын қолдай отырып, Қазақстанның бүкіл экономикасының 60%-дан астамын құрайтын аталмыш сектор жұмысының ашықтығы мен есептілігін арттыру мақсатында бір білікті азаматтық белсендіні әр ұлттық компаниялардың "Самұрық-Қазына" АҚ, "Бәйтерек" АҚ, "ҚазАгро" АҚ және олардың еншілес компанияларының директорлар кеңесіне, сондай-ақ өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) директорлар кеңесіне енгізуді ұсынамын.
Мемлекеттік органдардың қолжетімділігі
3. Бүкіл елімізде азаматтардың Мемлекеттік органдар кеңселеріне қол жеткізуі әлі де наразылық тудырады, халықтың мемлекеттік кеңселерге емес, мемлекеттік кеңселердің халқымызға қызмет етуі керек деген қағидат орындалмай келеді. Мемлекеттік органдар кеңселерінің азаматтар үшін айқара ашылған есігін көру мүмкін емес. Сондықтан да сәтті тәжірибелерді қолданып, әр мемлекеттік органда кездесулер мен көпшілік іс-шараларды өткізу үшін, үкіметтік емес ұйымдар өкілдеріне рұқсат құжаттарынсыз, шектеу жасалмай, ұялы телефондарымен еркін кіре алатын әр мекеменің 1-ші қабатында арнайы көпфункционалды кеңістіктерді құру жөнінде ұсыныс жасаймын.
Мемлекеттік функциялардың бір бөлігін азаматтық секторға беру
4. Президент Қ. Тоқаевтың мемлекеттік аппаратты қысқарту туралы ұсынысын қолдай отырып, мемлекеттік функциялардың бір бөлігін бизнестің қатысуын көздейтін бәсекелес секторға емес, атап айтқанда, азаматтық секторға беруді ұсынамын. Бірінші кезекте азаматтық сектор халықтың әлеуметтік тұрмыстық деңгейі төмен топтарына сервистік қызмет көмегін көрсетуді, жастардың білімі мен бос уақытын өткізу функцияларын өз мойнына алуға дайын. Сонымен қатар аймақтық саясатқа жан-жақты кешенді әлеуметтік зерттеу жүргізу, мемлекеттік және ұлттық есеп беру мен есептер дайындау, барлық бағыттар бойынша консультативтік көмек, заңдар мен нормативтік актілерге сараптама дайындау, мониторинг және азаматтық бақылау жүргізу, форумдар мен көрмелерді ұйымдастыру бойынша міндеттерді және тағы да басқа көптеген қызмет түрлерін өз мойнына ала алады.
Осы жылы алдағы уақытта болатын екінші отырысқа дейін Ұлттық Қоғамдық сенім кеңесін 2025 жылға дейін мемлекеттік функциялардың бір бөлігін коммерциялық емес ұйымдарға беру туралы жол картасын әзірлеуге қатыстыруды ұсынамын. Сөз жоқ, осындай жұмыс түрлері мемлекет пен азаматтық сектордың жақындасуына зор ықпал етеді. Сонымен қатар бұл қазақ елінің жарқын болашағына бағытталған «100 нақты қадам» ұлттық жоспарының 97-ші қадамының іске асырылып жатқанын көрсетеді.
Open Government Partnership (Ашық Үкімет Серіктестігі) бастамасы
5. Үкімет мүмкіндігінше ашық болуы керек және өз шешімдерін қарапайым тілде түсіндіруді үйренуі қажет. Бұл мәселені дамыған елдер сияқты нақты мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау арқылы тиімді шешуге болады. Бүгінгі таңда «Open Government Partnership» серіктестігі құрамына 79 ел кіреді, оның ішінде Армения, Грузия, Молдова және Украина сияқты посткеңестік елдер бар.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелікке ұмтылысын ескере отырып, Қазақстанның Open Government Partnership серіктестігіне кіру процесін бастауға ұсыныс бар. Бастамаға қосылу Үкіметтің тиімділігін және есеп беру әрекетін, ашықтықты арттыруға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл әдістерін жетілдіруге, сондай-ақ азаматтық қоғамды мемлекеттің басқаруын кеңінен тартуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. OGP ақпаратына сәйкес, Қазақстанның Open government Partnership талаптарына жарамдылығы 75% сәйкестікті көрсетеді. Үкіметтің осы бастамаға қосылуы бойынша жұмысын күшейтуді ұсынамын. Бірлесе отырып, еліміздің ашықтығы мен есеп беруге міндеттілігінің жоғары деңгейін көрсететін үш жылға арналған Ұлттық іс-қимыл жоспарын әзірлеу керек.
Қазақстанда азаматтық орталықтарға инфрақұрылымдық қолдау көрсету
6. Азаматтық қоғам инфрақұрылымдық қолдауға мұқтаж ( кеңселер, мәжіліс залдары, Coworking Space). Азаматтық қоғамның нәтижелі жұмыс істеуі үшін өз кеңістігі болуы керек. Азаматтық қоғам орталықтарын Қазақстан халқы Ассамблеясының достық үйлеріне енгізуді ұсынамыз. Себебі бұл екі орган бірлесе отырып, әрекет етуші құрылымдар. Бұл шара Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ұлттық емес ұйымдардың бір-біріне ықпал ете отырып, «ортақ үйде» өз мүдделеріне жұмыс істеп, синергияны дамытуына жағдай жасайды.
Қорытынды
Құрметті әріптестер, Өзара Сенім жоқ жерде өрлеу, өсу, даму болмайды. Біздің Кеңес мүшелерінің міндеті - жоғары мансап емес, тек кеңес беру емес, сенімді ақтап, елге адал қызмет ету деп ойлаймын.
Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!