Израиль-Қазақстан: даму бағыты
7 қыркүйекте Астанада ҚР Білім министрі Ерлан Сағадиев Израильдің Білім экс-министрі Моше Шай Пирон және Алматы Менеджмент университеті президенті Асылбек Қожахметовпен кездесті. Кездесуде білім саласындағы екі елдің ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Пирон мырзаның Қазақстандағы екі күндік сапары ҚР БҒМ дәрісінен басталды, ол Израильдің білім беру жүйесінде жүргізілген реформа тәжірибесімен бөлісті. Моше Шай Пирон министр ретінде жоо-ға түсу ережелеріне өзгертулер енгізуден бастап, орта білімді дамытуға байланысты ауқымды реформа жүргізді. Бұл тақырыптар Білім және ғылым министрлігінің енгізіп жатқан өзгерістерін ескеретін болсақ, қазір Қазақстан үшін өзекті мәселе болып табылады.
Шай Моше Пирон мырза өз дәрісін жеке басының тәжірибесінен бастады: «15 жасымда мен алғашқы рет IBM компьютерді көрдім. 22 жасымда бірінші рет көлемі үстелдің жартысындай компьютер сатып алдым. 28 жасымда өзіме тиесілі дербес мобильді телефонымды алдым. Балаларыма алғашқы e-mail-ды 35 жасымда жазып жібердім десем, маған көне заманның адамын көргендей қарайды! Бұрын әр жаңалық 8 ұрпаққа жететін, ал қазір 8 ірі өзгеріс аз уақыт мөлшерінде бола береді. Бұдан нені көреміз? Біз балаларға бүгін оқытып жатқанымыз ертең өзекті бола ма, білмейміз…
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрімен кездесуде Израильден келген қонақ басқа да көптеген қызықты жайларды әңгімелеп берді: «Біз ынтымақтастық болмаса, ешқандай білім болмайтынын түсіндік. Біздің оқушылар 1-сыныптан бастап социум үшін маңызды істерге мән беруге міндетті, ол - әлеуметтік жобалар. Алғашқы кезде кішкентай оқушылар мектеп деңгейінде көмектеседі, келесі кезеңде үлкенірек оқушылар - аудандық деңгейде, үшінші қадамда Мемлекеттік деңгейде көмектеседі»
Әсіресе, Ерлан Сағадиевті израилдықтардың күнделікті өмірге ағылшын тілін ендіру тәжірибесі қатты қызықтырды. «Ағылшын тілін үйрену қажеттілігі туралы айта беру пайдасыз, бұл үдеріске ата-аналардың белсенділігін арттыру керек. Бізге олардың көзқарасын өзгертуге тура келді. Біз қалыптасқан дүниеден тыс ойлауға тырыстық. Мысалы, біз, алғашқыда шағын қалаларда кофеханалар мен кафелерде ата-аналар үшін ағылшын тілі курстарын аштық. Ата-аналар кофе ішіп отырып, ағылшын тілін үйренеді. Ең бастысы, біз олардың ойын өзгерттік. Соның өзінде біз бюджет ақшасын жұмсаған жоқпыз. Сабақтарды жоо студенттері тегін жүргізді, сол баяғы айтып кеткен әлеуметтік жауапкершілікпен байланысты. Студенттер осындай социумға арналған жұмыссыз аттестат ала алмайды. Кофеханалар да бұған қызықты, себебі келушілердің көптігі қосымша табыс алуға себеп болды. Тағы да, мысалы, біздің газеттедер тек қана ағылшын тілінде берілетін айдар пайда болды, осылай біртіндеп оқырмандарды ағылшын әліпбиіне әрі тіліне үйреттік. Біз, тіпті, ағылшын тілінде ас мәзірін дайындайғандарды қолдап, ынталандырып отырдық!» - дейді Израиль білім экс-министрі.
Моше Шай Пирон Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрімен кездескеннен кейін «Хабар» агнеттігіне сұхбат берді, содан кейін астаналық Назарбаев Зияткерлік мектебінде (НЗМ) болып қайтты. Қонақты НЗМ Басқармасы төрағасы Күләш Шәмшидинова және НЗМ басқарушы директоры Айгүл Қазжанова қарсы алып, мектеппен таныстырды. Инновациялық мектептің шәкірттері Пирон мырзадан мектептің бейне жазба студиясында сұхбат алды.
Пирон мырзаның Қазақстанға сапары кезінде 8 қыркүйекте өтетін дөңгелек үстелге қатысу да кіреді. Дөңгелек үстел тақырыбы «Білім берудің келешекке арналған модельдері» деп аталады, атап айтқанда, кәсіпкерлік білім беру моделі. Дөңгелек үстелді ұйымдастырушылар - Алматы Менеджмент университеті (бұрынғы ХБА) және «Атамекен» Қазақстан Ұлттық кәсіпкерлер Палатасы. Қатысушылардың қатарында - ҚР БҒМ өкілдері, университет ректорлары, мүшелері мен басқа да мүдделі тараптар.