IronMan AlmaU студенттеріне «Өздеріңе сеніңдер!» дейді

Жаңалықтар

Қыркүйек 14, 2016

IronMan AlmaU студенттеріне «Өздеріңе сеніңдер!» дейді

13 қыркүйекте Алматы Менеджмент Университетіне қонаққа атақты триатлонист, IronMan жарысының 14 дүркін чемпионы Крис Маккормак келді. Университет қонағы үлкен спорттағы өз жолы, жетістіктері туралы айтып берді, сонымен қатар триатлонда биік жеңістерге  жету құпиясымен бөлісті.

Бұл күні Университеттің қонақтары болып әуесқой триатлон бойынша республикалық Федерацияның президенті Мұратхан Токмади  және триатлон бойынша қазақстандық құрама команда мүшелері шақырылды, олар Олимпиада ойындарына қатысуды жоспарлап жатыр.

Жұлдызбен кездесу екі сағатқа созылды – «темір адам» қарапайым түрде студенттерге жеңіске қалай келгені туралы айтып берді. Таңырқарлығы сол, атақты спортшының өмірі мүлде басқаша болуы мүмкін екен, университеттен кейін ата-анасының қалауы бойынша  Крис біраз уақыт австралиялық банкте жұмыс істепті. Дегенмен, ол шамалы уақыттан кейін ол жерден кетеді, өз арманына жету үшін триатлонмен нақты айналысуды, әлемді аралауды ойлайды.

Әрине,  ол кезде жап-жас жігітке сенушілер аз болды, себебі ол бала кезінен футболмен, регбимен, тағы да басқа командалық ойын түрлерімен  айналысты, ал үшсайыстық спорт түрінде әлемдік жеңістерге жетеді деп ешкім ойламады. Жоспарларын айтып, бөліскенде, Криске бәрі күлді.  

«Әрқашан сіздің арманыңызға күмәнданатын, оны бұлыңғыр етіп сипаттайтын, сеніміңізді күйрететін адамдар болады.  Сен жасай алмайсың!- дегендерді тыңдамаңыз. Арманыңызға ұмтылыңыз, тек өзіңізге сеніңіз! Сіз-ерекшесіз, әрқайсыңыз қайталанбас жансыз », - дейді  Крис Маккормак.

Оның айналасындағы сенбеушілік пен күдікшілдік спортсменді жолынан тайдырған жоқ.   Күнелтуге ақшасы болмады, сол кезде ол алғаш рет  американдық  IronMan жарысының чемпионы боламын деп мақсат қойды. Нәтижесінде ол американдық жарыстың 6 дүркін чемпионы атанды. Оған дейін мұндай жетістікке ешкімнің қолы жеткен жоқ еді. Бүгін Крис таңғаларлық спортсмен, ол триатлоннан  Еуропа, Австралия, Океания, АҚШ және бүкіл әлемнің  бірнеше дүркін чемпионы. Гавайда екі рет  Ironman* бас жүлдесін ұтып алды  ( 2007 және 2010 жж.). Бүкіл өмірінде триатлон бойынша жарыстардың 76% ұтып алған (200-ден астам). Жарыстардың  88%  жеңімпаз тұғырына көтерілген. «Мен осында жеңу үшін келгенмін!» кітабы - триатлонның Библиясы ғана емес, ол спортсменнің сырласуы, барлық оқырмандар үшін бизнесте, кәсібіңізде, өмірде жеңіске жетуге жол  сілтегіш!

Сонымен қатар, Крис  AlmaU студенттеріне оны жеңіске ынталандыратын нәрсе туралы, жарыстарға дайындық режимі, дайындық кезіндегі тамақтану ерекшеліктері жайында да айтып берді.  «Мен жүгіріп келе жатқанда, өзіммен өзім боламын, өз мақсатыммен. Өмір –бұл күйзеліс, шу, сыртқы қоздырғыштар, ал марафон кезінде мен өзімді жайлы сезінемін, себебі өзіммен өзім боламын. Негізгі ынтаны мен ішкі жан дүниемнен аламын, сол кезде мен тек өз түйсігіме сеніп,  мақсатыма жетуді ойлаймын. Бұл мені алға ұмтылуға ынталандырады», - деп,  Крис ой бөлісті.

Спортсмен тағы да жастарға кеңестерін берді. Оның пікірі бойынша, қазір жастарға саяхаттау маңызды, түрлі елдің мәдениетімен танысуға мүмкіндік болады: «Мен  Австралияда оқыдым, терең білім алдым, мысалы, сіздердің еліңізге сапарым маған Австралия университетінде  алғанымнан көбірек таным береді. Әлемге ашық болыңыздар. Алдарыңызға биік мақсаттарды қойыңыз, соған ұмтылыңыз. Егер күш салатын болса, үлкен адамдармен үлкен оқиғалар болады. Көбі былай ойлайды: мен қарапайым адаммын, мынау менің орташа мақсатым, сол да маған жетеді деп. Үлкен мақсаттар қою керек, Айға жету керек, сондай да мақсат қоюға болады», –деп, Крис Маккормак сөзін аяқтады.

Кездесудің соңында қонақты тосын сый күтіп тұрды , триатлон аңызына айналған Крсипен кездесуге  AlmaU студенті Ерайдын Тасболатов келді, ол Еуропаның биік шыңы  Эльбрусқа  (биіктігі - 5642 метр) шығып, шыңның басында домбырада ойнаған! Ерайдын атақты спортшыға университет атынан  сыйлық тапсырып, күй тартты, сол Эльбрустың шыңында тартылған күй!


*IRONMAN – бұл триатлон бойынша жарыс,  The World Triathlon Corporation (Триатлонның Дүниежүзілік корпорациясы) ұйымдастырады. Үш кезеңнен тұрады, мынадай тәртіппен үзіліссіз өткізіледі:  2,4 мильге жүзу  (3,86 км),   велосипедпен  112 мильге жүру (180,25 км) және  26,2 мильге (42,195 км) жүгіру.

 

Бөліс: