And.kz: ЖАҢА ТРЕНД: ӘЛЕУМЕТТIК КӘСIПКЕРЛIК

Жаңалықтар

Сәуір 13, 2016

And.kz: ЖАҢА ТРЕНД: ӘЛЕУМЕТТIК КӘСIПКЕРЛIК

Бүгінде Алматыда әлеуметтік кәсіпкерлікке ден қойған 30 шақты бизнес өкілі бар. Бұл тұрғыда AlmaU (Алматы менеджмент университеті) басшылары мен профессорлары «Алматы – әлеуметтік кәсіпкерлік қаласы» атты концепциясын дайындап, қала әкімдігінің назарына ұсынбақ. Жаңа жоба жайында толығырақ университеттің Әлеуметтік кәсіпкерлік зертханасының меңгерушісі, физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор Нұржан Әлжанова өз сұхбатында әңгімелеп берді.


- Қазіргі таңда бүкіл әлемде, оның ішінде Қазақстанда жаңа тренд – әлеуметтік кәсіпкерлік деген ұғым пайда болды. Дәл осы сала не үкімет, не бизнес орындай алмай отырған кейбір түйткілді мәселелерді шешуге қауқарлы. Қазір біз «Шеврон» компаниясының қолдауымен жаңа жоба бастап, онда Алматыда әлеуметтік кәсіпкерлік қандай деңгейде дамып келеді деген сауал төңірегінде АlmaU зертханасында зерттеу жүргізіп, осы сала өкілдерінің бизнес-кейстерін жинақтап жатырмыз.

 

Айбек Есимов

«MMDance» атты би мектебінің негізін қалаған Айбек Есімов

 

Жақында біз білім деңгейінің арқасында халықаралық ірі компанияда жұмыс істеп жүрген жігіттің өз жұмысынан кетіп, Балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан жасөспірімдерге би үйірмесін ашқанын естіп, онымен сұхбаттасып қайттық. Айбек Есімов «MMDance» атты би мектебінің негізін қалаған. Бұл үйірмеге ата-анасы бар балалар да барады, ал жетім балаларға би тегін үйретіледі. Оның басты мақсаты – жетімдердің қоғамға араласып, бейімделуі. Өз сұхбатында ол: «Басында көптеген ата-аналар: «Неге біздің балаларымыз жетімдермен бірге би үйірмесіне қатысуы керек?» - деп наразы болды» деген еді. Соған қарамастан, Айбек қоғам ішіндегі мұндай әділетсіздіктермен,  теріс көзқарастармен дұрыс күресе біліп, бәрін жеңіп шықты. Би мектебінде балаларға арнап шеберлік оқуларын Құралай Нұрқаділова, Әдемі, Айқын сынды жұлдызды тұлғалар өткізіп, жасөспірімдердің арманға сеніп, қоғамда белсендірек болуына ықпалдасқан.

 

Моника Ворбухен

«Жеті-Ағаш» ұйымын ашқан Моника Ворбухен

 

Әлеуметтік кәсіпкерліктің тағы бір мысалы – Моника Ворбухен басқаратын «Жеті-Ағаш» ұйымы. Бұл ұйым түрмеден шыққан және қиындыққа душар болған әйелдерге көмектесіп, оларға тігін тігу, жеміс өсіру сияқты кәсіби мамандықтарды үйретеді.  Бұл арада әлеуметтік кәсіпкерлік осындай әйелдердің қоғамға тезірек бейімделіп, жұмыспен қамтылып, өздерін басқалармен теңдей дәрежеде сезінуге ықпал ететіндей үлкен қоғамдық миссияны атқарады.

- Сонымен, әлеуметтік кәсіпкер деген кім?

