Қазақстан Президенті республика халқына Жолдау арнады
2019 жылдың 2 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.
1.Президент 2020 жылдан бастап 20% мемлекеттік қызметшілердің санын біртіндеп қысқартуға кірісіп, үнемделген қаражатты неғұрлым пайдалы қызметкерлерді ынталандыруға жұмсалу керектігін айтты.
2. Қазақстанда жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, браконьерлік және басқа да ауыр қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет екенін ескертті. «Біз заңнамамызды ізгілендіру ісіне көбірек мән беріп, азаматтардың негізгі құқықтарын назардан тыс қалдырдық»-деп атап айтты президент.
3. Тоқаев Қазақстанда бейбіт акциялар өткізу мүмкіндігі бар екендігі жайлы айтты. «Егер бейбіт акциялар заңның шеңберінен шықпайтын және азаматтарымыздың тыныштығын бұзбайтын болса, бұған түсіністікпен қарап, жиындарды өткізу үшін арнайы орын бөлу қажет. Мұндай орындар қаланың шетінде болмауы тиіс»-деді Тоқаев.
4. «Елімізде азық-түлік пен киім-кешектен бастап, түрлі қызметтерге дейін бағаның жоғары екені жасырын емес. Мысалы, сұранысы жоғары бағдарлар бойынша негізгі әуе тасымалдаушы белгілейтін билеттердің құны неге сонша қымбат?! Оның бағасы Еуропаға қарағанда 30 пайызға артық»-деп Тоқаев өз сөзінде елдегі бағаның жоғары екендігін ескертті.
5. Тоқаев Үкіметке микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды табысқа салынатын салықтан үш жылға босату үшін заңнамалық база әзірлеуді тапсырды.
«Заңнамаға енгізілетін тиісті түзетулер 2020 жылғы қаңтардан басталады, микро және шағын бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуге үш жылға тыйым салу туралы шешімім күшіне енеді»-деп хабарлады мемлекет басшысы.
6. Тоқаев пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алу керектігін айтты. «Мемлекеттен жерді тегін жалға алу құқығына ие болғандардың көпшілігі жерді игермей, босқа ұстап отыр. Елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кетті .Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді»-деді президент.
7. Президент Үкіметке 5 пайыздық қосымша зейнетақы төлемін енгізу мәселесін 2023 жылға дейін шегеруді тапсырды. «Үкіметке 5 пайыздық қосымша зейнетақы төлемін енгізу мәселесін 2023 жылға дейін шегеруді тапсырамын. Кейін бұл мәселеге қайта ораламыз. Осы уақыт ішінде Үкімет, бизнес өкілдері мен сарапшылар мәселені шешудің жолдарын қарастырып, болашақ зейнеткерлердің де, жұмыс берушілердің де мүдделерін ескере отырып, ортақ шешімге келуі тиіс»-деді өз сөзінде президент.
8. Шенеуніктер мен түрлі делдалдарды пайдаға кенелтіп отырған бұл табыс көзін жабатын кез келді. «2018 жылы мемлекеттік сатып алу көлемі 4,4 триллион теңгені құрады, соның 3,3 триллион теңгесі немесе 75 пайызы бәсекеден тыс тәсілмен бір көзден алу арқылы жұмсалған»-деді мемлекет басшысы.
9. Қазақстандықтар әкімдердің жұмысын бағалайтын болады. Сонымен қатар мемлекет басшысы пилоттық жоба ретінде тұрғындар тарапынан жергілікті билік жұмысының тиімділігін бағалау жүйесін енгізу қажет екендігін ескертті. Мысалы, егер сауалнама немесе онлайн-дауыс беру нәтижесінде тұрғындардың 30 пайызынан астамы қала немесе ауыл әкімінің жұмысын тиімсіз деп есептесе, бұл Президент Әкімшілігінің арнайы комиссия құрып, туындаған мәселені зерттеуіне және тиісті ұсыным енгізуіне негіз бола алады-деді.
10. Ішкі істер министрлігін реформалауға алдағы үш жыл ішінде 173 миллиард теңге (446 миллион доллар) бөлуді Тоқаев Үкіметке тапсырды.
11. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылады. «Әрқайсысыңызға мына нәрсені айтқым келеді: мемлекет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін сақтайды»- деді Тоқаев 2 қыркүйектегі Парламент палаталарының бірлескен отырысында.
12. Мұғалімдердің жалақысының өсуі. Тоқаев алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбек ақысын екі есе арттыруды тапсырды. Келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауын Ақорданың ресми сайтынан толық оқи аласыздар.