Биыл балалары жоғары оқу орындарына түсетін көпбалалы және аз қамтылған отбасыларының ата-аналарына арналған тілек
Білім алу жөнінде жастардың алдында тұрған таңдау жасайтын қазіргі кезең ата-аналар үшін өте маңызды. Осыған орай, өмірлік таңдау жасау алдында пайда болатын көптеген сұрақтарға дұрыс басымдық беру тұрғысында көмектесуге дайындығымды білдіремін. Биыл мемлекет тарапынан көпбалалы және аз қамтылған отбасыларына арнап бірнеше нақты шаралар іске асырылғанын естеріңізге саламыз. Соның ішінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев маусым айында 2% несиемен тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру, бір рет екінші деңгейлі банктердегі қарызды өтеу, 5 мың қосымша білім беру гранттарын бөлу жөніндегі жарлықтарға қол қойды. Бұл қоғамның әлсіз топтарына көрсетілген көптен күткен қолдау.
Соның арасында 5 мың қосымша білім беру гранттарының бөлінуі тек бір әлеуметтік тұрғыда емес, сонымен қатар көрегендікпен қабылданған шешім деп білемін. Себебі білім мемлекеттің тұғыры және келешекке деген сенім көзі. Көпбалалы және аз қамтылған отбасынан шыққан балаларға арналған білім беру гранттарын алу үшін ҰБТ-ның шектік деңгейінен сүрінбей өткен түлектер ғана 5 - 10 тамыз аралығында конкурсқа қатысуға құжаттарын тапсыруы қажет.
Балаңыз кәсіп таңдау секілді маңызды таңдау жасардың алдында әр ата-ананы сұранысқа ие болатын және жоғары жалақылы қызметке тұратын маман болу үшін қай жерге оқытсам деген ой мазалайтыны рас. Алайда баланың тұрғын үй немесе жатақхана жалдау ақысы, жолақысы, тұрмысқа икемсіздігі, таңдаған оқуын алып жүре алмау секілді қиындықтарын таразылау сәтінде одан да аз қаражатты үнемдеймін деп көптеген ата-аналар аймақтық, яғни «өзінің» тұрғылықты жеріне жақын орналасқан жоғары оқу орнына оқуға түсу тиімді деп санайды. Айтқандай сіздің отбасыңызға Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларындағы беделді университеттерде білім алу мен қоныс аудару шығыны көп болатыны тағы бар. Соның ішінде грант иелеріне төленетін 21 000 теңгеге жуық шәкіртақы мен оқу жылында екі рет бөлінетін 10 000 астам поезда жүру жолақысы да өз көмегін тигізетіні хақ. Таразылай келе, сіздің алдыңызда кездесетін қиындықтар үлкен қалада орналасқан университеттер ұсынатын халықаралық білім алмасу бағдарламалары, бәсекеге қабілетті орта, жоғары сапалы білім (бұл туралы төлем қажет етпейтін, дегенмен мемлекеттік гранттан 2-3 есе артық жоғары оқу орындарындағы оқудың коммерциялық құны айтып тұрғандай) секілді жақсылықтарға қол жеткізуге жол береді. Осының нәтижесінде жас жеткіншек еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, еліне, өзіне деген сенімі мол маман болып қалыптасады.
Бұл дегеніңіз зор мүмкіндік пен сапалы білімі бар университет қабырғасында біліммен сусындап диплом алған, өзінің біліміне сенімді түлек тек отбасының әлеуметтік жағдайын жоғарылатып қоймай, тіптен туып өскен ауылының да, аймағының да қал-жағдайын жақсы жағынан өзгертеді. Қымбатты ата-аналар, сол сәтте Сіз беделді жоғары оқу орнын таңдауда дұрыс шешім қабылдағаныңызға көзіңіз жетеді.
Осыған орай менің анамның сапалы жоғары білім алу туралы арманы балалары арқылы жүзеге асқанын айта кетейін. Мен үшін өз отбасымдағы сыйлы адам – анам. Анам көпбалалы отбасында дүниеге келген. Бөбектері аштықтан шетіней берген соң анамның ата-анасы амалсыздан оны үш жасында балалар үйіне тапсырады.
Біраз уақыттан соң анам тәрбиеленген балалар үйі Ресейге қоныс аударғанда ата-анасымен байланысы үзіліп қалады. Алайда бұл оқиға жақсылықпен аяқталды, себебі кәмелеттік жасқа келгенде анам елге оралып, ата-анасымен қауышты.
Елге келген соң тұрмыс құрып жеті баланың аяулы анасы атанды. Жастайынан көкірегенде жүрген жоғары білім алу жөніндегі арманының орандалуы неғайбыл екенін сезген анам осы ойын барлық тәрбиелеген жеті баласы арқылы жүзеге асыру шешімін қабылдады.
Отбасымыз бұрынғы Көкшетау облысының әртүрлі ауылдарында тұрды, сол кездегі жағдайға байланысты жеті бала тұрмақ жалғыз баланың қолын жоғары білімге жеткізу ерлікке тең болатын. Дегенмен анамның: «Менің басты мақсатым – балаларыма жоғары білім беру беру, соның нәтижесінде олар дәулетті өмір сүре алады», деген сөздері есімнен кетпейді. Анам мақсатына кол жеткізді! Бауырларымның алған жоғары біліміне көз жүгіртсем, жеті балаға шаққанда біздің отбасымызда барлығы 18 диплом!
Ерекшелігі сол, анам барлығымызды сол кездегі еліміздің астанасы Алматы қаласына оқуға жіберді. Отбасымыздан қатарынан екі бала, тіптен үш бауырым бір уақытта жоғары оқу орындарында білім алған кезеңдер болды. Қаржылық тұрғыдан қиындықтар бола тұра, ата-анам да, біз де қиындыққа мойымай қосымша жұмысқа тұрып, пошташы, күзетші, жүк түсіруші қызметін атқарып оқуымызды абыроймен тәмәмдадық. Осы ретте айтаын дегенім, қосымша жұмыс іздеймін деген ниетті адамға білім ала жүріп те, жазғы демалыста да үлкен қалаларда қосымша қызмет табуға зор мүмкіндігі бар.
Менің пайымдауымша, балаларына білім беру үшін ата-аналар сол бір қиын жылдары да соңғы тиын-тебенін беруге дайын еді. Осы сөздеріме дәйек ретінде жұбайымның туған ағасы Нығмет Ғабдуллиннің өмірінде болған жәйтке тоқталамын. Сонау 1946 жылы оның ата-анасы соңғы сиырын сойып, ұлын жоғары білім алу үшін Алматыға аттандырды. Нығмет Ғабдуллин ғылым жолына түсіп, беделді басылымдардың бас редакторы қызметін атқарып ата анасының үмітін ақтады. Сонымен қатар қазақ тілінде көптеген әңгімелер жинағының авторы ретінде өзінің шыққан ауылының атын бұқараға әйгілі етті. Ата-анасының оның шығармашылық дамуына қосқан үлесі зор, себебі жас кезінде талантының дамуына көңіл бөлді.
21 ғасырда кәсіпкерлік қарқынды дамуда
21 ғасырда кәсіпкерлік қарқынды дамуда, сондықтан бастысы біз жастарымыздың өз ісін ашуына көңіл бөлгеніміз жөн. Көпбалалы отбасынан шыққан жас бала кәсіпкерлікке бейімі бар мамандықты таңдаса, өз отбасының тұрақтылығынқамтамасыз етеді, соның ішінде отбасылық бизнес те құруы мүмкін. Қазіргі кезде елімізде кәсіпкерлікті және орта бизнесті дамыту жөнінде Мемлекеттік Бағдарлама жасалды. Өз ісін ашуға ұмтылған тұлғаларға жеңілдігі бар қарыздар, гранттар және кәсіби курстар ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылуда.
Кәсіпкер ретінде ойлайтын тұлға қалай жұмысқа тұрсам деген ойдан аулақ болады, керісінше өз бизнесін құрып, әрі қарай дамыту үшін білгір мамандарды қызметке алады
Қорытындылай келе, ата-аналар мемлекетпен баласының сапалы жоғары білім алу жауапкершілігін бөлісіп қана қоймай, балалаларын жаңа өмірге жетелейтін болашағы бар деңгейге жеткізеді. Менің ата-анам кезінде балаларының жоғары білім алу туралы өз арманын іске асырды, Сізге де дұрыс шешім қабылдауға тілектеспін.
Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданы Антонов орта мектебінің түлегі,
Алматы Менеджмент Университетінің (AlmaU) Президенті,
Қазақстан Республикасының Білім беру Үздігі
Асылбек Қожахметов
5 тамыз 2019 жыл