Алматыда әлеуметтік кәсіпкерліктің мүмкіндіктері мен мәселелері талқыланды
Алматыда British Council (Британ Кеңесі) және «Шеврон» компаниясы Алматы Менеджмент Университетімен (AlmaU) әріптестік аясында ұйымдастырған «Әлеуметтік кәсіпкерлік (ӘК) тиянақты әлеуметтік өзгерістердің жаңа моделі іспетті» тақырыбында конференция өтті. Конференция мақсаты - әлеуметтік кәсіпкерлік тұжырымдамасын талқылау, тәжірибе алмасу және қатысушыларға үлгі болатындай жетістіктермен бөлісуге, инновациялар жөнінде пікір алмасуға, әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы беталыс пен мәселелерді талқылауға мүмкіндік жасау. Конференция кезінде қатысушылардың назарына (олардың көбі – әлеуметтік кәсіпкерлер немесе әлеуметтік бизнес ашқысы келетіндер) презентациялар, семинарлар, пленарлық мәжілістер, пікір алмасулар және түрлі әлеуметтік жобалар ұсынылды.
«Әлеуметтік кәсіпкерлік – бұл табысты компанияның бизнес моделін қоғамның нақты мәселелерін шешумен байланысқан әлеуметтік модельмен интегралдау мүмкіндігі», - деп, өз сөзінде «Шеврон» компаниясының өкілі Лейла Айтмұханова атап өтті.
«Біз осы конференция Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуына ықпал етіп, әлеуметтік кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйымдардың, бизнес пен мемлекеттік ұйымдардың арасында байланысты нығайтуға көмектеседі деп үміттенеміз»,-деді өз сөзінде Қазақстандағы Британ Кеңесінің «Ньютон – әл Фараби» әріптестік бағдарламасының жоба менеджері Роуэн Кеннеди.
Almaty Management University Президенті Асылбек Қожахметов, аталмыш конференцияның маңыздылығы туралы айта келіп, әлеуметтік кәсіпкерлік пен қайырымдылықтың айырмашылығы жер мен көктей екенін баса айтты: «Питер Дракер (бизнес теориясының негізін қалаушы – авт.): «Егер сіз бизнестің мақсаты кіріс деп есептесеңіз, онда сіз адам өмірінің мақсаты тыныс алу дер едіңіз» деген екен. Иә, кіріс, ауа тәрізді – ол - құрал, онсыз өмір сүру мүмкін емес. Бірақ, шын мәнінде, бизнестің мақсаты құштарлық, қызығушылық: әлеуметтік, патриоттық, жеке басының қызығушылығы. Егер қайырымдылық пен әлеуметтік кәсіпкерліктің айырмашылығы туралы айтатын болсақ, ол өте зор айырмашылық. Қайырымдылық- бұл орта ғасырдағы кешірім жасаудың заманауи бір түрі. Бизнес осындай ауыртпалық түсірмейтін тәсіл арқылы әлеуметтік жауапкершіліктен қашады, қоғамның игілігі туралы тереңірек ойлаудан қашады. Әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысқанда сен жобаға тек ақша құйып қана қоймайсың, сен оған жаныңды саласың, жүрегіңмен берілесің. Біз қайырымдылыққа тап сондай бір қарсы емеспіз, бірақ, меніңше, жауапты, дұрыс тәсілдеме – бұл жүрегіңізді, қолыңызды, волонтерлеріңізді бөліп беру сияқты».
Лондонның әлеуметтік кәсіпкерлік мектебінен Леоне Джаретт осы саладағы мүмкіндіктер туралы айта келе, кәсіпкерлікке, соның іщінде әлеуметтік кәсіпкерлікке теория жүзінде емес, практика жүзінде үйрету керек деді.
AlmaU кәсіпкерлікті және инновацияларды дамыту орталығының директоры Ксения Южанинова: «Келешегі зор деген идеялар университеттерде туындайды, ол идеялардың қаншалықты жүзеге асуы, олардан әлеуметтік тиімділік бар ма, ол бізге байланысты» деді.
