Көздерiнде от ойнар, сөздерiнде жалын бар: AlmaU Жастар форумының ерекшелігі
2022 жылы 2 желтоқсанда AlmaU университетінде «ESG және БҰҰ ТДМ-дағы инновациялық шешімдер мен көшбасшылық» атты жастар форумы өтті. Форумда жаһандық, маңызды тақырыптар қозғалғанына қарамастан шара жарқын әрі көңілді өтті.
10:00. Ректор Гүлнар Күренкеева Жастар Форумын ашты. Өз сөзінде: «Бізде бар нәрсенің барлығын мүлде басқа қалыпта мұра етіп келесі буынға қалдыруымыз керек» деген болатын.
10:05. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек студенттердің тұрақты даму мақсаттарына қызығушылық танытқанына қуанышты екенін жеткізді. Келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
Тұрақты даму – өте маңызды тақырып. Бұған Біріккен Ұлттар Ұйымы төрағасының Тұрақты даму мақсаттары хатшылығының атқарушы директоры Хамбар Бақытгүлдің айтқан мысалдары дәлел. Шетелде тұрақты даму мақсаттары арқасында пайда болған көптеген жоба бар. «Аналар үйі» – сондай жобалардың қазақстандық үлгісі.
Нархоз университеті тұрақты даму ғылыми-зерттеу институтының директоры Брендан Дупри ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. «Қазақстанда 3 жыл ішінде мен барлық сектордың тұрақты дамуға қол жеткізу үшін жұмыс істеп жатқанын байқадым», - деді ол.
Студенттік зерттеулер: харассмент, ауа және мобильділік
AlmaU SDG Legion студенттік клубы қоғам үшін маңызы жоғары тақырыпта зерттеу жүргізіпті. Клуб мүшелері «Қоғамдық көліктегі қыздардың харассментке ұшырауы» мәселесін ортаға салып, зерттеу нәтижесін бөлісті. Статистикалық деректер қуантарлықтай емес. Сондай-ақ, жастар Алматыдағы ауаның ластануы туралы сөз қозғады. Мұнда да жақсы жаңалық аз.
Урбанистика орталығының студенттері Алматыдағы мобильділік мәселелерін зерттеді. Жаяу жүргіншілер ағынын салыстырды. Есептеу үшін Raspberry Pi компьютеріне негізделген есептегіш пайдаланылғанын атап өткен жөн. Олар жаяу жүргіншілердің жер асты жүру жолын 190%-ға көбірек таңдайтынын анықтады. Сонымен қатар Алматы және Астана қалаларында жүргізушілер тапшы екені нақыталды. Себебі үміткерге қойылатын талаптар тым жоғары.
Осы тұста AlmaU ауған қыздарына есігін айқара ашып, сол арқылы үлкен мүмкіндіктер сыйлағанын атап өткіміз келеді. Бұл туралы форумда AlmaU саяси зерттеулер орталығының жетекшісі Даниал Саари айтты. Ал біздің қонақтарымыз – Нархоз университетінің студенттері фито барьердің нәтижесімен қонақтарымызды риза қылды.
Форум барысында уақыт өзекті тақырыптармен зымырап өтті. Сағат 12:00-де ұйымдастырушылар нетворкинг сессиясын ұсынды. Сізге тек QR кодын енгізу жеткілікті. Әрі қарай Форум бетіндегі кездесуге тап болып, өзіңізді таныстыра аласыз. Қонақтар мен қатысушыларға үлкен дастархан жайылды. Одан соң форум жалғасын тапты.
Тұрақты даму мақсаттарына басымдылық беретін компаниялар
12:20. «Air Astana» АҚ сәйкестік және тұрақтылық жөніндегі директоры Юлия Лим декарбонизация жолы туралы айтып берді. Шығарындылардың негізгі үлесі ұшулар кезінде түзілетінін (99%) ескере отырып, компания бірқатар шараларды белгіледі. Олардың жүзеге асырылуы бірінші кезекте СО2 шығарындыларын азайтуға ықпал етеді.
Айта кету керек, демеушіміз «Air Astana» компаниясының көмегімен жастар форумы жүзеге асты. Компанияның шараға өз ұсыныстарымен келгені бізді қуантты. Лим ханымның сұрақтарына дұрыс жауап берген студенттер естелік сыйлықтарға ие болды.
Келесі кезекте сөз Орталық Азиядағы Еуразия қорының әлеуметтік кәсіпкерлік бағдарламаларының директоры Айгүл Тағатоваға берілді. Спикер КЕҰ қаржыландыруды қайдан және қалай алуға болатыны туралы баяндады. Айгүл ханымның екінші жоғары білімді біздің университетімізден алғанын мақтан тұтамыз.
«Қазақстан қор биржасы» АҚ басқарма төрағасы Алина Алдамберген биржаның тұрақты дамуы, ашықтық және жауапты инвестиция қағидаттарын көтеру мәселелерін қозғады. Және қатысушыларға сыйлықтар табыстады. Биржа IFC, PwC, Ernst & Young халықаралық сарапшыларды тарта отырып, эмитенттерге ESG мәселелерін ашып түсіндіру мақсатында іс-шаралар өткізіп отырады.
Спорт, жанашырлық және егіз ағайынды
13:20. Белгілі спортшы Валихан Тен Алматы марафонының тарихын әңгімелеп берді. Ол аудиторияны қызықтыра түсті, көптеген сұрақ қойылды. Мотивация алғаннан соң тыңдаушылар мүлде басқа эмоцияларды бастан кешірді. Өйткені сахнаға «Asar-Ume» қайырымдылық қорының өкілі Серік Қамбарбаев шықты.
Жастар форумы ойға азық, бойға жігер беріп, соңында жанды тебірентті. Форум ұйымдастырушылары спикерлердің мықтылығымен таңқалдырды. Tiktok Yolo house өкілдері Асхат Халимов пен Азат Халимов форум тақырыбы шеңберінен шығып, сол жерде Tiktok-ты дамыту бойынша ұсыныстар берді. Айта кетерлік жайт, жігіттер алдағы уақытта AlmaU-да шеберлік сабағын өткізуге қызығушылық танытты. Университетіміз ұсыныстарға әрдайым ашық. Шынында да, Tiktok – кез келген идеяны танымал етудің қуатты құралы.
Форум аясында Barys Yurt Club Қазақстандағы барыстардың популяциясын қорғау мақсатында құрылған NFT жобасының тұсаукесерін өткізді. Ең қызығы, кейбір студенттеріміз осы қауымдастықтың белсенді қатысушылары болып шықты. Олар қайырымдылық жобамен айналысады. Barys Yurt Club-тың мақсаты – еліміздің нағыз нышаны саналатын қар барыстарының осындай сирек популяциясын сақтауға көмектесу.
AlmaU – кез келген адам өз пікірін ашық білдіре алатын, қолдау және пікірлес адамдар таба алатын сапалы, позитивті орта. Іс-шараны ұйымдастырушы AlmaU Тұрақты даму және ESG орталығының директоры Нұрғалиев Айнар мен шәкірттері жалынды жастардың басын қосуға себепші болды. Сіздердің арқаларыңызда біздің қоғам тұрақты дамиды!
Демеушілеріміз «Air Astana», «Huawei», «Yummy maki», «Aqua rossa» ерекше алғыcымызды білдіреміз! Сіздердің көмектеріңізбен біздің идеяларымыз іске асуда.