Бәріміз домбыра үйренейік!
2015 жылдың 24 қарашасында Алматы Менеджмент Университетінде ( бұрынғы ХБА) қазақ және орыс тілдері кафедрасының «Ұлағат» клубы бастауымен (жетекшісі- Гүлнар Джубанова) студенттер А. Жұбанов атындағы республикалық байқаудың дипломанты, Жүргенов атындағы өнер академиясының түлегі, дарынды домбырашы Андрей Фендриковпен шығармашылық кездесу өткізді.
Андрей студенттерге қазақ тілінің қыр-сырын қалай меңгеріп, домбыра мен гитарада ойнау өнерін қалай шыңдағаны, Құрманғазы, Тәттімбет, Даулеткерей, Дина Нұрпейісова, Нұрғиса Тілендиевтен негіз алған қазақтың аспапты музыка ерекшеліктерін қалай меңгергенін айтып берді.
Жас музыкант ұлттық дәстүрді, өзі орындайтын қазақ шығармаларының мазмұнын терең түсінетінін, жоғары кәсіби шеберлігін көрсетіп, студенттер қауымын таң қалдырды. Андрей студенттерге халық өнеріне тартылып, консерваторияға, филармонияларға, театрларға бару керектігін, студенттік кезден рухани, мәдени дамуға уақыт таба білген дұрыс екенін айта кетті.
Домбырашы студенттермен өзінің шығармашылық туралы ойларымен бөлісіп, музыканттың өнер жолының қаншалықты қиын да қызықты болатынын да жасырмады. Студенттер Андрейге таласа сұрақтар қойды. Оларға әртістің сахнаға шығар алдындағы жай-күйі қызықты болды, домбырашыға кейде концерт немесе дайындық кезінде болатын күлкілі оқиғалар туралы, келешекке шығармашылық жоспары туралы сұрақтар қойылды. Әрине, әзілдеп қойылған сұрақтар, оның жеке өмірі туралы да қызықты сауалдар болды. Музыкант барлық сұрақтарға әзілмен жауап берді, көпшілікке өзінің қазақша жап-жақсы сөйлей алатынын көрсетті.
AlmaU базалық дайындық факультеті деканы Асылбек Нурғабдешев Андрей Фендриковқа ризашылығын білдіріп, қазақ өнерін дамытуға қосып жүрген үлесіне, әсіресе, домбыра өнерін насихаттап жүргеніне, өсіп келе жатқан жастардың бойына өнер арқылы тәрбие беріп жүргеніне алғысын айтты.