Рик Шангроу: қазақстандық оқытушылардың тек 2%-ы ғана шетелдік басылымдарда өз жұмыстарын жариялайды
AlmaU-ға Синтана Альянсының Президенті Рик Шангроу қонаққа келді. Ол оқытушылар мен студенттерге «ХХІ ғасырда ғылыми-зерттеу жұмыстарына бағытталған университет құру» тақырыбында дәріс оқыды. Рик Шангроу өз сөзін «Мен зерттеуді жақсы көрем» деп бастады. Әлбетте бұл сөз жиылған қауымды қуантты. Расымен, оның ғылымға деген шынайы махаббаты сөзсіз-ақ түсінікті болды. Ол университетте ғылыми-зерттеу жұмыстарын қалай ұйымдастыру керегін ерекше ынтамен айтып берді. Шангроу мырза сөз барысында Қазақстандағы зерттеу жұмыстарына қатты алаңдайтынын да жасырмады. Сол себепті бүгінгі лекция қазақстандық ғалымдарға мотивация сыйлайтына еш күмәніміз жоқ.
Рик Шангроу:
Қазақстандағы зерттеу институттарының қазіргі күйі
Спикер үш мәселені басты назарға алды. Атап айтқанда, оқытуды ғылыми зерттеулерден бөлетін кеңестік жүйенің әлі де болса ықпалы жайлы. Қазақстандық оқытушылардың тек 2%-ы ғана шетелдік басылымдарда өз жұмыстарын жариялайтынын да атап өтті. Ал үкіметтің ғылымға аз қаражат бөлетіні баршамызға мәлім. Дегенмен халықаралық серіктестік саны артып келеді. 478 жобаға шетел ғалымдарының қатысып жатқаны қуантады.
Университеттерге зерттеу қаншалықты маңызды?
Бұған бес себеп бар. Біріншіден, зерттеулер қазіргі және болашақ ұрпақ үшін жүргізілуі керек. Себебі зерттеу – бұл білім. Соның арқасында білім беру мекемесі мен студент арасы жақындай түседі. Олар тандемде жұмыс істеуді үйренеді. Бұл екінші себеп. Ал үшіншіден, жобаны монетизациялау мүмкіндігі ашылады. Өйткені жүйе дұрыс құрылғанда, процесті нақты түсінгенде ғана зерттеуден технологияға ауысуға болады. Ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысатын университеттердің рейтингі көтерілсе, сәйкесінше оқу орнының беделі де арта түседі. Ал талапкерлер мен олардың ата-аналары осы екі мәселеге ерекше назар аударады.
Қаржыландыруды қайдан табамыз?
Бұл зерттеумен айналысатын ғалымның ең бірінші мәселесі. Ең алдымен жақсы идея қажет. Содан кейін қаржыландыруды іздеңіз. Қаржыландыруға ұсыныс жіберуге халықаралық пікірлестерді табу керек. Қателесуден қорықпаңыз! Өйткені нәтиже тәжірибемен келеді. Қателермен жұмыс істеңіз. Мемлекеттік мекемелердегі ғылыми-зерттеу бағдарламаларының жетекшілерімен танысуға тырысыңыз. Содан кейін ұсыныс жасау мүмкіндігін жіберіп алмаңыз.
Ол үшін қандай инфрақұрылым қажет?
Жақсы кітапхана.
Қолдау.
Зерттеуді түсінетін әкімшілік.
Қажет жабдық.
Тарату технологиясы.
Естеріңізге сала кетейік, Cintana Education – ел экономикасының қажеттіліктеріне жауап беретін жоғары сапалы академиялық бағдарламаларды құру бойынша бірлесіп жұмыс істейтін университеттердің жаһандық желісі. Ал бұл желіге 2021 жылы қазақстандық 100 ЖОО ішінен AlmaU таңдалды. Альянс Cintana Education мен Arizona State University серіктестігінің арқасында құрылды.
AlmaU Cintana Education-нің мүшесі болғандықтан университет оқытушылары мен студенттері Arizona State University репозиторийіне (оқу материалдары бар әлемдегі ең үлкен онлайн платформа) және оның цифрлық оқыту тәжірибесіне, әлемдік деңгейдегі зерттеу бағдарламаларын құру тәжірибесіне, сондай-ақ ASU дипломын алу мүмкіндігіне қол жеткізе алады.