AlmaU-да сейсмикалық жаттығу өтті: «Біз бәріміз парамедик болуымыз керек»

Жаңалықтар

Наурыз 02, 2023

AlmaU-да сейсмикалық жаттығу өтті: «Біз бәріміз парамедик болуымыз керек»

2023 жылдың 1 наурызында AlmaU-да сейсмикалық жаттығу өтті. Түркиядағы зілзаладан кейін сақтық мәселесіне бейжай қарамау керегін түсініп жатырмыз. Себебі Алматы қауіпті сеймикалық аймақ. Сол себепті біз студенттер мен оқытушылар құрамына тосын оқиғада адам өзін қалай ұстау керегін, алғашқы медициналық көмек қалай жасалатынын көрсеттік.

 

Ақмырза Игілікұлы, Aлматы менеджмент университетіндегі медициналық пунктінің дәрігері:

«Біз бәріміз парамедикке айналуымыз керек. Парамедик деген кім? Бұл дегеніміз – кез келген жағдайда жедел жәрдем келгенше алғашқы медициналық көмекті көрсету. 1 сағат ішінде ол көмек көрсетілмесе, жапа шеккендердің 30%-ы бақилық болуы мүмкін. 3 сағатта көмек болмаса, бұл пайыздық көрсеткіш 70%-ға дейін ұлғаяды. Алғашқы медициналық көмек 6 сағат аясында көрсетілмесе, жапа шеккендердің 90%-ы жедел жәрдем келгенше көз жұмады».

 

Алғашқы көмек 4 бөліктен тұрады

  1. Сыртқы қауіптен құтылу.

Мысалы, төсек астында қалған досыңызға көмек көрсетпекшісіз. Сіздің үстіңізге ешнәрсе құламайтынына көз жеткізіп алуға міндеттісіз. Сізге келер қауіп болмаса, біреуге көмек бере аласыз. Айналаға шолу жасаймай аттандап жүгіріп бару өміріңізге қауіпті болмақ.

 

  1. Тыныс алу жолдарын қалыпқа келтіру.

Алдымен жапа шеккен адамның тірі екенін көз жеткізіңіз. Ол үшін контакт орнатыңыз. Иығынан сілкілеңіз. Көзін ашып жанарына қараңыз. Аман болса, ол адамның басын көтеріңіз. Бір қолыңызбен оның басын ұстап тұрыңыз. Екінші қолыңызбен аузын ашып ауыз қуысын тазалаңыз. Аузында бөгде зат болса, адам тыныс ала алмай қалады. Мұрнымен қалай тыныстап жатқанын тексеріңіз. Сосын аузына шүберек төсеп 10-15 дем жібереміз. Мақсатымыз –оттегіге қанық ауаны әлгі адамға жіберу. Сөйтіп ауыздан ауызға жасанды тыныс береміз.

   

            3. Қанды тоқтату.

Қан кетудің 3 түрі бар: капиллярлық, көктамырлы, артериарлық.

Көктамырдан қан кетіп жатса, жараны жуып, тазалап, үстіне шүберек, матаның қиындысын төсеп байлап тастау керек. Ал артериядан қан кетсе, ол фонтаннан су аққандай атқылайды. Мұндайда резіңке тауып сонымен байлап, қанды тоқтату мақсат. 1 сағаттан кейін босатып, қайтадан байлауды ұмытпау керек. Ол үшін қашан резіңкемен байладыңыз бір жаққа жазып қою шарт. Сонда келесі көмекті көрсететін адам маңызды ақпараттан хабардар болады. Мұның бәрі адамның өмірін сақтап қалуға көмектеседі.

Ал көктамырдан қан кетсе, ол баяу ағады. Міне, осылайша екеуінің айырмашылығын көре аласыз.

Капиллярлы қан аса қауіпті емес. Қан аз болады және баяу ағады. Жараны таңып қойса болды. Шамалыдан соң қан тоқтайды.

 

            4. Жүрекке массаж жасау.

Жапа шеккен адамды қатты жерге жатқызыңыз. Омыртқасына зақым келмеген бе, тексеріңіз. Жүрекке алақан қойып, жүректі 30 рет басамыз. Тыныс алу жолдарын қалыпқа келтіреміз. Сосын қайтадан 30 рет жүректі басамыз. Мұны 5 рет қайталаймыз. Содан соң адаммен байланыс орнатуға тырысамыз.

Бөліс: