Асылбек Қожахметов: «Университет тәрбиелеу функциясынан бас тартса, студент өзін-өзі тәрбиелеуді қолына алады»

Жаңалықтар

Желтоқсан 07, 2022

Асылбек Қожахметов: «Университет тәрбиелеу функциясынан бас тартса, студент өзін-өзі тәрбиелеуді қолына алады»

AlmaU Президенті Асылбек Базарбайұлы М.С. Нәрікбаев атындағы ҚАЗГЮУ университетінде «ХХІ ғасырдағы университет» тақырыбында лекция оқыды. Өз сөзінде ол сапалы білім беру, кәсіпкерлік қасиеттерді дамыту мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталып, ХХІ ғасырдағы университеттің миссиясы туралы айтты.

А.Қожахметов өз сөзін былай бастады: «Мен білім берудің болашағы жайлы өз көзқарасымды бөлісемін. Шын мәнінде, ол солай бола ма, жоқ па, ол сіздерге байланысты. Тіпті, ең алдымен сіздерге байланысты... Мен 50-ден астам елді араладым. Мен ол елдерге барған мақсатым – саяхаттау емес,  сол елдің білім беру жүйесін зерттеу. Себебі академиялық оқуды жақсы көремін».

 

                                     

AlmaU Президенті университет жұмысын ілгерілету бойынша өз тәжірибесін бөлісті. Ол Алматы менеджмент университетінің 1988 жылдан бүгінгі күнге дейін қалай дамығанын айтып берді. Небәрі 200 оқушымен ашылған бизнес-мектеп бүгінгі таңда 5000 студентті біріктірген Қазақстанның үздік кәсіпкерлік университетіне айналғанын атап өтті.

Өткен жылы ашылған Медиа және кино мектебі, Креативті индустрия орталығы туралы да айтуды ұмытпады. Мысалы, Медиа және кино мектебі осы саладағы ең ірі серіктес Қазақфильммен бірлесіп ашылған. Ал университеттің халықаралық серіктесінің бірі Arizona State University-нің Лос-Анджелесте киноакадемиясы бар.

«Адам қандай да бір жетістікке жетуі үшін денсаулығы мықты болуы керек.  Ал денсаулықты тек сыр берген кезде ғана емдемей, 18 жастан бастап оған күтім жасап, ауырмаудың жолын іздеген дұрыс. Сондықтан біз AlmaU Sharmanov School of Health Sciences-ты аштық», - деді А.Базарбайұлы.

Мәдениетті ұрпақ тәрбиелеу, әртүрлі мамандыққа оқыту, ғылыми зерттеу жүргізу, ғалымдарды даярлау – университеттің міндеті. Жоғары білім беру процесін ұйымдастырарда, университетті құрарда ең бірінші студенттің қалауларын ескерген жөн.  Қандай да бір мамандық бойынша білім алу дұрыс-ақ, бірақ әлемдегі өзгерістерге ілесу, адам кім екенін, оған не қажет екенін зерттеу маңызды.

 

Қожахметов мырзаның айтуынша, университет миссиясының үш негізгі бөлігі бар:

 

1. Оқыту.

 

2. Зерттеу.

 

3. Қоғамға қызмет ету.

 

Университеттер өнеркәсіп, бизнес, мемлекеттік құрылымдармен бірлесе жұмыс істеген кезде нәтиже шығаруға болады.  Білім беру саласы психология аспектілерін анықтап, жеке тұлға қалыптастырады. Орта жеке тұлғаның да, қоғамның да жағымсыз психикалық сипаттамаларын түзете алады және түзетуі керек.

 

Білім беру мазмұны туралы үш тұжырымдама бар:​

Білім – билік.

 

Білім – ақыл-ойды тәрбиелеу.

 

Білім – навигация және кеңістік бойынша сауаттылық.

 

Оның айтуынша, студент өзі үшін навигатор болуы керек. Университет тәрбиелеу  функциясынан бас тартса, студент өзін-өзі тәрбиелеуді қолына алады.  Сонда ғана өз біліміне деген жауапкершілікті сезінеді. ХХІ ғасырда өзін-өзі басқара алатын студент қажет.  Тәуелсіз студенттің үш көрінісі:

 

  1. Жауапкершілік.

 

  1. Көшбасшылық. 

 

  1. Дауыс беру құқығына ие.

 

А. Қожахметов сөз арасында болашақта зейнеткерлер AlmaU-да оқуға мүмкіндік алатынын атап өтті.  Заң бойынша 18 жастағы студент пен зейнеткердің құқықтары бірдей. Екеуінің де көшбасшылық қасиеттері мен дауыс беру құқығы бар. Университет тек академиялық білім алатын орта ғана емес, бұл адамның тұлға ретінде қалыптасып, мәдениетін дамытуға ықпал ететін орта.

 

«Бізге білім берудің жаңа мазмұны керек. Тиімділігімізді арттыру үшін жаңа университеттердің санын көбейтуіміз қажет. Әйтпесе, көштің соңында қала береміз», - деді Асылбек Базарбайұлы. Сөз соңын білім мен мәдениетті бірге дамыту қажет деп аяқтады.

Бөліс: