AlmaU-да алғашқы Отбасылық Бизнес Орталығы ашылды

Жаңалықтар

Қараша 28, 2022

AlmaU-да алғашқы Отбасылық Бизнес Орталығы ашылды

2022 жылдың 25-26 қарашада Қазақстанның отбасылық бизнес қауымдастығы AlmaU-мен, Алматы қаласының әкімдігі және «Атамекен» ҰКП-мен, «Qaynar Bulaq Partners Hub» қалалық кеңістігімен бірлесіп, қазақстандық және халықаралық сарапшылардың қолдауымен Отбасылық бизнес форумын өткізді.

 

Отбасылық компаниялар әр елдің экономикасында ерекше орын алады. Олар жұмыс орындары мен жалпы ішкі өнімді көбейтуге атсалысады. Әлемдегі ең табысты еуропалық компаниялардың шамамен 85%-ы отбасылық бизнеске тиесілі. Өз ісіне деген сүйіспеншілік – мұндай компаниялардың мықты тұсы.

 

 

Форум аясында «Атамекен» ҰКП филиалының директоры Айтуар Қошмамбетов, ҚР Отбасылық бизнес қауымдастығы кеңесінің төрағасы Исакова Яна және AlmaU ректоры Гүлнар Күренкеева Қазақстандағы тұңғыш Отбасылық Бизнес Орталығын ашу туралы келісімге қол қойды.

 

 

Әлеуметтік кәсіпкер, «Smartbalaqai» жобасының авторы Құсайынова Зухра:

Біз балаларға арналған интеллектуалды карталарды жасаймыз. Бұл идея маған ерекше баламның арқасында келді. Бойымдағы қабілеттерді одан әрі аша түсуге жақсы мүмкіндік болды. Енді мен баламды оңалтумен қатар сүйікті ісімді алып жүре аламын. «Smartbalaqai» жобасының сайты және өз әлеуметтік желісі бар.

 

Сондай-ақ  жобамыз мемлекеттік грант иегері атанды. Соның арқасында мен өз ойымды жүзеге асыра алдым. «Smartbalaqai» оңалту орталықтары, балабақшалар, кеңсе тауарлары мен кітап дүкендері арасында сұранысқа ие. Карталар мектеп жасына дейінгі ерекше және дені сау балаларға арналған. Ерекше баланың дені сау баладан айырмашылығы ақпаратты баяу қабылдайды. Карталар интеллектуалдық дамуға, сөздік қорын толықтыруға және баланың сөйлеуін жақсартуға  көмектеседі.

 

Қазіргі уақытта нарықта бәсекелес жоқ. Басқалары балаларға арналған карталарды орыс тілінде шығарады. Біздің жоба тек қазақ тілінде жүзеге асады. Енді карталарды Қазақстанның 5 қаласында сатпақшымыз.

 

Мен үшін форумдарға бару – жаңа мүмкіндік. Іскер адам үшін мұндай орта аса қажет. Себебі өзге кәсіпкерлермен қарым-қатынас, таныстық нәтижесінде жаңа ақпарат пен жаңа тұтынушылар әкеледі. Сондай-ақ инвесторларды тартуға мүмкіндік бар. Мен өз жобамның ауқымын одан әрі кеңейткім келеді.

 

 

Отбасылық Бизнес Форумның мақсаты – Қазақстан Республикасы мен Алматы қаласы тұрғындарының кәсіпкерлік белсенділігін арттыру, отбасылық бизнеске арналған білім беру бағдарламасын жариялау.

Шараға Қазақстанның барлық аймағынан 300-ден астам кәсіпкер, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Форум аясында отбасылық компанияларының көрмесі өтті. Мемлекет қолдауымен шағын орта бизнестегі ұзақ мерзімді даму мүмкіндіктерін құру және Алматы мен Қазақстандағы кәсіпкерлік әлеуетті дамытудың экожүйесін қалыптастыру мәселелері қарастырылды.

 

AlmaU негізінде құрылған орталық отбасылық бизнесті дамытуға және қолдауға мүмкіндік беретін орынға айналатынына сенеміз.

 

Бөліс: