Uly Balqash Shaqyrady: жүректегі жалын, аяқ астындағы мұз

Жаңалықтар

Ақпан 13, 2023

Uly Balqash Shaqyrady: жүректегі жалын, аяқ астындағы мұз

2023 жылдың 11 ақпанында Алматы Менеджмент Университетінің ұйымдастыруымен «Uly Balqash Shaqyrady!» III мұз өткелі өтті.

Балқаштың  35 000 жылық тарихы бар.  Қазір оның таязданып бара жатқаны көңілге кірбің түсіреді. Арал тағдырын қайталауы мүмкін деген қауіп бар. Шын мәнінде Балқаш бұл тұщы мен тұзды су тоғысатын бірегей көл. «Uly Balqash Shaqyrady!» жобасының миссиясы – сол айрықша көлдің экологиясына қоғам назарын аударта отырып, Балқашты сақтап қалуға үлес қосу.

«Uly Balqash Shaqyrady!»-ның шығу тарихы жайлы жоба идеологы және AlmaU президенті Асылбек Қожахметов айтып берді:

«Ол кезде мен DBA бағдарламасында оқып жүрдім. Онда білім алатындар жыл сайын Байкалға жорық жасайтын.  Мені де жыл сайын шақыратын. Тек 2018 жылы ғана Байкалға жолым түсті.  Маған бәрі ұнады. Қазақстаннан барған команда сол жылы бірінші орынға ие болды. Елге оралғаннан кейін Балқаш көлімен қатысты жоба жасауға шешім қабылдадым. Ал 2019 жылы алғашқы мұз өткелі өтті. Содан бері жыл сайын өткізіп келеміз, тек пандемия жылдары үзіліс алуға мәжбүр болдық. Енді бұл бастама дәстүрге айналады деп үміттенеміз. Бұл бейресми, өзін-өзі қаржыландыратын жоба. Мемлекеттің бюджеті қажет емес. Ең бастысы адамдарға ұнайды».

World Class спорт клубының бас директоры, жоба қатысушысы Валихан Тен жобаға үздіксіз қатысуының себебін бөлісті:

«Мен ауыр атлетпін, спортшымын. Экология үшін не істей аламын? Қолымнан келетіні – шараларға қаражат бөлу, қоқыс жинауды ұйымдастыру. Мұз өткеліне қатысу арқылы табиғатқа деген аяусыз қарым-қатынасқа наразылық білдіремін. Сондықтан жыл сайын Балқашқа баруға дайынмын».

 

 

Маржан Дайрабаева AlmaU-дың Астана қаласындағы филиалында магистратурада оқиды. Ол осы жобаға өз үлесін қосу мақсатында Өскеменнен арнайы келген.

«Мен мәреге дейін жеттім. Дәл қазір бойымдағы энергиям тасып тұр.  Мұз өткеліне қатысып, Балқаш көлінің мұзымен жүріп өткеніме қуаныштымын. Сондай-ақ өзім білім алатын AlmaU-дың экологиялық мәселелерге назар аударғанына қуаныштымын.  Бұл университетте әрқашан өзекті мәселелер назарға алынып, студенттерге сұрақ қойылып,   нақты мақсатқа жұмыс істейтіндері ұнайды».

Жобаның белсенді қатысушыларының бірі, 2017 жылғы қысқы Универсиадада алау ұстаған Сұңқар Қарабалин Қазақстан мен Түркия елдерінің жалауымен мұзды бағындырды.

«Бұл менің жеке бастамам болды. Осылайша бауырлас халықты қолдауға шешім қабылдадым. Қатысушылар түркі елінің қызыл туын көргенде бәрі де бірден қолдау көрсетті. Әлбетте, қазір түрік халқына оңай емес. Олардың туы әрдайым көкте желбіреп, халқы аман болсын!».

Алғашқы мұз өткеліне 50 адам қатысқан еді.  2020 жылы олар 100-ге жетті. Ал ІІІ мұз өткеліне қатысушылардың саны –  120.  Көлдің тағдырына бей-жай қарамайтын адамдардың саны жылдан жылға артып келе жатқаны қуантады.

 

Бөліс: