«University of Prince Mugrin ректоры бізді президентті қарсы алғандай күтіп алды»
AlmaU президенті Асылбек Қожахметов пен ғылым жөніндегі проректор Бақытжан Сәркеев Сауд Арабиясына іскерлік сапармен аттанды. 9 күнде олар 4 қалада қонақ болып, 4 университеттің жұмысымен танысты.
Осы кезекте біз Бақытжан мырзамен тілдесіп, сапардан қандай ой түйгенін білдік.
– Бұл сапардың ұйымдастырушысы кім? Мақсаттарыңыз қандай еді?
Өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлердің «El Tiregi» деген одағы бар. Солардың ұйымдастыруымен, біздің қоштауымызбен жолға аттандық. Мақсатымыз – кәсіп ұйымдарымен тығыз байланыс орнату еді. Біз жоғары оқу орны болғандықтан университеттердің тыныс-тіршілігімен танысып, әріптестік орнатуды нысанаға алдық. Жанымыздағы қалған кәсіпкерлер де көздегенімізді қолдап, нәтижесінде 4 оқу орнында қонақ болдық. Жалпы, Рияд, Мәдина, Мекке, Жидда қалаларын көрдік.
–Бұл университтерден қандай әсер алдыңыз?
Риядтағы үш университетке (King Saud University, Arab Open University, Arab East Colleges) кірдік. Бәрі – заманауи, жоғары стандартқа сай оқу орындары. Дегенмен Мединадағы University of Prince Mugrin ерекше ұнады. Біріншіден, бұл жақтағы кездесудің өзі айрықша форматта өтті. 20 шақты студенттік клуб алдымыздан шығып, әркім өз клубын таныстырды. Әдетте ректораттың мүшелері қонақтарды қарсы алып, университет жайлы әңгімелеп береді ғой. Бұл жақтағы студенттердің белсенділігі таңқалдырды. Сосын ректордың өзі тік тұрып қарсы алып сый-құрмет көрсетті.
Айтпақшы, University of Prince Mugrin-ның ректоры мәртебелі профессор Нәбіл Әл-Раже Қазақстанның экс-президентімен де, қазіргі президентімен де таныс екен. Ал енді AlmaU-дың президентімен танысып, президентке сай қонақжайлылық танытқанын абырой деп білеміз.
Алдағы уақытта King Saud University, University of Prince Mugrin-мен әріптестік қарым-қатынас орнатамыз деген ниеттеміз. Сонымен қатар Жиддадағы International Islamic Fiqh Academy-мен екіжақты меморандумға қол қоймақпыз.
–Ислами Фикхтың халықаралық академиясымен әріптестік байланыс орнатудағы мақсаттарыңыз қандай?
Бұл – өте беделді ұйым. Олар қоғамдағы жайттарға, маңызды тақырыптарға Ислам шеңберінен қарап түсінік береді. Бәлкім, AlmaU-да дінтану орталығы ашылатын шығар. Көрерміз.
–Жалпы, Сауд Арабиясына жасалған сапардан қандай ой түйдіңіз?
Арабтар – кәсіпкер халық. Сервистері жоғары. Білімге құмар. Біз барған университеттер осы уақытрқа дейін қазақстандық білім ордаларымен әріптестік қарым-қатынас орнатып үлгермеген. Сонысы таңқалдырды. Бұл олқылықтың орнын толтыратынымызға қуаныштымын. Жалпы, араб әлеміне қызығушылық оянды. Университетімізде араб тілін оқу бойынша бағдарлама құруды жоспарлап отырмыз.