Қазақ тілін үйренудегі тәрбиелік мәні бар тұсаукесерлер легі

Жаңалықтар

Мамыр 31, 2019

Қазақ тілін үйренудегі тәрбиелік мәні бар тұсаукесерлер легі

Баршаңызға белгілі AlmaU-де 27 мамыр мен 1 маусым аралығында 1 курс студенттеріне арналған «Ұлытау» оқу танымдық практикасы өткізілді. 31 мамырда, қазақ халқының дәстүріне, күнделікті өмірінен алынған кейстер бойынша топ болып дайындаған студенттердің тұсаукесерлері болды.

Мысалы, «Киелі сан атауларының ұлттық сипаты», «Қозы-Көрпеш - Баян сұлу ғашықтар күні қазақ ұлтына тән мейрам ба?» және «Ру таңбаларының құндылығы» секілді кейстерді сараптап, видеожазба түсіріп, көрерменге ұсынды. Өзбекстаннан келіп білім алып жүрген 1 курс студенті Азамат Бахтиеров ғашықтар күні елінде атап өтілмейтіні жөнінде ой бөлісті, сонымен қатар осы поэманың өзбек эпосындағы «Фархот-Шырынды» есіне түсіретіндігін атап өтті. Халимов Билал, Қырғызстанда ғашықтар күні тек мектеп-университет аясында аталып өтеді деді. Меляев Керим «Қозы-Көрпеш - Баян сұлу ғашықтар күні қазақ ұлтына тән мейрам ба?» атты тұсаукесерді қорытындылай келе, AlmaU оқытушыларына шараға қатысқан 1 курс студенттері атынан зор алғысын жеткізді. Сонымен қатар топтық жұмысқа белсенді қатысқан Байгазиева Даяна (Қырғызстан), Мауль Даниил (Ресей Федерациясы), Сюэ Санна (Қытай) курс студенттеріне алғысымыз шексіз.

Келесі «Киелі сан атауларының ұлттық сипаты» атты тұсаукесер де өте тартымды өтті. Өзбекстандық Бектурсунова Наргиза 1, 2, 3, 7, 9, 12, 40 секілді киелі сандардың тарихына тоқтала келіп, «Есік» мемлекеттік тарихи- мәдени қорық мұражайына барған саяхаттан алған әсерімен бөлісті. Сондай ақ, Беккоенов Ильгиз (Қырғызстан), Ли Анастасия (Қытай) киелі сандардың мағынасына жетік тоқталды. Земцова Наталья мен Кодирова Шахноза дайындаған видеожазбаны сипаттап берді. Осы тұсаукесердің есте қаларлық сәті Карамолдаев Амантур: «1 курстағы қазақ тілі сабақтары мен «Ұлытау» оқу танымдық практикасы кезіндегі шараларда қазақ тілін үйрену қызығушылығымды арттырды. Жақында «Есік» мемлекеттік тарихи- мәдени қорық мұражайына барып, қазақ халқының мұрасын терең түсінуге және тіл білімін шыңдауға көмектесті. Менің ойымша, әр елдің мемлекеттік тілі өз халқының қолдауымен, күшімен өркендейді. AlmaU-де білім ала жүріп, біз өз тарапымыздан қазақ тілін үйреніп қолдануға міндеттіміз».

Алғашқы аталған екі тұсаукесер бойынша топтық жұмыста шетелден келіп оқитын студенттер өз білімдерін көрсетсе, «Қозы-Көрпеш - Баян сұлу отандық сериалы жас көрермендерді қызықтыра ала ма?» тақырыбында орыс тілді топтарда білім алатын Арман Ақбота, Киямбекова Алина, Осипова Анна, Нуртазин Дастан, Алшипанов Темирлан, Таженов Куаныш, Айгайдаров Рустам, Мендали Арман, Жусупова Карина тұсаукесерін ұсынды. Есте қаларлық тұсы осы топтың 28 студент қатысқан онлайн сауалнаманың қорытындылары. Атап айтсақ, әсіресе «Сериал мазмұны бойынша қандай құндылықтар әсер етті?» деген сауалға қатысушылар бірауыздан (100%) «Махаббат» деп жауап бергені. Соның арасында студенттердің поэмадан үзінді ретінде Қозы-Көрпеш пен Баян сұлудың диалогын өз орындауында видеожазбаға түсіріп көрерменге ұсынды.

Осы күні көрермен қазақ тілін жетік меңгерген студенттер тобы арасындағы «Ру таңбаларының құндылығы» кейсі бойынша қызу пікірталаста өткен тұсаукесердің де куәгері болды. Әр қатысушы өз руының таңбасын білетіндігін, сонымен қатар она қалай дұрыс қолдану туралы пікірлерін ашық айтты. Осы тұста қазақтың әйгілі ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын-жазушысы Міржақып Дулатовтың мына жалынды сөздері келісімді: «Жалғыз білім үйретуге емес, біліммен бірге жақсы тәрбиені қоса беру керек». Сондықтан «Ұлытау» оқу танымдық практикасын бастама ретінде көтеріп, тәрбиелік мәні бар кейстерді таңдаған Тілдерді дамыту орталығының қызметкерлерінің жұмысына жетістіктер тілейміз.

Бөліс: