Нұрбек САПАРҚОЖАЕВ, PhD докторы: IT мамандары мықты менеджер болғаны жөн
2015 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Франция Президенті Франсуа Олланд Парижде бас қосып, елдің саяси және іскерлік топ өкілдерімен кездескен еді.
Осы маңызды сапар аясында екі елдің тиісті министрлік өкілдері серіктес елдермен достық пен өзара тәжірибе алмасу бағытында келісімдерге келген. Әсіресе, ақпараттық технологияларды зерттеумен әрі өзара тиімді жұмыс істеу бағытында қол жеткізілген келісімдердің маңызын Алматы Менеджмент университетінің «Білімдегі IT» ғылыми зертханасының жетекшісі, PhD докторы Нұрбек Сапарқожаев ерекше атап отыр. Оның айтуынша, осы сапардан кейін француз компаниялары IT саласындағы бастамаларды қолдауға белсене кірісіп, көптеген жобалардың жүзеге асуына жол ашылып отыр. Сондай-ақ қазақ студенттеріне француз компанияларында кәсіби іс-тәжірибеден өтуге мүмкіндіктер көп.
– Біздің зертханамыз 2015 жылы ашылды. Біз ақпараттық технологиялар саласындағы бағыттарды, жаңа трендтерді зерттеумен және оларды оқу үрдісіне енгізумен айналысамыз, – деп бастады әңгімесін Нұрбек Сапарқожаев. – Қазір біздің бір қызметкеріміз Англияда білім алып жатыр. Шетелде жүрсе де, зертханамыздың дамуына үлес қосып отырғаны қуантады. Сондай-ақ студенттермен де бірқатар үлкен жобаларды жүзеге асырып келеміз, – дейді.
Бұл зертхананың қол жеткізген ең маңызды жобаларының бірі – көлікті карточкамен оталдыруға мүмкіндік берумен қатар, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бастама. Бүгінде елімізде көлік ұрлығы өршіп тұр. Бұл аздай, кейде жаңалықтардан жас балалардың ата-анасының рұқсатынсыз көлікті айдап кетіп, әртүрлі қиын жағдайларға, тіпті жол-көлік оқиғаларына ұшырап жататынын естіп жатамыз. Осы мәселені түбегейлі шешу үшін зертхана өкілдері көлікті ата-анасының рұқсатынсыз жүргізуге мүмкіндік бермейтін, тіпті сырттан келген ұры-қары қандай қулыққа барса да, көлікті орнынан жылжыта алмайтындай карточкалық жүйені ойлап тапқан. Өз кезегінде Нұрбек Пажарбекұлы: «Қазір біз университетімізде студенттермен бірге көлікті карточкамен қосу жүйесін жасап қойдық. Енді, тіпті сырттағы көлікті ұялы телефонның көмегімен қосуға мүмкіндік алып отырмыз. Мәселен, қыста көлікті оталдыру үшін далаға шығу қиын. Ал үйде ұялы телефон арқылы оталдыру оңай. Біздің коммерциялық сигнализация қоятын фирмалардан басты айырмашылығымыз – баға саясатының төмендігі. Біздің зерттеу бойынша, мұндай карточкалық жүйе небары 10 мың теңге тұрады. Ал нарықта сигнализацияны қойдыру 45 мың теңгеден басталады. Бұл – халыққа өте тиімді жүйе. Сондықтан келесі мақсатымыз – осы жұмысты коммерцияландыру. Қазіргі таңда осы жүйеге байланысты патент алуға тырысып жатырмыз. Құдай қаласа, патент алған соң еліміздің автокөлік нарығына шықпақпыз» деп сөзін түйіндейді.
Бір қуантарлығы, бүгінде аталған зертхана ақпараттық технологиялар саласында пайда болған жаңа үрдіс – «интернет заттары» деген ұғымды зерттеумен Қазақстанда алғашқылардың бірі болып айналысып жатыр. Интернет заттары дегеніміз – кез келген затты, ол киім-кешек немесе қарапайым үстел бола ма, кез келген уақытта ғаламтор арқылы басқару. Бұл орайда зертхана жетекшісі: «Елімізде енгізіліп жатқан «Ақылды үйді» – интернет заттарының бір бөлігі деуге болады. Мәселен, үйден тыс жүргенде, микротолқынды пешті немесе кір жуғыш машинаны қалай қосуға болады дерсіз? Мұның өз шешімі бар. Зерттеулеріміз үлкен нәтижелерді көрсетіп жатыр. Қазіргі ең маңызды жұмысымыз – ақылды жүйелерді медицина саласында қолдану» дейді. Бүгінде осындай игі бастамаларды жүзеге асырып отырған зертхана өкілдері үстіміздегі жылдың қараша айында халықаралық «Горизонт» бағдарламасына қатысуды мақсат тұтып отыр. «Біз Франция, Италия ғалымдарымен бұл бағытта ақылдасып кеңестік. Бізден бөлек арнайы пулға кірген алты университет Францияның фармацевтика саласындағы атақты компаниясымен бірігіп, үлкен жұмыстар атқармақпыз. Оның ішінде мобильді роботтар мен технологиялар да бар. Біздің мақсат – виртуалды робот жасау. Яғни біздің университетімізге келген қонақтар үшін жұмыс істейтін виртуалды робот қажет. Алла бұйыртса, жылдың соңына дейін кемінде бір робот жасау ойда бар» дейді Нұрбек Сапарқожаев.
AlmaU университеті өкілдерінің ендігі мақсаты – Инженерлік-менеджмент мектебін ашу. Мұның маңызына ерекше тоқталған зертхана жетекшісі: «Қазіргі таңда ақпараттық технологиялар саласында жұмыс істейтін мамандар көп. Бірақ өкінішке қарай, IT саласында жұмыс істейтіндердің көбі – қарапайым қызметкерлер. Біз университет президентінің қолдауымен жаңа дәуірдегі ақпараттық технологияларды меңгерген жастарды дайындауды мақсат етіп отырмыз. IT мамандары тек қана қарапайым жұмыскерлер емес, мықты менеджерлер болуы керек. Менеджер дегеніміз – топпен бірге жұмыс істеп, жетістікке жететін тұлға» дейді.
Ақпараттық технологиялар дамыған сайын жаңа талаптар шығып жатыр. Жаңа талаптарды қамту мақсатында тиісті оқу орнында ақпараттық жүйелердің негізіне байланысты мамандық ашылған. «Қазір бұл мамандықты игергісі келетін студенттер бізге көптеп келіп жатыр. Ендігі кезекте Білім және ғылым министрінің тарапынан қолдау қажет» дейді PhD докторы Нұрбек Сапарқожаев.
Шыны керек, осыдан он шақты жыл бұрын IT саласында жұмыс істейтін бірен-саран қазақ баласы ғана табылып, жастардың жоғары ақпараттық технологияларды игере алмау мәселесі күн тәртібінде ерекше тұратын. Құдайға шүкір, соңғы жылдары бұл салада қазақ балалары көбейіп жатыр екен. Нұрбек Сапарқожаевтың айтуынша, олардың ішінде талантты да талапты жастар баршылық. Бар мәселе – оларға дұрыс бағыт берумен қатар, технология тілі боп отырған ағылшын тілінде білім беруде екен. Өз кезегінде білікті маман: «Қазіргі мақсатымыз – қазақ балаларының халықаралық деңгейдегі IT маманы ретінде оқыту. Сондықтан біз студенттерді ағылшынша оқытамыз. Себебі дәл осы мамандықты ағылшынша игерген бір бөлек те, қазақша, не орысша меңгерген бір бөлек. Мен ағылшын тілінде сабақ беремін. Ағылшын тілі – технология тілі боп тұр. Сондықтан оның маңызы зор, – дей келе, сөзін былай жалғастырды: «Біз ағылшынша білім алсақ та, қазақтығымызды ұмытқан жоқпыз ғой?! Қазір қуантарлығы, 3, 4 курс студенттерінің ішінде қазақ балалары көп. Оның ішінде дарынды жастардың бары қуантады. Ағылшын тілі ғылым мен технология тілі болған соң, оны игеріп алған абзал. Неғұрлым көп тіл білсең, мүмкіндіктер де көбірек ашылады. Егер жастар француз тілін үйренем десе, оны да үйретуге дайынбыз. Біз қазақтығымызды ұмытпай, керісінше, қазақ елінің дамуына қызмет еткіміз келеді. Сондықтан ағылшын тіліне басымдық береміз. Себебі халықаралық дәрежедегі мамандарды дайындап, мемлекет дамуына сүбелі үлес қосу – біздің мақсат!».