А. Кожахметовтың 2019 жылы 28 тамызда өткен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында сөйлеген сөзі

Жаңалықтар

Қыркүйек 05, 2019

А. Кожахметовтың 2019 жылы 28 тамызда өткен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында сөйлеген сөзі

Құрметті отандастар!

Құрметті Қырымбек Елеуұлы!

Бүгінгі алғашқы бас қосуда  Ұлттық қоғамдық сенім кеңес мүшелерімен жүздесу мүмкіндігі туғанына  қуаныштымын.  Тәуелсіз  Қазақ Еліміздің  іргетасын қалап жатқан,  халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізе алатын Сіздердей азаматтарға  істеріңіз сәтгі болсын! - демекпін.

Бүгінгі уақыт, қоғамдық-саяси өміріміздің тыныс-тіршілігі еріксіз өзекті, проблемалық  ойларды алға тартуда.

Сөз жоқ, әрбір кезеңнің  өзіндік сыр-сипаты, өзіндік белгілері болады.  Адам мен Мемлекет, Адам мен Қоғам қарым-қатынасы әр уақыттың өзіндік сипаты мен  даму ерекшеліктері бар.  Бір кездері  айтылған  ұлы грек ойшылы Платонның «Ұлы  құдіреттің бірі Сенім арқылы тау қопаруға болады» деген даналығы есіме түсіп тұрғаны.  Жаңадан құрылған Ұлттық Қоғамдық Сенім Кеңесі  кез келген түйткілдің түйінін тарқатып, әлеуметтік мәселелерді шешуге нақты ықпал ететін  ортаға айналады деген сенімдемін.  Сенім кеңесі  деген ерекше атауының өзі «билік пен қоғам, халық арасындағы  диалогтың»  оң бағытқа бет бұратынын  білдіреді деп ойлаймын.  Дәл қазіргі  уақытта біздің   көксегеніміз де,  мақсат- мүддеміз де халық сенімін ақтау, кемел шешімдер қабылдап, миллиондаған қазақстандықтардың пікірі мен көзқарасын, талап-тілегін  билікке жеткізу және билікті іске асатын нақты реформаларды жүзеге асыру жөнінде шешімге жақындату.

Кезінде түркі қағаны өз мөріне  «Таңда  да  жұбан»  деген сөздерді қашап  жазған екен. Әрине, біздің де таңдауымыз бар, ол - біртұтас ел болып қалу. Сонымен қатар  билік те  өз тарапынан стратегиялық қадамдар мен шешімдерді қабылдауы қажет деп ойлаймын. Сенім кеңесінің әр отырысында Парламенттің ұзақ процедуралы қарауына жатпайтын және Президенттің өкілеті шеңберінде шағын мәселелердің шешімін қабылдағанымыз жөн. Сенім Кеңесі конструктивті ұсыныстарымен, талқылау тәсілімен, Кеңес мүшелерінің өзара сыйластық қарым-қатынасы арқылы қоғамымызды, барлық деңгейінде айтарлықтай үлгі болады деп деген ойдамын және сенемін.

Осы тұрғыда Азаматтық альянстың да белсенділігін арттырып,  міндеттерін  жаңаша қарастыру  қажет деп ойлаймын. Әрине, қарастырылатын  мәселе өте көп. Қазіргі қоғамдағы қалыптасқан кейбір наразылықтарды шешуге тиімді диалог алаңы болатынына толықтай сенімдімін.

Біріншіден, квазимемлекеттік сектордағы компаниялардың ашықтығы мен есеп беруін арттыру үшін «Самұрық-Қазына»,  «Бәйтерек», «Қазагро» компанияларының Директорлар кеңесіне  және оларға еншілес құрылымдарға, сонымен қатар аймақтардағы әлеуметтік-кәсіпкерлік компанияларына азаматтық қоғамның белсенді қайраткерлері мен өз ісінің майталман мамандары мүшелікке өтуі қажет. Президенттің өкілеттілігі осындай шешімдер қабылдауға жеткілікті.

Екіншіден, әкімдіктер мен министрліктердің жанындағы Қоғамдық Кеңестер Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің  Екінші Палатасы бола алады. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі оларды өз қамқорлығына алып, олардың жетекшілерін өз отырыстарына шақырсын деген пікір білдіремін.

Үшіншіден,  Ұлттық кеңес Төрағасы айына бір рет кезекпен Кеңес мүшелерімен кездесіп тұрса деген ұсынысым бар. Бұл әрқайсымызды естуге және Кеңес мүшелері арасындағы өзара түсінушілікті арттыруға көмектеседі. Осы орайда, Президент пен халық  арасындағы тағы да бір тікелей арна болуына мүмкіндігі бар.

Халықтың бізге артқан сенімін ақтайтындығымызға, олармен бірлікте болатынымызға сенімдімін!

Бөліс: