Еркін Тәтішев: «Студент портретін қалыптастыру керек»

Жаңалықтар

Қараша 18, 2022

Еркін Тәтішев: «Студент портретін қалыптастыру керек»

2022 жылдың 14 қарашасында AlmaU Қамқоршылық кеңесінің төрағасы, Polymetal компаниясының тәуелсіз директоры Жанат Бердалина және Қамқоршылық кеңесінің мүшесі, Kusto Group директорлар кеңесінің төрағасы Еркін Тәтішев студенттермен кездесті.

Шара барысында студенттер белсенді түрде сұрақ қойып, нәтижесінде кездесу екі сағатқа созылды. 

Студенттер қайырымдылық туралы сөз қозғады. Осы тұста Жанат Қоланқызы «қайырымдылық жүректен шығуы керек» деген маңызды ойға тоқталды. Егер қайырымдылық жобасының мақсаты оқытушылардан жоғары баға алу болса, бұл істің орынсыз болатынын айтты.

Университет қабырғасында жүріп қайырымдылықпен айналысатын студенттер қатары айтарлықтай көп. Мысалы, қазіргі маусымда кез келгеніміз «Balance» қайырымдылық тобы секілді жылы киімдерімізді беру арқылы басқаларға жылулық сыйлай аламыз.

Айнель Досалиева, «Balance» қайырымдылық тобының өкілі:

- Бұл жоба алғашында «Қоғамға қызмет көрсету» пәні аясында жасалды. Біздің топтың мүшелері - AlmaU студенттері. «Мейрамхана және қонақ үй бизнесі» мамандығында оқимыз. Әрбір қатысушының жеке мақсаты мен табандылығын ескере отырып өз командамызға алдық. Біз жобаны іске асыру үшін ғана адам жинағымыз келмеді. Қол ұшын беруге дайын адамдарды үлкен жауапкершілікпен қабылдадық.

Біздің міндетіміз – халықтың осал топтарындағы адамдарға көмектесу. «Көмек» түсінігінің ауқымы кең: балалар үйінің тәрбиеленушілерін оқыту, қарттар үйіндегілерге көмек көрсету, тұрақты тұрғылықты жері жоқ адамдарға азық-түлікпен көмектесу және т.б. Қыс жақындап, суық басталатындықтан киім-кешекпен көмектесу пайдалы болар деп ойладық. Оның үстіне көптеген жан ескі, бірақ киюге жарамды киімдерін қайда өткізерін білмейді. Бұл жоба киім-кешектерді тоздыру мақсатында жасалған.

 

AlmaU-да 14 студенттік клуб бар. Одан бөлек басқалары ашылу үстінде. Осы тұста Еркін Тәтішев студенттерге студенттік өмірге көбірек араласып, қоғамдағы оқиғаларға өз пікірін ашық айта білуді ұсынды.

Еркін Тәтішев: «Тұрақты болашақтың кепілі – белсенді азаматтық қоғам. Азаматтық қоғамды қалыптастыру идеясы студенттерден басталады. Спорт және би, қайырымдылық топтары бар. Ең белсенді қауым– студенттер қауымы. Жастар барлық критерийлер бойынша белсенді болуы керек. Саяси белсенді, талапшыл, батыл болыңыздар. Джохар Дудаевтың «Бүгінгі әкелердің қорқақтығы "сақтық" деп аталса, балалардың құлдығын "адалдық" деп атайтын уақыт келері анық» деген сөзі бар. Егер сіз 18-20 жаста қорқатын болсаңыз, болашақта сізді ешнәрсе күтпейді, құр сұр массаға айналасыз».

 

Сонымен қатар,Тәтішев мырза студенттерге газет-журнал ашуды ұсынды.

«AlmaU туралы жазу міндетті емес. Мүмкін біреу феминизм туралы, оны не мазалайтыны туралы жазатын шығар. Бұл да тәжірибе. Сіз өз ойыңызды еркін жеткізуге үйренесіз. Жастар арасында сөз бостандығы жоқ. 20 жаста үндемесеңіз, 20 жылдан кейін орныңызды босатуға тура келеді. Бірақ ол кезде қаржылық жағдайыңыздың жақсы боларына ешкім кепілдік бермейді», - деді кәсіпкер.

Ректор әлеуметтік белсенділікті GPA-мен бағалау жүйесі қолға алынатынын айтты. Осы тұста университеттің тұрақты даму орталығын атап өткіміз келеді. Бұл орталық және ESG AlmaU «ESG және БҰҰ тұрақты даму орталығындағы инновациялық шешімдер мен көшбасшылық» тақырыбында Бірінші жастар форумын өткізеді. Басты мақсат жастарды БҰҰ SDG және ESG жобаларын жүзеге асыруға тарту болмақ.

Біз тұрақты даму орталығы және ESG AlmaU директоры Айнар Нұрғалиевтен форумның мақсаты туралы толығырақ айтып беруін өтіндік.

Айнар Нұрғалиев: «Форумның мақсаты – Алматы қаласының белсенді жастарын БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарының тұжырымдамасымен таныстыру және тәжірибе алмасу. Ғылыми жаңалықтар мен зерттеулер, жоба нәтижелері мен жаңа идеяларды бірлесіп әзірлеу үшін арнайы алаң қалыптастыру. Осы іс-шара аясында жастар әлеуметтік және экологиялық мәселелерді шешу тетіктерімен танысып, қажетті білім алумен қатар корпоративтік сектордағы сарапшылар мен үкіметтік емес ұйымдармен (ҮЕҰ) SDG және ESG тәжірибе алмаса алады».

Кездесу соңында AlmaU студенттеріне «студенттік портрет» жасау идеясы ұсынылды. Оған қоса Еркін Тәтішев студенттерді ақылы түрде тәжірибеден өтуге шақырды.

Бөліс: