Халықаралық ынтымақтастық:Ауғанстан Ислам Республикасының бас консулдығы мен AlmaU өкілдерінің кездесуі
Халықаралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында 25 қыркүйек күні Almaty Management University делегациясы Алматы қаласындағы Ауғанстан Ислам Республикасының Бас консулдығына барды.Университет атынан Бірінші проректор Алмагүл Канагатова және Ректордың ғылым жөніндегі кеңесшісі Әйгерім Кауменова барды.
Қазіргі таңда Ауғанстан Ислам Республикасынан AlmaU-дың бакалавр және магистр бағдарламасында 6 студент оқып жатыр.
Ағымдағы жылдың 8 қазанында Алматы Менеджмент Университетіне арнайы сапармен Алматы қаласындағы Ауғанстан Ислам Республикасының Бас консулдығының делегациясы қонаққа келді. Шетел қонақтарының құрамында Ауғанстанның Бас консулының міндетін атқарушы, бірінші хатшы Шеряр Мохаммад Осман және мәдени бөлімнің екінші хатшысы Хайдари Фархад мырза болды. Қонақтарды университет тарапынан: AlmaU ректоры Гүлмира Курганбаева, интернационализация және ғылым жөніндегі ректордың кеңесшісі Әйгерім Қауменова, Language Center директоры Әсем Амантай, халықаралық ынтымақтастық басшысы Дарья Нелидова қарсы алды.
AlmaU ректоры Гүлмира Курганбаева атап өткендей, бүгінде университетте түрлі елдердің студенттері арасында өзара түсіністік қалыптасқан. Достастық жағдай Еуропа, Азия және Африка елдерімен тұрақты халықаралық ынтымақтастықтың кепілі болып табылады: "AlmaU-да олар бірлесе оқып өмір сүруде, мұнда басты құндылық ынтамақтастық болып табылады. Бүгінгі таңда сіздердің елден 6 студент білім алуда. Олар үшін барлық жағдай жасалған. AlmaU түлектері болашақта өз елдерінің өміріне белсенді түрде қатысып, осы қағиданы ұстанатынына сенімдіміз. Бұл AlmaU-дың халықаралық университет ретіндегі ерекшелігі".
Ауғанстанның Бас консулының міндетін атқарушы, Бірінші хатшы Шеряр Мохаммад Осман мырза соңғы 20 жылда Ауғанстан билігі жастарды шетелге оқуға белсенді түрде жіберіп жатқандығын айтты, бұл жастарға сапалы білім алуға мүмкіндік беретіндігін атап өтті. Ауған жастарының 5% - дан астамы АҚШ-та, Жапонияда және Оңтүстік Кореяда білім алуда. Сондай-ақ, ол AlmaU-мен басқа да білім беру жобалары бойынша ынтымақтастықта жұмыс істеуге ниет білдірді.
AlmaU ректоры Гүлмира Курганбаева университеттің алты мектебінің жұмысына тоқталып, мамандықтар мен оқытылатын тілдер туралы жан-жақты айтты. Шетелдік талапкерлер үшін жыл сайын өткізілетін халықаралық "Megachance" байқауы қонақтарды ерекше қызықтырды. "Megachance" - бұл AlmaU-да оқуға 100% грант немесе жеңілдік алу мүмкіндігі болып табылады.
Алматы қаласындағы Ауғанстан Ислам Республикасы консулдығының Мәдени бөлімінің екінші хатшысы Хайдари Фархад мырза университет өкілдерінің жылы қарсы алғаны үшін ризашылығын білдіріп, AlmaU қабырғасында оқығаннан кейін ауған жастары өз еліне оралып, мықты мемлекет құруға қолдау көрсететініне өз сенімін білдірді.
Өзінің қорытынды сөзінде Гүлмира Курганбаева Шеряр Мохаммад Осман мырзаны Almau-да дәстүрлі түрде өткізілетін "Елші сағаты" жобасының аясында Мемлекеттік және қоғамдық саясат пен құқық мектебінің студенттері алдында қонақ дәріс оқуға шақырды.
Кездесу соңында қонақтар университеттің ішін аралап танысты және естелікке қатысушылармен суретке түсті.