Наурыз мейрамы құтты болсын!
Құрметті әріптестер, оқытушылар және студенттер!
Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Наурыз - жылдың басы, күн мен түннің теңелер шағы. Тамырын тереңнен тартқан осынау мейрам – береке мен бірліктің,тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтып, риясыз шаттық пен қуанышқа кенелтер ұлы мереке. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын жуырда ғана атап өткен мемлекетіміздің қалыптасуымен бірге Наурыз мейрамы барлық қазақстандықтар үшін жалпы халықтық сүйікті мерекеге айналды.
Ұлыстың ұлы күні – Наурызда адамдар бір-біріне деген өкпе-реніштерін ұмытып, кешірімге келіп, татуласып, табыса білген. Халқымыз мол дастарқанын жайып, ақ жарқын көңілмен жүздесіп, дәм татысып, өткен-кеткеннен сыр тартып, барша адам баласына жақсылық, аманшылық тілеп, жастарға ақ баталарын берген.
Наурыз мейрамын жыл сайын атап өту Алматы Менеджмент Университетінде де жақсы дәстүрге айналып отыр. Наурыз мейрамы жақындағанда Университет ұжымы бір кісідей жұмылып, білім ордасының іші-сыртын реттеп, тазалық жұмыстарын жүргізіп, ауласына жас ағаштар мен гүлдер отырғызады. Студенттер мен қызметкерлер қазақ халқының игі дәстүрін көрсетіп, ән-күймен жалғастырады.
Ежелден жаңарту мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған Әз - Наурыз қажырлы еңбектеріңізге шығармашылық табыстар әкелсін, қадірлі әріптестер.
Ел тыныш, туған жер аман болып, арайлап атқан әрбір таң жеке өмірлеріңізге шат көңіл, бақыт және береке сыйласын, құрметті студенттер.
Мерекелік тілекпен,
AlmaU ректоры А.Канагатова