and.kz: АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМҒА АРНАЛҒАН MBA...
2012 жылы «Шеврон» компаниясы және «Орталық Азия Еуразиялық қорының» қолдауымен AlmaU (Алматы Менеджмент университеті) жанынан Үкіметтік емес ұйымдардың Сараптау орталығы құрылған болатын. Бұл орталықтың директоры, PhD докторы, профессор Бақытнұр Отарбаева дәл осы оқу ордасының таңдалуын әлеуметтік жауапкершілік пен қоғамдық істерде белсенділік танытудың арқасы деп біледі.
«Бүгінде біздің ауыз толтырып айтатын жобамыз – университет негізінде Үкіметтік емес ұйымдардың көшбасшыларына арналған магистратураның ашылғаны, - деп бастады өз әңгімесін Бақытнұр Отарбаева. – Үкіметтік емес ұйымдарды жоғары білімді, білікті азаматтар басқарады. Бірақ олардың мамандықтары әртүрлі. Ал ұйымды қалай басқаруды, мененджмент қағидаларын олар көбіне-көп бүге-шүгесіне дейін біле бермейді. Әрине, өмірлік тәжірибенің өз пайдасы бар, ал білімның орны бөлек. Сондықтан біз «Коммерциялық емес саладағы менеджмент» атты MBA бағдарламасын дайындап, оны іске қосу үшін қаражат іздестіре бастадық. Бұл идеяны, тіпті, осыдан екі жыл бұрын Астанада өткен Азаматтық форумда да баса айтқан болатынмын. Бастапқыда қаржы көзін табуда бірқатар түйткілдер болған-ды, кейін бұл жобаға «Шеврон» компаниясы қолдау көрсетті».
Былтыр басталған осынау жоба аясында Қазақстанның түкпір-түкпірінде ашылған үкіметтік емес ұйымдардың басшылары қазір менеджмент негіздеріне қатысты тиісті білім алуда. Оқу ордасы мен «Шеврон» компаниясы арасындағы келісімшарт бойынша, оқу ақысының бір жартысын магистранттардың өздері, ал қалғанын «Шеврон» төлеп отыр. Бақытнұр Отарбаева, бұл мүмкіндік, осы жоба аясында білім алып жатқан азаматтардың оқуға бей-жай қарамай, ынта-ықыласымен білім алуы үшін жасалғанын айтады: «Жалпы, оқу ақысы екі жылға 1 млн 350 мың теңгені құрайды. Басқа бағдарламалармен салыстырғанда, оқу құны аса жоғары емес. Әлем бойынша MBA бағдарламасы қашанда қымбат тұрады. Әрине, оқимын деген адам жарты ақшасын болса да, өз қалтасынан шығаруы керек, әйтпесе білім алуға ынтасы болмайды. Өз басым үкіметтік емес салада 10 жыл жұмыс істедім. Адам ақшалай болсын, не уақыт жағынан болсын, өз үлесін қоспаса, онда адамның бойында тек тұтынушылық мәдениет қана қалыптасады. Бұл дұрыс емес».
Сарапшының пікірінше, бүгінде үкіметтік емес ұйымдардың имиджі де, беделі де басқаша. Бұл арада азаматтық сектор өкілдері дұрыс мәдениет қалыптастыра білуі керек. «Бізде Кеңес одағынан патриархалды мәдениет мұраға қалды. Бәрі де «мемлекет бізге көмектесуі керек, мемлекет жасап беруі керек, мемлекеттің парызы» деп ойлайды. Шындап келгенде, үкіметтік емес ұйымдар қоғаммен, жекелеген адамдармен жұмыс істеген соң, мұндай теріс көзқарастардан арылып, дұрыс мәдениет қалыптастыра білуі керек. Біз жасаған модуль: «әр адам өз үлесін қосуы керек» дегенді білдіреді. Біздің студенттер жаңа модуль, жаңа бағдарлама, яғни дистанциондық білім негізінде оқытылуда. Бұл өте тұшымды әдіс. Себебі үкіметтік емес салада жұмыс істейтіндердің уақыты тығыз, жұмысы көп. Оның үстіне, басым көпшілігі еліміздің түкпір-түкпірінде қоныс тепкен. Ал Алматыға келіп, пәтер жалдаудың өз шығыны бар. Сондықтан біз дәл осы оқу әдісін таңдап, қаржы және уақыт шығынын үнемдеуді барынша ойластырдық. Бүгінгі заманда дистанциондық оқу жүйесі өте ыңғайлы», - деп пікір қосады Бақытнұр Отарбаева.
