АҚШ-тың көшбасшы әйелдері AlmaU-ге келді
АҚШ-тың Джон Ф. Кеннеди атындағы Мемлекеттік басқару мектебінің «Әйел және қоғамдық саясат» бағдарламасының өкілдері AlmaU университетіне келді. Америкалық делегация университет ұжымы мен студенттеріне «Әйел және БАҚ, әлеуметтік кәсіпкерлік және қоғамдық қорғау» тақырыбында дәріс өткізді.
Сессияны Клейн медиа және коммуникация колледжі, Темпл университетінің коммуникация және әлеуметтік әсер кафедрасының меңгерушісі Доктор Хизер Ламарр және AlmaU-дың Медиа және кино мектебінің ассистент профессоры доктор Әсел Қамза жүргізді. Спикерлердің қатарында Мэриленд штатының вице-губернаторы (1995-2003), әйгілі Кеннеди отбасының мүшесі
Кэтлин Кеннеди Таунсенд, Women Campaign International ұйымының негізін қалаушы, АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының мүшесі (1992-1995) Марджори Маргулис және мәдениетаралық коммуникация бойынша халықаралық деңгейде танылған зерттеуші, Negotiation and Conflict Management Research журналының бас редакторы Дебора Цай болды.
Ой-талқы кезінде қатысушылар әйел көшбасшылығы, олардың қоғамдық өмірде, саясатта, мемлекеттік экономикалық дамуына атқаратын рөліне тоқталды. Кэтлин Кеннеди Таунсенд:
- Қазір білім алып жатқан орталарыңмен жақсы байланыс құрып алуға тырысыңыздар. Себебі ертең еңбек нарығына қадам басқанда, дәл осы айналадағы адамдармен кезігесіздер. Қазір құрып алған тығыз байланыс ертең көп есіктің құлпын ашуға көмектеседі, – деп кеңес берді.
NBC телеарнасындағы журналистік қызметі үшін «Эмми» сыйлығын 5 дүркін иеленген Марджори Маргулис жеке өмірінен де мысал келтіріп, көпбалалы ана ретінде жұмысы мен отбасылық міндетін қалай қатар алып жүруге болатыны жайлы өз ойымен бөлісті. Жетістікке жету үшін адам үйреншікті ортасының шеңберінен шыға біліп, өзін-өзі қамшылап үйрену керек деген тоқтамға келеді.
АҚШ-тың көшбасшы әйелдері профессорлық-оқытушылық құрамның қойған сұрақтарына жауап беріп, пікір алмасып, сессия соңында естелік суретке түсті.