AlmaU мен Нархоз тандемі: Winter Research School 2023
Қысқы зерттеу мектебі – бұл оқытушылардың дамуын көздейтін қайталанбас бағдарлама. Ұзақ жылдар бойы өткізіліп келе жатқан бұл шара дәстүрге айналып үлгерді. Жыл сайын Алматы Менеджмент Университеті профессор-оқытушылардың сұранысын анықтай отырып, білікті спикерлердің басын қосып арнайы бағдарлама әзірлейді.
Биыл оқытушы қауымның зерттеу қабілетін шыңдау приоритетке айналды. Нәтижесінде AlmaU мен Нархоз бұл миссияны орындамақ ниетте бірікті. Сөйтіп ғылыми зерттеу жасау, деректерді өңдеу мен ғылыми жобаларды іске асыру бойынша бағдарлама жасақталды.
Екі оқу орнының коллоборациясы Winter Research School 2023 бағдарламасын әзірлеуге негіз болды. Университеттердің ең үздік спикерлері R, Excel мен Stata-дағы деректерді өңдеу, сапалы журналдарды іріктеу, министрліктің гранттық жобаларына өтінім беру бойынша білім берді.
Аталмыш бағдарлама оқытушылар арасында қызығушылық оятты. Нәтижесінде 12 жоғары оқу орнынан 90 қатысушы Қысқы мектепке ат басын бұрды. Алматылық, қарағандылық, тараздық және шымкенттік оқытушылар білімдерін тереңдеп, зерттеу қабілеттерін шыңдай түсті.
Қысқы мектептің тағы бір ерекшелігі – теориялық білімді іс жүзінде бірден қолдануға мүмкіндіктің берілуі. Қатысушылар соңғы күні ғылыми зерттеу жобасын дайындап, болашақ мақаланың қаңқасын әзірледі.
Қысқы мектеп қатысушыларының бірі Нархоз Университетінің 1 курс докторанты Гүлбахыт Мақсұт өз әсерін бөлісті:
«Маған Қысқы мектеп қатты ұнады. Өте жақсы ұйымдастырылған. Спикерлердің тақырыптары өзекті. Бірнеше спикерді тыңдағаннан кейін мақалам бойынша жақсы ойлар туындады. Сонымен қатар тың жаңалықтар естідім. Екі университеттің де ұйымдастырушылық қабілеті өте жоғары. Алғысым шексіз!».