Тілдесім – тек қазақша сөйлейміз!

Жаңалықтар

Желтоқсан 23, 2015

Тілдесім – тек қазақша сөйлейміз!

Алматы Менеджмент Университетінде (бұрынғы ХБА) іскери қазақ тілін дамыту Орталығында «Тілдесім» атты клуб ашылды. 

«Тілдесім» клубының  отырыстарына университеттің барлық қызметкерлері мен оқытушылары қатыса алады. Клубтың таңдаған бағыты – қазақша тілі жетік емес, бірақ қазақша араласып, әңгімелескісі келетін әріптестеріміз үшін жайлы орта қалыптастыру. Дастархан басында өзіңізге таныс жандардың ортасында, олардың  түсіндіруі, демеуі әрі  бірге қайталау арқылы  қаншама сөз айтқаныңызды, кейде толық ойыңызды жеткізе алғаныңызды байқамай қаласыз. Отырыс, мүмкіндігінше, бұрын білмеген, ұмытылып кеткен салт-дәстүрлерді түсіндіріп, дәріптеуден басталады. Ән айту, мақал-мәтел, сұрақ-жауап, жаңалықтармен бөлісу - бәрі болады, бірақ басты шарты – тек қазақша сөйлеу!

«Тілдесімнің» өткен отырысында ұмытылып бара жатқан бір ғұрып туралы қысқаша мағлұмат берілді, ол бәрімізге белгілі «келін шай», бұрындары осы «шайға» шақырылған үлкен аналар  шай ішіп болғаннан кейін өз шынысына күміс сақинасын, білезігін салып, келінге «кейін итаяғыңа саларсың» деген тілекпен шынысын қайтарған екен. Жас келін бұл күміс бұйымдарды сақтап қойып, кейін баласын қырқынан шығарғанда шомылдыратын суына салып, ырым қылған. Үлкен аналардың келінге батасы да тілегі де осылай аяқталған. Қазіргі уақытта  «келін шайға» барып, келіннің қолынан дәмді шай ішеміз, бата береміз де, тарқаймыз ғой.

Бұл жолғы тақырып «Жұбата білеміз бе?» деп берілген болатын. Мақсаты әжелеріміз немерелерін қалай жұбатады, қандай ән салып береді, не айтады, соны білу болды. Клубқа келушілер «бөпе» сөзіне синонимдерді табудан бастап,  «жылау» сөзінің мәнін  ашып, «Келші, келші, балашым» әнін айтып, көңілді тарқасты!

Клуб отырысы қызықты, тартымды, мәнді  өтеді. Әрине, бұл іскери қазақ тілін дамыту Орталығының әдіскері  Ғалия Байтілеуованың ізденісі, еңбегі арқасында.

Достар, келіңіздер, қазақша сөйлесейік!

 

 

Бөліс: