"Сырлы жүрек" атты жыр кеші
Ұлттық құндылықтар мұратын негізгі темірқазық ретінде ұстана отырып, отаншыл адамгершілік қасиеттерді жоғары қоя білетін, қазіргі жаһандану кезеңінің талаптары туғызып отырған білімді ұрпақ тәрбиелеу ісі - еліміздің әрбір оқу орындарының күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі. Осы бағытта қызмет етіп келе жатқан Алматы Менеджмент Университеті өз студенттерінің бойына өнерді, өнер арқылы елді сүюге тәрбиелеуді білім берумен қатар жүзеге асырып келеді.
11.02.2020 жылы Алматы Менеджмент Университетінің қабырғасында Тілдер орталығының ұйымдастыруымен қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туған күнінің құрметіне "Сырлы жүрек" атты жыр кешін өткіздік. Жыр кешіне өзіміздің және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттері, оқытушылар қауымы, Абу Ханифа медресе колледжі шәкірттері мен Алматы қаласы № 142 жалпы білім беру орта мектебі, Алматы облысы, Іле ауданының №5, №36 және Кеген ауданының Ереуіл бастауыш мектебінің оқушылары қатысты.
Рухани құндылықтың бір сипаты болып табылатын өткізілген жыр кешінің мақсаты - жас ұрпақтың бойына ақынның туындылары арқылы сырлы поэзияға деген сүйіспеншілік сезімдерін қалыптастыру, отансүйгіштік рухты, елдік пен ерлікті, ізгілікті үлгі ету, эстетикалық тәрбие беру. Жыр кешінде жыр шашуымен бірге, жүргізілген интерактивті ойындарға , ақынның әндерін караокемен орындауда көрермендер де қатысып, көңілдері бір марқайып қалды. Ақынның сөзіне жазылған "Отыздан асып барамын" әнін ағылшын тілі пәнінің оқытушысы Асылқожа Мұраттың орындауы жастарға жақсы көңіл-күй сыйлады. Жастар оқытушының тағы да бір жақсы қырынан танып жатыр. "Сырлы жүрек" жыр кешінде өз жыр шашуымен, күмбірлеген күй, сазды әндердімен тәнті еткен барлық дарынды қатысушыларымызға және де кештің қызықты өтуіне өз үлесін қосқан жүргізушілері: 2курс студенті Күркүреев Мұрат пен 1 курс студенті Такуова Ақданаға алғысымыз шексіз.
Кеш соңында Тілдер орталығының директоры Амантай Әсем сөз сөйлеп, жыр кешінің қатысушылары мен қонақтарына университет атынан алғысын білдіріп, қатысушыларды Алғыс хатпен марапаттады. Кеш ұйымдастырушылары Тілдер орталығының доценті Бегалиева Ляззат Бегалиевна мен аға оқытушысы Нуртазина Акмарал Осеровнаға алғыс білдіріп, “жүректен шыққан кеш” деп ерекше атап өтті.
Кеш қонақтары ақын ағамыздың туындылары шын шабыттың, қиын күйзеліс пен шын қуаныштан, шын сағыныштан туғандығын сезіне, тебірене оқығандарынан, көрермендердің жанын толқытып, көңілімізді шаттандырып, Мұхаңның жыр әлеміне тереңірек бойлап, оның сыршыл поэзиясының төркінін ұғынуға, жасөспірім мен жастардың поэзияға деген құштарлығын арттыруға, өнер жолдарын бастауға, жан дүниелерінің рухани жағынан баюына үлестерін қосты деп ойлаймыз. Қара өлең құдіретін бағалайтын жыр сүйер қауым , жас ұрпақтың өнерлері биіктен көріне берсін.