AlmaU командасы Bolashak Business Competition финалына қатысты!

Жаңалықтар

Сәуір 11, 2016

AlmaU командасы Bolashak Business Competition финалына қатысты!

25 наурызда  AlmaU-дың магистранттары мен түлектері әрі студенттерінен құралған  командасы Bolashak Business Competition* атты студенттер мен жас кәсіпкерлер арасында өткен бизнес-кейстерді шешу бойынша зияткерлік ойын финалына қатысты. «Болашак» Қауымдастығының ұйымдастырған ойынының мақсаты – жастар  кәсіпкерлігін қолдау, жастар арасында шынайы бизнес-міндеттерді шешу дағдыларын қалыптастыру және аналитикалық қабілеттерін дамыту.

Зияткерлік ойынға қатысуға  университеттер   командалары  атынан 136 өтінім түскен, финалға тек 10-ы өтті.  Әр  командада  жасы 18-ден 29-ға дейінгі 3 студент және 1 кәсіпкер  болуы керек. Байқауға қатысушыларға арналған тапсырмалар  (бизнес-кейстер)  Алматы Менеджмент Университетімен бірлесіп Қауымдастықтың дайындаған Bolashak Business Cases алғашқы қазақстандық бизнес-кейстер жинағынан алынған.

Қатысушылар бизнес-кейстерді шешіп, сонымен қатар өздері бизнес жобаларды келешекте қалай дамытатындарын ортаға салды. Біздің университеттің атынан «Қаржы» мамандығының 3 курс студенттері, ағылшын бөлімінен Ғалия Бостанова және  Айман Темишпаева, тағы да «Жобаларды басқару» мамандығынан ағылшын бөлімінің  магистранты Диас Қожатаев және  AlmaU түлегі, кәсіпкер, өз  event-агенттігі бар  Ильхам Мирзабаев қатысты.

Ғалия Бостанова: «Біздің  презентациямызды мағынасы кең,  ең жүйелі деп мақтады. Бізге түскен  кейс мынадай болды: компанияның негізгі көрсеткіштерін есептеп шығу – бұл дәнді дақылдарды  экспортке шығаратын басты компания, оларға дамуларына кредит беруді шешу керек. Қаржы жағынан алатын болсақ, жауап бір жақты- бермеу керек. Бірақ бұл экономикамызды алға жылжытушы  агробизнес мәселесі болғандықтан, мемлекет кредит беруден бас тарта алмайды. Себебі қаржылық жағынан басқа тағы да әлеуметтік, экономикалық, саяси аспектілері де бар ғой. Сондықтан біз белгілі бір талаптармен, қатал бақылау арқылы кредит беру керек деп шештік».

Айман Темишпаева: «Дегенмен, финалда біз жүлделі орын алмасақ та,  Назарбаев Университет, КИМЭП, UIB сияқты жоғарғы оқу орындарынан келген біздің қатарларымыздың дайындық деңгейін байқадық, шынында, тәжірибе жүзінде қолдана алатын сапалы білім алып жатқанымызды түсіндік. Біз  3 курста ғана оқып жүрсек те, магистранттардан нашар шығып сөйлеген жоқпыз, бұл біздің өзімізге, университетімізге  деген сенімімізді арттырды».

Ойынның жалпы жүлделі қоры  720 000 теңгені құрады. Бірінші орынға  – 400 000 теңге (DreamTeam, Ұлттық банкі магистранттары, Алматы), екінші орынға – 200 000 теңге («Жас Атамекен», Қостанай), үшінші орынға  – 120 000 теңге (Optimus, Астана).

Бөліс: