Үштілділік саясаты, тілдік трансмиссия, жаһандану: қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамытуға кедергі ме?
Ұлттық құндылықтың негізгі күретамыры – оның ана тілі. Қазақ тілі тек қазақ ұлтына ғана керек. Заман талабына сай даму, жаһандану үрдісіне ілесу, ғылымды дамыту қажет, ол орынды. Бірақ ғылымды дамыта отырып, қазақ тілінің де ғылым тілі ретінде дамуын ешқашан назардан тыс қалдырмаған абзал. 15 ақпанда Алматы Менеджмент университетінің ұйымдастыруымен «Қазақ тілі – ғылым тілі» атты жиын өтті. Қазақ тілін ғылым тілі ретінде қолдану аясын кеңейту мәселелері, атқарылып жатқан бастамалар және қазақ тілін әрі қарай дамыту жолдары жайлы айтылды.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі Анаркүл Салқынбай өз ойын бөлісті:
«Ғылым тілін біз тек қана орыс тілінде, ағылшын тілінде дамытатын болсақ, қазақ тілі әдеби тіл ретінде өзі қызмет көрсете алмайтындай деңгейге түсіп қалады. Сондықтан біз қалайық-қаламайық ғылым тілін қазақ тілінде дамыту біздің ең негізгі мақсатты түрде істейтін жұмысымыз болуы керек».
Қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту – іргелі іс. Өйткені қазақ тілі әдеби тіл болуы үшін оның 5 функционалдық стилі қамтылу керек. Қазіргі таңда әлемде 200-ге ғана жуық әдеби тіл бар. Соның бірі – қазақ тілі.
Юлай Шамиль Оглу 2016 жылы Қазақстанға қоныс аударып, қазақ тілін зерттеп жүрген ғалымдардың бірі. Назарбаев Университетінің «Қазақ тілі және түркі зерттеулері» кафедрасының меңгерушісі «Академиялық қазақ тілі» бағдарламасын алғаш болып ашқан.
«Біріншіден, түркі тілдері қатты дамыған. Бірақ әр тілдің терминологиясы әртүрлі. Мысалы, түрік тіліне француз тілінен терминдер енген. Бұрын Кеңес одағында болған тілдерде орыс тілінен кіріккен сөздер бар. Қазақ тілінде орыс тілінен енген терминдерден бөлек Алаш қайраткерлерінің де шығарған терминдері бар. Сондықтан ғылым тілі болу үшін біріншіден терминология қажет. Ол Қазақстанда бар, бірақ оны оқушылармен бөлісу, ұрпақпен бөлісу проблемалары әлі де шешілмей жатыр. Біз сол проблеманы шешу үшін академиялық қазақ тілі бағдарламасын аштық».
«Қазақ мемлекетінің бар болуы үшін ең алдымен ұлттық сана болуы керек», - дейді Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан – Балада ғылыми сана жасөспірім кезінде қалыптаса бастайды. Сол балаға арналған түсінікті тілде жазылған әлем, объективті дүние, табиғат, адам, қоғам туралы ғылыми контент бар ма? Ол контент бар болса, сол баланың толық мұқтажын өтей ме? Олардың жас ерекшеліктеріне сәйкес келе ме? Әрине, жоқ. Оны бәріміз білеміз. Ғылыми санасы өзге тілде қалыптасқан ұрпақ не істейді? Оның санасында тілдік нигилизм дамиды. Химияның күрделі мәселелерін, физиканың күрделі құбылыстарын, матемиканың формулаларын жеткізуге қазақ тілінің шамасы жетпейді екен деп ойлайды. Біз осы мәселені назарға алуымыз қажет. Сол үшін ғылыми сананы ұлттық тілде, ана тілінде дамыту керек.
Тақырыпты талқылау барысында ғалымдар қазақ тілінің ғылым тілі ретінде баяу дамуының себептерін де ашық айтты.
«Проблема қазақ тілінде емес, проблема қоғамда (үлкен кісілер мен орта буында, жастарда). Кез келген лабораторияға барсақ, олар ғылымды қазақ тілінде жасамайды. Ол да үлкен проблема.
Мен соңғы бір жарым жылда түсінгенім – балабақша мәселесі. Бәрімізге белгілі дүние: танысыңыздың, туысыңыздың баласы үйде жүргенде бір ауыз орысша білмейді, бірақ балабақшаға барған соң орысша сөйлеп кетеді.», - деді Ю. Шамиль Оглу.
Әрине, жас буын, жаңа ұрпақтың тізгіні балабақша тәрбиешілері мен мектеп, жоғары мектеп оқытушыларында. Анаркүл Салқынбайдың ойынша да бұл проблеманың негізі мектептегі оқыту бағдарламасымен байланысты: «Мектепте жаратылыстану пәндері тек қана ағылшын тілінде болсын деген көзқарас болды. Ол кезде басқа министр еді. Соған сәйкес бізде қазақ тілінде оқытып жүрген биология, химия, физика, математика деген пәндер ағылшын тілінде өте бастады. Демек бұл ЖОО-дағы ғылымға да әсер етеді. Яғни мектепте осындай пәндер ағылшын тілінде жүретін болғандықтан ЖОО-да, әсіресе, екінші курстан бастап болашақ мұғалімдерді яғни студенттерді ағылшын тіліндегі сабақтарды көбейтуге біз жағдай жасай бастадық. Сөйтіп қазақ аудиториясында студенттер көп болғанымен біз оларды қаласын-қаламасын кейде міндеттеп ағылшын тіліндегі аудиторияларға апаруға талаптандық».
Анар Фазылжан: «Ең алдымен тілдік трансмиссия проблемасы бар. Яғни тілдің ұрпақтан ұрпаққа берілуі күрделі мәселеге айналды. Бір отбасында ата-әжесінің, әке-шешесі мен баланың тілдік деңгейі әртүрлі.
Жаһандану мен ұлттану қатар жүруі керек. Өкініштісі, біз тек қана жаһандану жайлы айтып келеміз».
Тіл өміршеңдігі үшін заңнаманың, кеңсе қағаздарының, оқулықтардың, ғылыми еңбектердің ана тілінде болуы аса маңызды. Осы тұста Анар Фазылжанның мына пікірі орынды: «Ғылым қазақ тілінде жасалуы үшін заңнамалық деңгейде шешуіміз тиіс. Біз нормативтік база шығаруымыз қажет. Қазақстанда қорғалатын ғылыми диссертациялар қазақ тілінде болса, ол біздің мәтіндік қорымызға жатады. Мәтіндік қорға түсті деген сөз ол халықтың жадына, санасына енді деген сөз. Ертең оны оқулық әзірлейтін авторлар пайдаланады. Ол жерден студенттер алып оқиды».
Анаркүл Салқынбай: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бұйрығы бар. Кез келген диссертация жазылған кезде оның қазақша нұсқасы болуы тиіс. Бірақ ол орындалып отырған жоқ. Мұны диссертациялық кеңес талап етуі керек. Оның бір кілтипаны бар: қорғалған диссертация ағылшын тілінен қазақ тіліне аударылуы диссертациялық кеңестерге бекітілген. Ал оларда ондай мүмкіндік жоқ. Аудармашы жоқ, біріншіден. Екіншіден, қаржы жоқ. Осы бұйрықты іске асыру үшін әрі қарай жетілдіру керек. Сонымен қатар қазақ тілін оқытудың методологиясы қажет. Біз өзіміздің методогиямызды жасамай, көгере алмайтынымызды сезінетін уақыт жетті. Ал ол методологияны ұлттық негізде, ұлттық аяда қарастырғанда ғана біз жеңіске жетеміз.
Нұркен Абайұлы жетекшілік ететін AlmaU-дың Тілдер орталығы жиында айтылған мәселерді қолға алып, оның шешу жолдарын қарастыру бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізеді.
«Енді жыл сайын осы тақырып бойынша жиын, конференция өткізу жоспарланып отыр. Онда университетіміздің Тілдер орталығы жасаған жұмыстар мен зерттеу нәтижелерін ұсынамыз. Осы мәселе бойынша басқа да университеттер және ұйымдармен бірігіп жұмыс істеуге әзірміз», - деді Алматы Менеджмент университетінің ғылым бойынша проректоры Бақытжан Сәркеев.
Шара аясында Алматы Менеджмент университетінің президенті және негізін қалаушысы Асылбек Қожахметовтың редакторлығымен шыққан «Қазақстандық университеттің тиімді моделін іздеу жолында» атты монографиясының таныстырылымы өтті.
Авторлардың бірі Алматы Менеджмент университетінің академиялық даму жөніндегі проректоры Әсел Арынқызы өз ойын бөлісті: «Бұл монографияда 21-ші ғасырдағы қазақстандық университеттің келбеті суреттелген. Еңбек жаңадан тағайындалған және жас ректорларға, жаңартылу процесіндегі университеттердің Директорлар кеңесі мен Қамқоршылар кеңесіне, ЖОО-ның топ-менеджерлеріне пайдалы. Жобаға Қазақстанның 7 қаласынан 12 ЖОО қатысты. Монографияны 45 автор бірігіп жазып шықты».
Үш тілде жарық көрген монографияның қазақ тіліндегі таныстырылымы бүгінгі шарамен тұспа-тұс келуі тегін емес. Білім беру саласында оқулықтардың ана тілінде шығуы – тіл өміршеңдігінің тағы бір кепілі.