Қазақстан ұлттық кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы, ҰКП Төралқасының Әлеуметтік сала және әлеуметтік әріптестік комитетінің төрағасы Талғат Доскенов Қазақстандағы «Әлеуметтік кәсіпкерлік туралы» Заңды» жылжыту жайында айтып берді, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы министрліктер немесе үкімет арқылы әлеуметтік кәсіпкерліктің заң жобасын жылжытатындарын (бұл өте ұзақ жол) немесе депутаттардың бастамасы арқылы тырысып көретіндерін айтып кетті. Өкінішке орай, ҚР (өз тәжірибеміз бойынша) заң жобасы бастамасы мен оның жүзеге асырылуы арасында 15 жыл өтуі мүмкін, кейде одан да көп уақыт өтеді» деді.
Әлеуметтік кәсіпкерлік саласы бойынша конференция қатысушыларының қызығушылығын тудырған презентациялар болды. Мәселен, BI group өкілдері «Ана үйі» жобасы туралы айтып берді, ол панасыз, жақындарының қолдауынсыз қалған жас аналарға, олардың балаларына уақытша баспана болып, жұмысқа тұруларына көмек береді. Астанадан келген Эмин Аскеров тағы да бір әлеуметтік кәсіпкерліктің үлгісі ретінде өрілген жиһаз цехы туралы жобаның тұсаукесерін көрсетті. Талдықорғаннан келген Елдос Баялышбаев мүмкіндіктері шектеулі азаматтар үшін тренажер залын ашқан, ол өз бизнесін қалай дамытқаны туралы форум қатысушыларына айтып берді.
Сонымен қатар, іс-шара аясында әлеуметтік кәсіпкерлер үшін фандрайзинг, қаржы сауаттылығы, тәлімгерлік, маркетинг және нетворкинг бойынша шеберлік мектептері, презентациялар ұйымдастырылды. Жиналғандарға зор әсер қалдырған Ринад Темірбековтің «Фандрайзинг және демеушілік: жобалық тапсырысты дайындау» атты семинары болды. Ринад 45 минуттың ішінде көптеген пайдалы кеңестер беріп үлгерді, әрине, бұның келешек кәсіпкерлерге, әлеуметтік бизнес құратындарға көмегі тиері сөзсіз. Қоғамдық бірлестіктердің, қорлардың өкілдіктері қаржыны қалай алуға болатынын сұрады, олар фандрайзинг, берілген қаржылардың критерийлерімен және басқа да сұрақтар қойды.
Бұдан басқа конференция қатысушыларының AlmaU зертханасында әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша жүргізілген зерттеудің нәтижелерімен танысуға мүмкіндіктері болды. Зерттеудің нәтижелері пікірталасқа негіз болып, Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерліктің мәселелері мен келешегі, мемлекеттің әлеуметтік кәсіпкерлікті жылжытудағы рөлі, әлеуметтік кәсіпкерліктің бизнес үшін тартымдылығы талқыланды.
AlmaU жүргізген зерттеу нәтижелеріне сәйкес қазіргі кезде Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерліктің тұжырымдамасы бойынша ортақ ұғым жоқ, кейде ол жаңылыс түсініктемелерге әкеліп соғады. Осы жағдайды жақсарту мақсатында және әлеуметтік кәсіпкерлікті әрі қарай дамыту үшін түсіндіру жұмыстары әрі практика жүзінде әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысып жүргендердің жобаларын үлгі ретінде ұсыну керектігі айтылды.
Конференция қорытындысы бойынша қарар қабылданды, атап айтқанда:
- күш-жігерді біріктіру керек/ ӘК дамыту саласындағы мүдделі жақтардың жұмысын үйлестіруді күшейту керек (донорлар, мемлекеттік ұйымдар және ҮЕҰ);
-қаржылық емес қолдауды қоса алғанда корпоративті донорлар жағынан көмекті кеңейту, мәселен, менторлық, компанияда жұмыс орнын беру, pro-bono кеңестері және т.б.
- AlmaU –дың әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша зертханасын Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерліктің басты критерийлерін талқылайтын және анықтайтын әдіснамалық алаңқай ретінде қарастыру, ӘК саласы бойынша іс-шаралар және зерттеулер жүргізу, табысты ӘК үлгісіне қарай кейстер дайындау;
- әлеуметтік кәсіпкерлік саласы бойынша қазақстандық сарапшыларды, әдіскерлерді, ғалым-зерттеушілерді дамытуға үлес қосу керек;
- банктер мен дамыту институттарына әлеуметтік кәсіпкерлердің қажеттілігіне қарай қаржылық өнімдер дайындауды ұсыну.