Студенттердің тамақтануы бойынша зерттеу нәтижесі шықты: 41%-ы дұрыс тамақтанбайтынын мойындады

Жаңалықтар

Сәуір 19, 2023

Студенттердің тамақтануы бойынша зерттеу нәтижесі шықты: 41%-ы дұрыс тамақтанбайтынын мойындады

«Денсаулық» Ұлттық қауымдастығы және Алматы Менеджмент Университеті Алматының 18 ЖОО студенттерінің тамақтануы бойынша зерттеу нәтижесін ұсынды.

 

Зерттеудің нысаналы тобына сауалнама жүргізетін волонтер-сұхбат алушы ретінде AlmaU-дың 1-ші курста оқитын 52 студенті «Қоғамға қызмет ету» деп аударылатын «Service Learning» пәні бойынша тартылды. Жобаның сыртқы іс-шаралары 2023 жылдың 10 ақпанынан 10 наурызына дейін өткізілді. Зерттеу әлеуметтанулық сауалнама әдісімен жүргізілді.

 

«Бірінші курс студенттерінің ерікті сұхбат алушы ретінде қатысуы үлкен пайда әкелді. Біріншіден, студенттер сыртта өткізілетін зерттеуге қатысудың жеке тәжірибесіне ие болды, бұл оларға болашақта өз жобаларында  көмектеседі. Екіншіден, зерттеуге қатысу кешегі оқушыларға зерттеу тақырыбын тереңірек түсінуге, дұрыс тамақтанбауға байланысты проблемаларды ұғуға және өздерінің зиянды тамақтану әдеттерін түзеуге көмектеседі», - деді  әлеуметтанушы, «Азаматтық сараптама» ҚҚ директоры, «Денсаулық» қауымдастығының сарапшысы Данила Бектұрғанов.

 

18-21 жас аралығындағы және одан жоғары жастағы 1300 респондентке - 624 ер адамға және 676 әйелге - сауалнама жүргізілді. Денсаулыққа әсер ететін жағымсыз факторлардың қатарына темекі шегу, алкоголь мен есірткіні қолдану (48%), қозғалыссыз өмір салты (39%), теңгерімсіз тамақтану (39%), артық салмақ (25%) жатады.

 

Зиянды азайтуға қандай тәсіл қолайлы деп сұрағанда респонденттердің 25% -ы зиянды өнімдерді сатуға тыйым салуды немесе шектеуді ең жақсы әдіс деп санайды екен. Сауалнамаға қатысқандардың 36%-ы ықтимал зиянды өнімдердегі зиянды компоненттердің санын азайту керек деп санайды, ал 20%-ы мұндай өнімдердің бағасын көтеру керек деп  мәлімдеді.

 

Зиянды азайту амалдары ретінде респонденттер зиянды өнімдерді жарнамалауға тыйым салуды, оларды тасымалдауды шектеу және салауатты өмір салтын насихаттауды күшейтуді ұсынды.

 

Сауалнамаға қатысқандардың 35%-ы денсаулыққа зияны аз өнімдер көп зиян келтіретіндерге қарағанда арзанырақ болуы керек деп санайды. Сауалнамаға қатысқандардың шамамен 62%-ы зиян жайлы ақпарат өнімнің қаптамасындакөсретілуі керек деп санайды.

 

38%-ы үнемі тамақтануға тырысатындықтарын, бірақ кейде толыққанды тамақтануға уақыт таппай, жұмыстарын істеп жүріп асқазандарын алдайтынын айтты. Сауалнамаға қатысқандардың 20%-ы үнемі бір уақытта тамақтанады не керісінше үнемі жолда тамақтанады. Тура солай 20%-дың тамақтану уақыты тұрақсыз екен. 22%-ы уақыт пен ақшаның болуына байланысты әр түрлі тамақтанатындарын жасырмай айтты.

 

Зерттеудің маңызды мәселелерінің бірі тамақтанудың толықтығында. Респонденттерге қандай тағамды жиі алатынын көрсету ұсынылды. 32% дұрыс тамақтануды таңдайды, 39% толық немесе толық емес түскі ас (салат, бірінші және екінші тағам, немесе салат және екінші тағам) ішеді . Сонымен қатар студенттердің 34%-ы көбінесе фаст-фудты таңдайтынын, 19%-ы тек фаст-фудты жейтінін мойындады. Сондай-ақ, 29% тәтті тіскебасарларды тұтынудың жоғары көрсеткіштерін көрсетті. 

 

«Осы зерттеу барысында алынған деректер 2019 жылғы зерттеу деректерінен ерекшеленетінін атап өткен жөн. Фаст-фудты тұтынудың 8%-дан 19%-ға дейін өсуі байқалады; тәтті тіскебасарларды тұтынудың 23%-дан 29%-ға дейін өсуі тіркелді; тәтті газдалған сусындар мен энергетиктерді тұтыну 5-тен 10%-ға дейін өскен Жеміс шырындары мен шәрбаттарды тұтыну да өскен, егер 2019 жылы тұтынушылар саны 20% болса, 2023 жылы 30%-ды құрады. Тәтті шай мен кофені тұтынушылардың саны бірдей болып қалды, 2023 жылы 31% және 2019 жылы 30%», - деп атап өтті дәрігер, «Денсаулық» Ұлттық қауымдастығының төраға орынбасары Гинтаутас-Юозас Кентра.

 

Респонденттер тамақ сатып алу кезінде ең қатты қалап тұрған нәрсесін алатындарын айтты (тәтті немесе тұзды, ащы бір нәрсе және т.б.), мұндай респонденттердің саны 28%-ды құрады. Сауалнамаға қатысқандардың 24%-ы үшін  баға маңызды, 23%-ы өнімдердің балғындығына назар аударады яғни олар қаптамадағы жарамдылық мерзіміне қарайды және тек 15%-ы өнімдердің құрамын маңызды деп санайды.

 

Шамамен 40%-ы денсаулыққа қатысты проблемалар бар екенін атап кеткен - тамақтан улану, асқазан-ішек аурулары, тамақ аллергиясы және т. б. Бұл ретте тамақтануға байланысты проблемалардың туындағанын көрсеткен респонденттердің 68%-ы медициналық көмекке жүгінуге мәжбүр болған.

 

Сауалнамаға қатысқан студенттердің 35% -ы өздерін дұрыс тамақтанамын деп санайды, ал 41%-ы дұрыс тамақтанбайтынын мойындады. 2019 жылғы зерттеумен салыстырғанда дұрыс тамақтанатындарына сенімді адамдардың пайызы 47%-дан 35%-ға дейін төмендеді, ал сенімсіздердің пайызы өзгеріссіз қалды.

«Көбінесе зиянды тәуелділіктер ағзаны улайды және қайтымсыз салдарға әкеледі. Бұл жағдайда адамды босаңсытатын, оған ләззат сыйлайтын алкоголь, тәтті тағам және никотин жаман әдеттер болып табылады. Студенттер арасында зерттеуді өткен жылдың аяғында және 2023 жылдың басында жүргіздік.  Мәселенің әлі де өзекті екеніне, бірақ оң нәтиже барына көзіміз жетті. Біздің мақсатымыз – өскелең ұрпақ арасында жұқпалы емес аурулардың алдын алу және азайту», - деді Алматы Менеджмент Университетінің Саясат және құқық мектебінің практика профессоры Гүлнара Әсемқұлова.

 

Бөліс: