Өткенімен байланысын үзген қоғам болашағын да қалыптастыра алмайды
Шай Моше Пирон – Израильдің танымал саясаткері, Нетаньяхудің үшінші үкіметі құрамындағы Білім министрі болған азамат, раввин, оқытушы. Оның білім саласында қолға алған бастамалары талай сын тезіне алынса да, 2014 жылы жергілікті БАҚ-тардың бірінде жүргізілген сауалнама бойынша, еврей халқының 46 пайызы оны Министрлер кабинетінің ең тиімді мүшесі ретінде таныған. Таяу арада Қазақстанға ат басын тірейтін саясаткер отандық білім жүйесіндегі жаңашылдықтар – «Үштұғырлы тіл» мен кәсіпкерлік білімге қатысты сауалдарға жауап берумен қатар, иврит тілінің «өлі тілдер» санатынан қалай шыққаны туралы «Айқын» газетіне берген эксклюзивті сұхбатында тереңірек тоқталды.
– Шай Моше Пирон мырза, біздің білуімізше, Израиль қашанда шетелдік студенттер қызығатын елдердің қатарында. Сіздердің білім жүйеңіз студенттерді несімен қызықтырады?
– Израиль елі білім саласындағы инновациялар бойынша көшбасшы саналады. Біздің білім беру жүйеміз кәсіпкерлікке мамандар мен құралдарды дайындауға әбден машықтанған, былайша айтсақ, thinkingoutsidethebox үшін, яғни, шексіз және бейқалыпты ойлауға, сондай-ақ, мәдени және экономикалық процестер мен үрдістерді болжауға бағытталған. Меніңше, израильдік студенттер «армандауды үйренеді» және бұл жайт әлемдегі білім жүйелері үшін маңызды тауар боп саналады.
Мұнымен қоса, Израильдің алдында тұрған геосаяси қиындықтарға байланысты бүкіл білім жүйесі әлеуметтік ынтымақтастық, сәйкестік ұғымы мен әлеуметтік жауапкершіліктен бөліне алмайтындығын терең ұғынады.
– Израильдің білім министрлігін БАҚ-тар мен қоғамның ішінде қандай мәселелер бойынша жиірек сынайды? Қай сынды орынды деп білесіз, ал қайсысымен келіспейсіз?
– Демократия құрудағы маңызды нәрсе – сын. Кезінде Израильде төмендегідей реформалар аса қатты сын тезіне алынды: мектептердегі бастауыш және орта сыныптарда МЕЙЦАВ салыстырмалы емтихандарының алынып тасталуы, елдің діни білім беру жүйесіне енгізілген жаңашылдықтар, талапкерлер үшін психометриялық тесттен өтуді болдырмау, сондай-ақ, аттестатты алу үшін жоғары сынып оқушыларына үш жыл қатарынан қоғамдық өмірде белсенді жұмыс істеуін міндеттейтін бастама, мәселен, қайырымдылық ұйымында ерікті боп жұмыс істеу, тағысын тағылары. Бұл қоғамда резонанс туғызған реформалардың кейбірі ғана, ал мұндай бастамалар жетерлік, себебі, білім жүйесі дәстүрлі түрде ең көп сыналатын салаға жатады.
Меніңше, білім министрі сынға құлақ асуы керек, бірақ сынның оны бақылап кетуіне жол берілмесе жөн. Ол қоғамның әртүрлі көзқарастан тұратын әртүрлі бөлігіне ерекше назар аударуы тиіс. Білім министрі мемлекеттің рухани көшбасшысы болуы керек, яғни, білімді реттеуші не клерк болмауы тиіс, керісінше, жақсылық пен пайда әкелетін азамат болса игі.
– Қазақстанның білім жүйесімен қаншалықты таныссыз? Қандай оң және теріс жақтарды көріп отырсыз?
– Қазақстанның білім жүйесімен жіті таныспын десем, асырасілтеушілік болар еді. Мен алдын ала жергілікті білім жүйесімен танысып көрдім. Егерде, сіздің мемлекетіңіз бен ондағы ЖОО-лармен үнемі байланыста болсақ, онда, әрине, тереңірек танысуға мүмкіндік туады. Үстіміздегі жылдың 8 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Almaty Management University ұйымдастыратын «Білімді дамытудағы болашағы зор модельдер» атты дөңгелек үстелге қатыспақпын. Меніңше, бұл сіздің еліңіздің білім жүйесімен танысуға зор мүмкіндік береді.
Менің білуімше, Қазақстан Болон процесінің жолымен келеді, сондықтан, қазақстандық білім жүйесі үшін бүкіл әлем елдеріндегі түйткілдер мен мәселелер аса өзекті.
– Израильдің атын Startup Nation брендімен бұрыннан байланыстырады. Қазіргі таңда бүкіл әлемде израильдік стартап-индустрияның дамуынан үлгі алуға тырысады. Бұл арада «стартап жобалар еліне» айналу жолында білім жүйесінің қандай қызметі болды?
– Израильдің «стартап ұлтына» айналуына сапалы білім жүйесінен бөлек, көптеген жүйелі алғышарттар негіз болды. Бұл дегеніңіз – инвестициялық климат, техникалық потенциал, басшылықтың саяси ерік-жігері, тағысын тағылары. Бірақ, мықты білім жүйесі болмаса, мемлекеттің қарыштап дамуы да мүмкін болмас еді. Менің ойымша, мұндай жүйені қалыптастыруда бірқатар әсер ету салаларына назар аударған жөн:
a) кәсіпкерлік білім беру жүйесін қалыптастыру (өз кезегінде бұл жайт уақыт өткен соң ел ішінде стартаптар санының көбеюіне әкеледі). Жастарды кәсіпкерлікке баулудағы басты мақсат – өскелең ұрпаққа мүмкіндіктерді ашуға, өз бойында кәсіпкерлік қабілет-қарымды дамытуға және іс жүзінде тәжірибе алуға мүмкіндік беру.
b) көптеген білім жүйелері «не?» және «қалай?» деген сұрақтарға баса назар аударса, біз «қалай?» деген мәселемен жұмыс істейміз.
c) баға мен аттестацияны бағамдауды өзгерту, есте сақтауды тексеретін емтихандардан түсінікті тестілеуді анықтайтын жүйеге көшу. Бұл дегеніңіз – мағынасыз жаттаудан бас тарту, өз кезегінде бұл оқушыларға жаңа материалды тану мен лабораториялық зерттеулерге көбірек уақыт береді.
d) Оқу мен оның өзектілігін терең ұғыну.
– Бүгінде Қазақстанда стартаптарды дамытып, кәсіпкерлік білімді енгізумен қатар, жастардың санасында кәсіпкерлік ойлау қабілетін дамытуға тырысып келеді. Біздің елімізге қандай да бір ақыл-кеңес бере аласыз ба?
– Ақыл-кеңестер бермеймін, бірақ сіздің еліңізге әбден «зерделенген оқыту» бағытын ұстануды тілер едім. Меніңше, «зерделенген оқыту» деп аталған реформа өзгерістерді жасауға үлкен негіз бола алады.
Бұған қоса, жастардың өздеріне тән ұрымтал қырларын ұштауға, айрықша қарым-қабілеттерін жетілдіре түсуге, жеке бостандығы мен таңдау сезімін нығайтуға ден қою керек. Білім беру жүйесі шәкірттердің жеке қырларының көрініс табуына, бастамашы болуға, кәсіпкерлік ойлауды ынталандыруға итермелеуі керек. Бұл айтқандарымды кәсіпкерлік университеттерде жүзеге асыруға болады. Білуімше, елдеріңізде ондай оқу орындары бар. Мысалы, олардың бірі – Almaty Management University, жақын күндері Қазақстанға аталған университеттің шақыруымен келмекпін.
Бұдан бөлек, білімді жай ғана беру ісіне қоса, ақпаратты саналы түрде қабылдау мен оның өзектілігіне мән берілуі керек.
Аталғандарға қоса, пәндердің мазмұны мен үйрету әдістемелерін толыққанды сараптаудан өткізу керек.
– Қоғамдағы үлкен сын мен наразылыққа қарамастан, қазақстандық мектептерге үштілді жүйені енгізбек. 2019 жылдың қыркүйегінен бастап төрт пән (физика, химия, биология, информатика) ағылшын тілінде, ал гуманитарлық пәндер қазақ және орыс тілдерінде оқытылмақ. Сіздің ойыңызша, бұл қаншалықты дұрыс бастама? Бұл бағдарламаны сынаушылар қазақ тілінің болашағына алаңдайды. Бұл реформаның нәтижесінде кеңестік заманда жоғалуға сәл-ақ қалған әрі бүгінгі күнге дейін өзінің заңды тұғырына жете алмай отырған мемлекеттік тіл (қазақ тілі) қайтадан теперіш көрмей ме?
– Қазақтың білім беру жүйесін егжей-тегжейлі зерттеп алмай сұрағыңызға жауап беруім орынсыз шығар. Меніңше, бұл жерде «неғұрлым азырақ болса, соғұрлым жақсы» деген қағиданың арақатынасы маңызды, яғни, бір уақытта тым көп мақсаттың жетегіне ермей, екі-үш басты мақсатқа зейін қою дұрысырақ.
Менің ойымша, түптамырмен, төл мәдениет және тарихпен сабақтаспай, қандай да бір табысқа жетем деу бекершілік. Өзінің өткенімен байланысын үзген қоғам болашағын да қалыптастыра алмайды. Тереңіне үңіліп зерделесеңіз, түпқазығыңыз бен әдет-ғұрыптарыңыз шеберлікті ұштау үшін басты құралдар болатынын аңғаруға болады.
– Тіл мәселесі бүгінгі таңда Израильде соншалықты өзекті емес те шығар. Біздің білуімізше, Израиль көне тіл – ивритті қайта қалпына келтірді. Бұл тілді қайта жаңғырту үшін қанша жыл кетті? Әлем бойынша қанша еврей азаматы бұл тілді біледі?
– XIX ғасырдың соңына дейін иврит «өлі» тіл саналды, десе де ол тұста бұл тілді медицина мен заң тілі ретінде ғана қолданатын. Бірақ, ол өзара сөйлесу тілі ретінде қолданылмады. Жағдайды 150 жыл бұрын ғана өзгертуге мүмкіндік туды. Мұны жасаған Элиэзер Бен-Йехуда (1859-1922) бүкіл өмірін ивритті қайта жаңғыртуға арнаған. Ол заманда көптеген еврейлер ивритті білсе де, бала күнінен бастап, ерте жастан ивритте сөйлемеген. Яғни, ивритті қайта жаңғырту үшін дүниеге ивритті ана тілім деп санайтын балалар келуі керек еді. Бен-Йегуда мен оның жұбайы өздері үшін ереже жасады: өз үйінде тек иврит тілінде сөйлейміз деп уағдаласты, олардың ұлдары Итамар дүниеге келгенде, ол тек қана иврит тілінде сөйлейтін болды. Олардың үлгісімен басқа да еврейлер жүре бастады, нәтижесінде, XIX ғасырдың соңына қарай жаңартылған иврит Палестина жеріне сенімді түрде тарап кеткені соншалықты, тіпті, 1922 жылдың 29 қарашасында Британ үкіметі Палестинаның еврейлер тұратын аумағында оны ресми тіл ретінде бекітті. 1948 жылдан бері иврит Израильдің мемлекеттік тілі болып саналады.
Десе де, тілді қайта жаңғырту тарихы мұнымен шектелмейді. Ивритті меңгеру курстары (ульпандар) еліміз тәуелсіздік алған бойда Израильдің Ағарту және мәдениет министрлігі мен Еврей агенттігінің қолдауымен көптеп ашылды. Бірінші ульпан «Эцион» Иерусалимде 1949 жылы ашылды. Бұдан кейін ульпандардың желісі еліміздің түкпір-түкпірінде, тіпті, кибуцтерге дейін (Израильдің кооперативтік ауылшаруашылық кәсіпорындары) ашылды.
Әрбір репатриант үшін Израиль мемлекеті ульпанды оқудың бес айлық құнын өзі төлейді. Ол үшін жаңа репатриант мәртебесін алғаннан кейін бір жылдың ішінде ульпанға оқуға түсуі керек. Репатрианттың елге келгеніне бір жылдан астам уақыт өтіп кетсе, онда ол басқа да Израильдің азаматтары сияқты жалпыға ортақ жүйемен ульпанда білім алады, яғни, оқудың құнын өз қалтасынан төлейді.
Бүгінгі таңда Израиль халқының жартысынан астамы ивритті өз ана тілім деп санайды. Тіл – мемлекеттің маңызды да сүбелі қазынасы. Жоғарыда айтқанымдай, біз тілді даму мен жаңаруға кедергі ретінде қарастырмауымыз керек. Меніңше, дұрыс баланс табуға болады.
– Сіз дінге жақын адам екенсіз, раввинсіз. Мектептерде дінтану пәнін беру қаншалықты маңызды?
– Әркім үшін өзінің тамыры мен ұлттық ерекшелігін, ділі мен бірегейлігін білу және тану маңызды. Сонымен қатар әр адамға таңдау құқын да беруіміз керек. Израильдің білім жүйесі барлық студенттердің Інжілді еврей өмірінің негізі ретінде тану үшін оқуды міндеттейді.
– Білуімізше, сіз көпбалалы әкесіз. Сіздің балаларыңыз қайда оқиды?
– Менің балаларым Израильдің мемлекеттік мектептерінде оқып-ақ көптеген жетістіктер мен табысқа қол жеткізді.
Менің ойымша, мемлекеттік білім мен шеберлік, басымдық арасында ешқандай да қарама-қайшылық жоқ. Мықты мемлекеттік білім беру жүйесі қоғамның руханиятын кеңейтіп, мәдени бөлінудің алдын алады және әлеуметтік дифференцианы тереңдетіп, ең бастысы, ұлттық тілді дамытады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Кәмшат ТАСБОЛАТ, «Айқын» газеті