Асылбек Қожахметов білім беру, EQ және кәсіпкерлік ойлау жайында
Алматы Менеджмент Университетінде мектеп оқытушыларына арналған 5 күндік біліктілікті арттыру бағдарламасы басталды.
Бағдарлама AlmaU Қамқоршылық Кеңесінің мүшесі Бауыржан Оспанов жетекшілік ететін «ZHERSU Жарқын Болашақ» корпоративті қорының қолдауымен Лепсі және Жыланды ауылдарының мектеп оқытушыларына арналып ұйымдастырылды. «Мектеп ұжымының басқарушылары мен мұғалімдерінің өзгерісі. Жаңа әдістер мен технологияларды оқыту» тақырыбындағы бағдарлама 25-29 шілде аралығын қамтиды.
AlmaU президенті Асылбек Қожахметов «Мектеп келешегі: университет тұрғысынан көзқарас» тақырыбында бағдарламаның бірінші семинарын өткізді. Президент авторлық семинарында мектептердегі білім беру жүйесі, заманауи білім беру, ашық мектептер, академиялық адалдылық, эмоцианалды интеллект тақырыптарын қозғады.
Асылбек Қожахметовтың айтуынша, мектеп оқушыларының бойында эмоцианалды интеллекті тәрбиелеу керек. Себебі менталды интеллектке (IQ) ие адамдар көп болғанымен, өз білімдерін пайдаға асыра алмай жүргендер аз емес. Ал эмоцианалды интеллекті (Еmotional intelligence (EQ) - өзін және өзгені түсіне білу, басқара білу) дамыған адамдар керісінше карьера жолында тезірек ілгері қадамдап, үлкен жетістіктерге жетіп жатады. Сондықтан мектепте ең алдымен EQ-ді үйрету керек. Алайда біздің мектептерде де, университеттерде де EQ оқытылмайды, адамдар өзінің өмірлік тәжірбиесі арқылы EQ-ді үйреніп жатыр.
Асылбек Қожахметов ҰБТ тапсыру кезінде телефонды бір рет пайдаланған абитуриентке ескерту жасаудың орнына бірден аудиториядан шығарып, келесі жылға қалдыру әділ болатынын айтты. Себебі кейін аталмыш оқушы прокуратурада жұмыс жасауы мүмкін, заңгер де болу мүмкін. Адамның бойында адалдық сияқты жақсы әдеттерді тәрбиелеу спикердің ойынша бірінші орында тұру керек.
Президент бірнеше саланың басында жұмыс істеп, жаңа мамандықтарды бағындырған жастарды қолдайтынын айтты. Спикердің пайымдауынша, зейнеткерлік жасқа дейін бір мамандықта жұмыс жасау – өткен ғасырдың сұранысы. Қазіргінің адамдары ылғи ізденісте болып, өз мүмкіндіктерінің жаңа қырларын ашуы тиіс.
Асылбек Қожахметов электронды презентациясында кәсіпкерлердің 2 түрлі ойлау жүйесін көрсетті. Бірінші типтегі кәсіпкерлер өз жолын жеңіс пен ұтысқа бөледі. Яғни, я ұтасың, я жеңілесің. Мұндай ойлау жүйесі қалыптасқан адамдардың жеңіліс кезіндегі стресс деңгейі жоғары болады. Себебі оларға жеңілістен кейінгі жол жоқ.
Екінші типтегі кәсіпкерлер болса, өз жолын жеңіліс, жеңіліс, жеңіліс және одан кейінгі ұтыс ретінде қарастырады. Яғни, бұл санаттағы кәсіпкерлер өз жеңілісін жеңіске бастар жол ретініде қарастырады. Мұндай типте ойлайтын адамдар қатарының жарқын мысалы ретінде Асылбек Қожахметов Авраам Линкольнды келтіреді. Түрлі сайлаулардағы 30 жылдық жеңілісінен кейін, 1860 жылы Авраам Линкольн АҚШ Президентінің сайлауында жеңіске жетті.
Білім беру жүйесі жақсы дамыған мемлекет ретінде спикер Финляндияны мысалға келтіреді. Соңғы 30 жылда аталмыш ел білім беру жүйесінде 1 реформаны ғана жүзеге асырып жатыр. Яғни, министр ауысса да, реформа ауыспайды.