AlmaU Sharmanov School of Health Sciences ашылды
«Алматы Менеджмент Университеті» (AlmaU) «Денсаулық ғылымдары: әлемдік трендтер мен Қазақстандағы ахуал» тақырыбындағы халықаралық дөңгелек үстел ұйымдастырды. Сонымен қатар AlmaU Sharmanov School of Health Sciences мектебінің тұсауын кесті.
ҚР ҰҒА және РМҒА академигі Төрегелді Шарманов – әлемдік және қазақстандық денсаулық сақтау саласына зор үлес қосқан азамат. Ол дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Леон Бернард атындағы медалімен марапатталған. Сонымен қатар Қазақ тағамтану академиясының негізін қалаушы.
AlmaU ректоры Гүлнар Күренкеева Төрегелді Шарманұлының «Алматы менеджмент Университетінің Құрметті профессоры» атағын алғанын растайтын дипломды табыс етті. 92-ге келген ғалым өз есімімен аталған мектептің ашылуын зор жауапкершілік деп бағалады. Бұл жауапкершілікті үрім-бұтағы да сезінетінін тілге тиек етті.
«Маған жүктелген жүк – ұрпағыма жүктелген жүк. Ал бақыт дегеніміз – сол жүкті алып жүру» деді Төрегелді Шарманұлы.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек видео арқылы мектептің ашылуымен құттықтады. «Мұндай мектептің ашылуы денсаулық ғылымдарына жаңа импульс беріп, Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіне зор үлес қосады. Бүгінгі оқиға қазақстандықтардың өмірін жақсы жаққа қарай өзгертетініне сенімдімін» деді министр.
Шарада белгілі кәсіпкер, AlmaU Қамқоршылық кеңесінің мүшесі Еркін Тәттішев бой көрсетті.
XXI ғасырда денсаулық жайлы ғылымдар жаңа импульс алып жатыр. Өмір сапасы мен ұзақ жасау, ментальды саулық пен психология, нутрициология мен диетология сияқты өзекті мәселелер терең ғылыми зерттеулерге арқау болып қана қоймай халық арасында қызығушылық туғызып жатыр.
Халықаралық дөңгелек үстелге отандық және шетелдік танымал эксперттер қатысты. Литва денсаулық ғылымы университетінің ғылыми жұмыстар бойынша проректоры, Еуропалық комиссияның Кеңесшісі Вайва Лесаускайте денсаулық жайлы ғылымдардың халықаралық трендтеріне тоқталды.
ДСҰ-ның денсаулықты нығайту бойынша консультативтік эксперттер тобының мүшесі Алтын Арингазина жаңа мектептің бағдарламасымен таныстырды. Психикалық саулық мәселелері бойынша ДСҰ-ның Қазақстандағы кеңсесінің ұлттық координаторы Николай Негай ментальды саулыққа айрықша көңіл бөлуге кеңес берді.
Америкалық денсаулық сақтау ассоциациясының мүшесі, Ұлттық дұрыс тағамтану орталығының президенті Алмаз Шарман заман ағымы адам баласына қалай әсер етіп жатқанын, кезінде дала қазағының мәзірі бай болғанын тілге тиек етті. Фитнес-тренер, «Басқа сен» жобасының авторы Валихан Тен биохакинг жайлы сөз қозғады. «Корпоративті береке» халықаралық жобасының жетекшісі Иван Рыбаков қызметкерлер денсаулығының кәсіптің өсуіне қаншалықты әсер ететіні жайлы зерттеулердің нәтижесін бөлісті.