- Билл Драйтон айтқандай: «Әлеуметтік кәсіпкер адамның қолына балық берумен немесе балық аулауды үйретумен шектеліп қалмайды, олар балық шаруашылығын түгелдей үлкен төңкерістен өткізбей, тыным таппайды». Мен Әлеуметтік кәсіпкерлік көшбасшыларының жаһандық қауымдастығының басын біріктіретін «Ашока» компаниясының негізін қалаушы Драйтонның басқа анықтамасын мысалға келтірейін. Әлеуметтік кәсіпкерліктің әлеуметтік іс-шараларды қолға алатын және әрқилы қызмет түрлерін ұсынатын басқа да коммерциялық не коммерциялық емес ұйымдардан айырмашылығы – оның жұмыс істеу мәнерінде. Мұндағы оның негізгі өзегі – инновациялар мен кәсіпкерлік ұғымдары.

Ең бастысы, мұндай кәсіпкердің әлеуметтік миссиясы коммерциялық мүддеден жоғары тұрады. Мұндай кәсіпорындар, ең алдымен, әлеуметтік мәселелерді шешу үшін құрылады. Мәселен, жаңадан жұмыс орнын ашып, онда мүгедектерді жұмыспен қамту дегендей мақсаттары болады. Екіншіден, бұл кәсіпорын өзін-өзі ақтап, нарық заңдылықтарымен өмір сүруі керек. Бірақ түпкі мақсат – табыс емес. Үшіншіден, инновациялық ұстаным. Кейбір азаматтар инновация десе, жаңалық ашу деп біледі. Бұл олай емес. Инновация – осы мәселелерді шешуде жаңадан жол табу, іздену деген сөз. Төртіншіден, адам тұлға болуы керек. Әлеуметтік бизнес – ең алдымен креативті идея. Сондықтан кәсіпкерліктің бұл түрін корпорациялар емес, тұлғалар жасайды. Бір тұлғаның идеясы әлемді өзгерте алады. Кейде оларды «өзгеріс агенттері» деп те атайды.

 

Это двор

«Біздің аула» әлеуметтік жобасы аясында

 

- Қазір көпшілік әлеуметтік серіктестіктер мен жалпы қайырымдылықпен айналысатын кәсіпорындардың ара-жігін ажырата алмайды. Олардың айырмашылығы неде?

- Қайырымдылық дегеніміз – қаржылай демеу жасау. Қазір әлемді шарпыған экономикалық дағдарыстың кесірінен көптеген донорлық бағдарламалар, қаржылай демеушілік қысқарып жатыр. Ал әлеуметтік кәсіпорындар, әрине, гранттармен де өмір сүре алады, бірақ гранттарсыз да өзін-өзі қамти алатын мекемелер жоқ емес. Әрине, бұдан тыс корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік бар. Бұл дегеніміз – компаниялардың әлеуметтік қордаланған мәселелерін шешу үшін қаржылай демеушілік жасауға дайындығы. Олар бұл іске этикалық және ар-ұждан қағидаттарына сәйкес барады. Десе де, олар бұл арқылы өз пайдасын көздейді. Яғни, әлеуметтік мәселелерді шеше отырып, тұтынушылардың өздеріне деген ниетін жақсартқысы келеді. Сондай-ақ, салықтық жеңілдіктерге ие болып, әкімдік кедергілерден оңай өткісі келеді. Ал біз қоғам мүддесі үшін әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысып жүрген тұлғаларды ел таныса екен дейміз. Өкінішке қарай, оларды көпшілік біле бермейді. Себебі олардың көбісі пиар деген нәрсені ұнатпайды. Қазіргі таңда Алматыда 30 шақты әлеуметтік кәсіпкер бар.

 



«Агробизнес» жобасы зертханасында

 

- Әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуына біздің елімізде жағдай жасалған ба?

- Жалпы, елімізде әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуына басты кедергі – тиісті заң жобасының жоқтығында. Бұл бағытта заң жобасын дайындау керек. Егер бұл сала заңмен реттеліп жатса, онда бұл әлеуметтік кәсіпкерлерге көрсетілген үлкен қолдау болар еді. Яғни, олардың құқықтары мен міндеттері заңмен реттеліп, бұл бизнеске адамдардың көбірек келуіне ықпал етер еді. Қазір оларда ешқандай да салықтық жеңілдіктер жоқ. Ғимаратты да қыруар қаржыға жалдауға мұқтаж. Мұның бәрі заңмен реттелуі тиіс. Бір қуантарлығы, «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасы бар. Оған сәйкес, басты мақсат – қазақстандық шаруалардың жаңа заманғы, үздік технологиялар мен ауыл шаруашылығындағы әлемдік озық тәжірибелерді пайдалана отырып, табысты еселей түсу, отандық аграрлық саланың қарыштап дамуына жол ашу. Біздің назарымызды ерекше аударып отырған ұйым – «Еңбекшіқазақ ауданы жергілікті қоғамдастықтарының қоры». Коммерциялық емес бұл ұйымды Бақытгүл Елшібаева басқарады. Осы күнге дейін 23 әлеуметтік жоба жүзеге асқан. Ұйым аясында «Агробизнес орталығы» дүниеге келген. Бұл орталықта конференц-залы да, компьютер класы да, тіпті, кішігірім зертханасы да бар. Олар шаруалар үшін тренингтер мен экскурсиялар өткізіп тұрады. Мәселен, бұл орталық өкілдері арбаға таңылған жас жігіттің мүмкіндіктерін көре келе, оған 4-5 компьютер сатып алып берген. Ол жігіт ауылда интернет-кафе ашып, жергілікті ауыл тұрғындарына әртүрлі қызмет түрлерін ұсынады. Ал бір әйелге тігін машинасын алып берген. Қазір ол әйел тігіншілікпен айналысып, отбасын асырап отыр. Бір жағынан, бұл ұйым тұрғындардың жұмыспен қамтылуына әсер етіп отырса, екінші жағынан, жергілікті халықтың қалаға кетпей, өз ауылдарында қалып, жұмыс істеуіне әсер етуде.

 

Мухаммед Юнус

Әлеуметтік кәсіпкерліктің негізін қалаған Мұхаммед Юнус

 

- Әлемде әлеуметтік кәсіпкерлікке кім алғаш жол ашқан?

- Біз бар үлгіні ең алдымен Мұхаммед Юнустан аламыз. Ол – Нобель сыйлығының иегері, Бангладештен шыққан азамат, экономика ғылымдарының докторы, профессор. Бірде ол шәкірттерімен ауыл-ауылды аралап жүріп, кедей әйелдердің күн көру үшін қолдан әртүрлі сөмке, қоржын жасайтынын көреді. Оларға көмектескісі келген Мұхаммед Юнус әйелдердің әрқайсысына 24 доллардан қарыз береді. Кейін олар үшін банктен несие сұрағанында, ешбір банк кедейлерге қарыз беруге келіспейді. Бұдан кейін ол «Грамин» атты банктің негізін қалап, кедей адамдарға несие бере бастайды. Содан болар, Мұхаммед Юнус микронесиелеудің атасы саналады. Ол әлеуметтік кәсіпкердің үлгісі боп кетті. Ал Швейцариядан шыққан кәсіпкер Кристина Теодолоз-Уокер нашар денсаулығына байланысты жұмыстан айырылғандарға қоғамға қайта бейімделіп, жұмыс табуына жол ашты.

 

Это двор

 

- Алматы – әлеуметтік кәсіпкерліктің үлкен ошағына айналуы мүмкін бе?

- Әрине. Біздің университетімізде дайындалып жатқан концепция «Алматы – әлеуметтік кәсіпкерлік қаласы» деп аталады. Қазір Алматы қаласына келген жаңа әкім Бауыржан Байбек тың бастамаларға мұрындық боп отыр. «Смарт-City» сияқты жобалары арқылы инновациялық бастамаларға жол ашумен қатар, Алматы жұртын қала дамуына тартып та жатыр. Біз де қала әкімдігі мен жалпы қоғам іші әлеуметтік кәсіпкерлік сияқты жаңа трендтің дамуына мүдделік танытады деп сенеміз.

Әңгімелескен Кәмшат Тасболат

Фотосуреттер AlmaU зертханасынан және microzaymy.ru сайтынан алынды

Бөліс: