AlmaU Түркияда зардап шеккендерге 8 генератор жіберді

Жаңалықтар

Ақпан 27, 2023

AlmaU Түркияда зардап шеккендерге 8 генератор жіберді

Түркияның оңтүстік-шығысында болған жер сілкінісінен кейін 20 күн өтті. Зілзаладан зардап шеккендерге әлі де көмек көрсетіліп жатыр.  Алматы Менеджмент университеті де бұл істен таса қалмады.

27 ақпанда AlmaU-дың атынан 8 генератор, жылы көрпелер жеткізілді.  Жылу жинауды Жоғары бизнес мектебі #подарисвет қайырымдылық акциясын ұйымдастырумен бастап кеткен еді.

«Біздің мақсатымыз – Алматы Менеджмент университеті мен Жоғары бизнес мектебі атынан жойқын жер сілкінісінен зардап шеккендерге генераторлар жіберу. Неліктен генераторлар? Адам жөргек пен көрпені, басқа да қажет заттарды сатып ала алады. Бірақ тек бірігіп жылынуға, тамақ дайындауға қажет генераторларды сатып ала аламыз. Сол себепті біз ұжыммен осындай қиындыққа тап болған бауырлас түркі халқына көмектесеміз деп шешім қабылдадық», - деді Жоғары бизнес мектебінің академиялық деканы Балжан Шілібекова.

Бұған дейін Қазақстан Түркия еліне бірінші іздеу-құтқару бригадасын, ал 2 күннен кейін  60 адамнан тұратын екінші бригаданы жіберді. Сондай-ақ 1 млн доллар көлемінде қаржылық көмек және  55 тонна гуманитарлық жүк жөнелткен. Оның ішінде жылжымалы дәретханалар мен шатырлар, көрпелер және қысқы киімдер бар.

Түркия мемлекетінің Елшісі Уфук Икиджи берген ақпарат бойынша: «Жылу жинау Астанадағы Түркия елшілігінде, сондай-ақ Алматы мен Ақтаудағы бас консулдықтарында ұйымдастырылған. Қазіргі уақытта апат аймағына 100 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберілді. Басында  азық-түлікті де қабылдаса, қазір шатырлар, генераторлар, жылытқыштар басымдыққа ие».

AlmaU тек қана кәсіпкерлікті үйретіп-дамытатын жоғары оқу орны емес, сондай-ақ әлеуметтік жауапкершілікті де ұмытпайтын білім ордасы.

 

Бөліс: