Шетелдік студенттер Қазақстан шыңдарын бағындырып жатыр
2015 жылдың 24 қарашасында Алматы Менеджмент Университетінде ( бұрынғы ХБА) Халықаралық студенттер күніне орайлатырылған кездесу өткізілді. Кездесудің қонақтары шетелдік студенттер болды. Бәрімізге белгілі, Халықаралық студенттер күні, дәстүр бойынша, 17 қарашада аталып өтеді.
Мереке құрметіне студенттермен және магистранттармен жұмыс жөніндегі Деканат академиялық ұтқырлық Орталығымен бірлесе отырып, Университетте оқитын шетелдік студенттердің қатысуымен академиялық ұтқырлық аясында ланч, яғни түскі ас ұйымдастырды.
Достық дастарқаны басында AlmaU –да оқитын шетелдік студенттер өздерінің қызығушылықтары мен хоббилері жайында, біздің еліміз туралы білген жаңа ақпараттарымен бөлісті. Франциядан келген Adrian Delorge деген студент өзі Қазақстанға келген қонақтар үшін Алматының тауларына серуен ұйымдастырады екен, олар Нұрсұлтан шыңына, Үлкен Алматы шыңына, Букреев шыңына көтеріліп үлгеріпті. Жастардың көбі Медеу және Шымбұлақ тау шаңғы курортында демалып қана қоймай, жергілікті мұражайларға баратындарын да айтты.
Студенттер Университетті дамыту бойынша өз ойларын да ортаға салды. Шетелдік жастар елдеріндегі тәжірибелерімен бөлісіп, өздерінің сүйікті оқу орындары өмірінен мысалдар келтірді. Сонымен қатар кездесуге қатысқан студенттер Еуропадағы соңғы оқиғалар жайын да талқылап, француз студенттеріне Парижде болған лаңкестік әрекетке байланысты қайғы-қасіреттеріне ортақ екендерін білдірді. Академиялық ұтқырлық Орталығының өкілі Malgorzata Woch Францияның 4 курс студенттеріне: «Мен сіздердің отбасы мүшелеріңіздің, достарыңыздың қауіпсіз жағдайда, аман-есен екендігіне сенемін, сол қайғылы оқиғада запа шекпеген шығар деп ойлаймын»,- деп өз ойын білдірді.