Ресми статистикаға сенсек, қазіргі таңда Қазақстанда 27 мың үкіметтік емес ұйым тіркеліпті. Бірақ статистика бұл қатарға, кәсіподақтар мен кәсіби ұйымдардан бөлек, айталық, жекеменшік пәтер иелері кооперативтерін де жатқызады. Сол себепті де бұлардың ішінен нақты үкіметтік емес ұйымдардың санын есептеп шығару қиынның қиыны. Бұл бағытта Алматы менеджмент университетінде арнайы зерттеулер жүргізіліп, қоғамдық маңызды жұмыстар атқарылуда.
Соңғы 3-4 жылдың ішінде халықаралық конференциялар ұйымдастырылып, әдетте үкіметпен, жеке бизнеспен етене араласса да, өзара байланысы аздау үкіметтік емес ұйымдардың бір-бірімен дұрыс қарым-қатынас орнатуы үшін де жағдай жасалған. Қазақстанда өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан бастап жұмыс істеп келе жатқан үкіметтік емес ұйымдардың тәжірибесі мол. Бірақ жаңа ұйымдармен арада байланыс аздау. Бұл арада университет басшылығы мен Сараптау орталығындағы зерттеушілердің мұрындық болуымен менторлық, яғни тәлімгерлік бағдарлама қолға алынған.
«Еуразия қорының бұл бағытта жинаған тәжірибесі мол. Өйткені олар бүкіл Қазақстан бойынша жұмыс істейді, - дейді Бақытнұр Отарбаева. - Олардың байқауынша, соңғы жылдары ел ішінде ана тілімізге деген сұраныс қатты артып келеді. Қазақстанның түкпір-түкпірінде мемлекеттік тілде жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдар көбейіп жатыр. Зерттеулер көрсеткендей, тіпті, тренингтерді қазақша өткізуден бөлек, іс-қағаздарына дейін мемлекеттік тілде жүргізетін ұйымдардың саны күрт артуда. Десе де, 90-шы жылдардан бері өткізіліп жатқан семинар-тренигтердің модульдері көбіне орыс тілінде құрастырылған. Еуразия қоры осы жағдайды өзгертуге ниеттеніп, қазақ тілді тренерлер дайындауды қолға алды. Ал біліктілігін арттырған тренерлер өз ауыл-аймақтарында қазақша дәріс оқуы керек. Бұл жоба нәтижелі жүріп жатыр».
Мамандардың айтуынша, осындай жұмыстардың негізінде «Азаматтық қоғамның терминологиясы» атты глоссарий, сөздік шығарылған. Оның тренерлер мен бапкерлерге берер пайдасы зор. Бұдан тыс Алматы Менеджмент университетінің «Ұлытау» атты қазақ тілін дамыту және ата салтын сақтау жобасы жүзеге асуда. Университет өкілдері қазақ тілін дамытуға мүдделі кәсіпкерлермен бірлесіп Қарағанды, Көкшетау, т.б. ел аймақтарын аралап, интерактивті тәсілдер арқылы дәріс беруде. Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысындағы ауыл мұғалімдерін Алматыға шақырып, олардың кәсіби біліктілігін жетілдіру бағытында үлкен шаруа атқарылған. Сарапшылар, қолға алынған жобалар нәтиже бере бастады дегенді айтады.